Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің ресми сайтында департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшылығының қатысуымен Интернет-конференция өтті.
Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
Оның барысында ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Өміржан Рахымберлин ішкі істер органдарының заңдылықты сақтауы бойынша келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Онлайн-конференция барысында басқарма бастығы ҚР ІІМ-нің бірегей сенім телефоны жұмыс істейтінін хабарлап, петропавлдықтарға оның жұмыс қағидаттары және оған келіп түскен шағымның қалайша қаралатындығы туралы айтып берді. Оның айтуынша, сенім телефонында тіркелген шағымдарды ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері қабылдайды. Кейін бұл ақпар тексеру үшін аумақтарға жөнелтіледі.
Онлайн-конференция барысында сайт пайдаланушыларынан 6 сұрақ келіп түсті. Көбінесе жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің құжат тексеру барысында заңдылықты сақтауы және әкімшілік айыппұлдарды салуына байланысты сұрақтар қойылды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы елді мекенде көлікті себепсіз тоқтатуға болмайтындығын, бұл тек жедел-алдын алу шаралары кезінде ғана орын алуы мүмкін екендігін айтты.
Өміржан Балмақайұлының айтуынша, осындай Интернет-конференциялар тоқсан сайын өткізілетін болады. Жыл басынан бері сайт пайдаланушыларынан Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер органдарына қатысты 50-ге тарта сұрақ келіп түскен.