«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОНЦЕРТ ЖҮРГІЗУШІ НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА — “Көтеріңкі көңіл-күйдің шебері”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қалалық Мәдениет үйінде мәдени шараларды ұйымдастырушылар, концерттік және ойын бағдарламалары жүргізушілерінің “Көтеріңкі көңіл-күйдің шебері” облыстық байқауы болып өтті.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш сайыс облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының ұйымдастыруымен 2002 жылдан бері өтіп келеді. 2 жылда бір рет өткізілетін сайысқа биылғы жылы 15 үміткер қатысуға ниет білдіріпті. Қатысушылардың барлығы – мәдениет саласының қызметкерлері. Сайыс концерттік және ойын бағдарламаларын жүргізуші мамандардың беделін, кәсіби деңгейлерін көтеру, ойын репертуарларын байыту, тәжірибе алмасу және көрермендермен жұмыс жүргізуде жаңаша тәсілдерді қолдану мақсатында ұйымдастырылып келеді.

Әртүрлі мерекелік шараларда тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олармен қызықты ойын түрлерін өткізетін жүргізушілердің қызметі сырт көзге жеңіл көрінгенмен, іс жүзінде әлдеқайда қиын екен. Көрермендердің зейінін өзіне аудартып, олардың бірнеше сағат қатарынан концерттік бағдарламаны бір демде көруіне септігін тигізу үшін жүргізушінің бойында әртістік, шешендік өнер болуы тиіс. Осы сипатқа сәйкес келетін жүргізушілер байқауға көптеп жиналды. Олар түрлі жанрларда өнерлерін ортаға салып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, көрермендерді өзіне баурап алуы тиіс еді.  

Бақтарын сынай келген жүргізушілердің ішінен барлығы да жеңіске үмітті еді. Бірақ бас жүлдені облыс орталығының намысын қорғаған Наталья Дементьева жеңіп алды. Ол көрермендер назарына өзінің “Труляляндия еліне саяхат” атты ойын бағдарламасын ұсынды. Ал бірінші орын алған аққайыңдық Данияр Құстанов “Біз саламатты өмір салтын жақтаймыз” деген ойын бағдарламасын көрсетті. Домбырашы Данияр Құстанов өзін тамаша жүргізуші ретінде таныта алды. Екінші орынды Петропавл қаласының атынан өнер көрсеткен Юлия Долганова иеленді. Үшінші орын шалақындық Жанат Мұхаметжановқа тиесілі болды. Жанат сияқты, бұл сайыста мемлекеттік тілде өнер көрсеткен бірнеше жүргізуші болды. Олар – ақжарлық Сәкен Закарин мен Нұрқасым Хасенов, айыртаулық Көпей Қазбеков, “Ду қол шапалақ” аталымына ие болған Уәлиханов ауданынан келген Сарман Аязбеков те өз бағдарламасын қазақ тілінде ұсынды.

Сайысқа қатысқандар дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp