«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ДОМБЫРАШЫЛАРДЫҢ СОЧИДЕГІ ЖЕҢІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бескөл ауылындағы “Мерей” өнер мектебінің 18 оқушысы Сочиде өткен “Роза ветров” IV халықаралық өнер фестиваліне қатысып, түрлі дәрежелердегі дипломдарды иеленді. Оның ішінде “Ұлттық аспаптар” аталымында өнер көрсеткен домбыра дуэті 1-орынға ие болды. 

Петропавл қаласындағы өнер колледжін бітірген Бибігүл Макимкенованың өнерпаз балаларды баптап жүргеніне 8 жылға таяған. Ол Челябинск қаласындағы өнер академиясын да сырттай тамамдап, екінші диплом алған.  

Бибігүл Қанапияқызының оқушылары бұған дейін де түрлі деңгейдегі өнер сайыстарында биіктен көрініп жүр. Мәселен, Әлішер Сәбитов 2011 жылы Мәскеу қаласында халықаралық “Золотая лира”, 2013 жылы Алматы қаласында республикалық “Рауан” конкурстарында 2-орын алған. Мөлдір Тілейхан республикалық “Сәлем, Астана!” конкурсының жеңімпазы атанған. Былтырғы жылдың соңында Петропавл қаласында өткен халықаралық “Роза ветров” фестиваль-конкурсында да осы оқушылар жүлделі орындарға ие болып, Сочиге жолдама алған.

– Сол жолдамамен Сочиде өткен халықаралық “Роза ветров” өнер фестиваліне қатысып келдік. “Мерей” өнер мектебінен түрлі аталым бойынша барған оқушылардың барлығы да жақсы өнер көрсетті. Әлішер Сәбитов пен Мөлдір Тілейхан Әбдімомын Желдібаевтің “Ерке сылқым” және Құрманғазының “Балбырауын” күйлерін дуэтпен орындады. Сонымен қатар олардың әрқайсысының жеке орындауында 2 күйден өнерлері сыналды. Әлішер Сәбитов Секен Тұрысбековтің “Көңіл толқыны” және Дәулеткерейдің “Түркімен” күйлерін қазылар назарына ұсынды. Мөлдір Тілейхан Динаның “Науаи” және Құрманғазының “Адай” күйлерін орындады. Олардың өнері әділ бағасын алды, – дейді домбырашылардың жетекшісі Бибігүл Макимкенова.  

Көрермендер алдында Валентина Лифашинаның тәрбиелеген бишілері де сүрінбепті. Олар ұлттық және эстрадалық жанрдағы билерді ойдағыдай орындап, 2-орынды иеленген. Лариса Агаджанян жетекшілік еткен балалардың кіші тобының фортепьянода орындаған дуэті мен 9 жастағы Диана Сартаеваның жеке өнері де 2-орынға лайықталды. Ботагөз Мәметованың оқушысы Володя Григорьевтің жеке дауыста шырқаған әні 3-орынға тұрақтады.

Бибігүл Қанапияқызының айтуынша, бұл байқау – “Роза ветров” халықаралық өнер чемпионатының 20 жылдығына орай өткізілген іріктеу сайысы. Оның қазан айында Мәскеу қаласында өтетін қорытынды кезеңіне жеңімпаз оқушылар жолдама алды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp