Петропавлдағы “Қарасай” стадионында Сочидегі Паралимпиада ойындарынан оралған солтүстікқазақстандық шаңғышылар Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренконың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Наурыздың 7-14-і күндері Сочиде өткен Паралимпиада ойындарында 1500 метрлік жекелей сында Қайрат Қанафин биатлон, шаңғы жарысы және спринтке қатысып, 17-ші орынға тұрақтаса, 10 мың метрлік эстафеталық шаңғы жарысында 10-шы орыннан көрінген. Бұл – оның спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткіші.
– Мен шаңғы спринтінде 50 елдің үздік деген спортшыларымен сайысып, бағымды сынадым. Жарыс алдында бойымды қорқыныш пен үрей биледі. Бірақ мен жарыс қорытындысы бойынша алғашқы ондыққа енемін деп өзіме мақсат қойған едім. Сол мақсатқа жету үшін барымды салдым, – деген Қайрат Қанафин жерлестері мен бапкерлерінің үмітін ақтағанына дән риза.
Байрақты додада 1 және 5 шақырымдық шаңғы жарысында 16-шы орынға қол жеткізген мүгедектер арасында шаңғы спортынан ҚР спорт шебері Елена Мазуренко да дайындық деңгейіне сай нәтиже көрсеткенін тілге тиек етті. Сочидегі ойындар оңайға соқпағандығын атап айтқан ол қол жеткізген жетістіктері үшін ең алдымен жаттықтырушылары Иван мен Мария Дробязкоға, содан соң жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.
Паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алған спортшылардың бапкерлердің айтуынша, спортшылар өздеріне жүктелген сенімді ақтап шыққан. Яғни, сайыста 50-ден астам қарсыластың арасынан оза шауып, әлемдегі үздік 20 шаңғышының қатарына енген.
Шара соңында Қайрат Канафин мен Елена Мазуренко алдағы уақытта Оңтүстік Кореяда бастау алатын жазғы Азия ойындарында үстел теннисі, жүзу және шахматтан бақтарын сынап көрмек екендіктерін жеткізді.
(Өз тілшімізден.)