Айыртау аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры А.Жүсіповаға “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты заңсыз пайдаланды деген айып тағылды.
СҚО бойынша Қаржы полициясы департаменті мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында қызмет өкiлеттілігін терiс пайдаланды және қызметтiк жалғандық жасады деген айып тағылған орталық директорына қатысты қылмыстық істі тергеу жұмысын аяқтады. Қылмыстық іс айыптау қорытындысымен прокуратура органдарына берілді.
Тергеу барысында 2012 жылдың 2 сәуірінде Айыртау ауданы әкімдігінің қаулысымен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынған 7 кәсіпорын жұмыс беруші ретінде бекітілгені анықталды. Ал сол жылдың 20 наурызында Жұмыспен қамту орталығының директоры қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалана отырып, аталған кәсіпорындармен олардың жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтитындығы, ал жұмысқа орналасушылардың еңбекақысы мемлекеттің есебінен ішінара төленетіндігі жайында заңсыз келісімшарт жасасқан.
Сонымен қатар, директор “Халықты жұмыспен қамту туралы” ҚР Заңын және тиісті қағидаларды белден баса отырып, төлеуге берілетін шоттарға қол қойып, кәсіпорындардың есепшотына “әлеуметтік жұмысқа орналасқан азаматтардың” ақпан және наурыз айларының еңбекақысы ретінде 1,87 миллион теңгенің қаражатын аударған. Ал шындығында бұл уақыт аралығында бюджет қаржысы аударылған 36 адам жұмыссыз ретінде құзыретті органда есепте тұрмағаны анықталды. Олар, тіпті, мемлекеттік бағдарламаның қатысушысы да болмай шықты.
Осы кезеңде директор көрсетілген қызмет туралы 9 жалған актіге қол қойған. Бұл актілерде де азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етіп жатқандығы туралы жалған ақпарат көрсетілген болатын.
Биылғы жылдың 27 наурызында А. Жүсіповаға айып тағылып, ешқайда кетпеу туралы тілхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
СҚО Экономикалық қылмысқа
және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес департаментінің
баспасөз қызметі.