«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯДА – ХАТШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҢА МЕҢГЕРУШІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіров Петропавлдағы Достық үйінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесіп, оларға өзінің өкімімен тағайындалған хатшылықтың жаңа меңгерушісін таныстырды. 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Бүгін біз маңызды да атаулы оқиға – үстіміздегі жылғы 18 сәуірде болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы қарсаңында жиналып отырмыз, – дей келіп, өңір басшысы этномәдени бірлестіктердің төрағаларына Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының жаңа меңгерушісі Наиль Салимовты таныстырды.

– Наиль Камилұлы 1967 жылы Петропавл қаласында туған. Петропавл педагогика институтын тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1990 жылы облыс орталығындағы №4 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. 17 жыл бойы Петропавлдағы №21 орта мектепте директор болып еңбек етті. Әріптестері мен қала жұртшылығы арасында зор бедел мен құрметке ие. Сіздер оны жақсы білесіздер. Бірнеше жылдан бері “Дуслык” татар-башқұрт мәдени орталығын басқарып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Наиль Камилұлы басшылық және қоғамдық қызметтерде мол тәжірибе жинақтаған.Сондықтан этномәдени бірлестіктер басшыларымен бірге мол тәжірибесін облыстық ассамблея хатшылығының жұмысын жандандыра түсуге жұмсау міндетін қойып отырмын, – деді таныстыру кезінде Самат Сапарбекұлы.

Өңір басшысы кездесу кезінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы құрамында 22 этномәдени бірлестік жұмыс істейтіндігін, аудандарда 103 этномәдени бірлестік бар екендігін атап айтты. Осы қоғамдық ұйымдардың қатысуымен 2013 жылы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге, этносаралық келісімді нығайтуға, облыста тілді, мәдениетті, ұлттар мен ұлыстардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін сақтауға және дамытуға арналған жүз шақты маңызды шаралар өткізілді.

Ассамблея облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды орын алады.

Ресей Федерациясының шекаралас Омбы, Қорған және Түмен облыстарына да жақсы таныс. Ассамблеяның көрші өңірлермен ынтымақтастығының аясы ауқымды және жемісті, жан-жақты байланыс жылдан-жылға кеңейіп келеді. Тілді және халықтың дәстүрлерін дамыту саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға баса мән береді. Ұлтаралық қатынастар аясында жобаларды, сол сияқты әлеуметтік маңызды жобаларды мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асыру үшін 2013 жылы бюджеттен 8 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы сессиясы “Қазақстан – 2050” Стратегиясына арналып отыр. Облыстық ассамблея хатшылығы аталмыш сессияға облыстық делегацияның қатысуы үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Облыс әкімі Самат Ескендіров Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Достық үйін қайта жаңарту жұмысы қолға алынғанын мәлімдеді. Ол үшін “ЗИКСТО” АҚ-ның бұрынғы Мәдениет үйі, қазіргі “Метро” ойын-сауық-мәдени орталығы таңдап алыныпты. Онда бірегей кәсіпорын құру жоспарланып отыр.

Жиында сөз алған бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің басшылары хатшылықтың жаңа меңгерушісіне қолдау көрсетіп, облыстық ассамблея төрағасы облыс әкімінің өңірдегі барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытуға жасап отырған жан-жақты көмегі үшін ризашылықтарын білдірді.

Суретті түсірген

 Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp