«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІНІҢ ІЗІ ӨШПЕЙДІ, ісі ұмытылмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавлдағы бұрынғы музыка училищесі – бүгінгі “Өнер колледжі” кешені жайлы ойға берілсем, осы оқу ордасын 2010 жылға – өмірінің соңғы күніне дейін басқарған Владимир Кардашов есіме түседі. Сақал-мұрты да, шашы да жаңа жауған, кіршік түспеген қардай аппақ, жүректегі жылы мейірін көрсетіп тұратын әдемі күлкісі кетпейтін, әзілқой, елжанды азаматтың тұлғасы адамды өзіне баурап тұратын. Бет-әлпеті нарттай жанып, аппақ ажарында бөлекше, өзгелерден ерекше жігер-қайрат танылатынды. Сондықтан онымен “Зимой и летом одним цветом” деп әзілдескенімде жанары жарқырап күліп алушы еді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман Петропавлда өтіп жатқан балалар хорының республикалық конкурсына редакцияның тапсырысымен келіп, сол кездегі музыка училищесінің табалдырығын аттаған едім. Қаншалықты қарбалас үстінде болса да, директор мені жанға жағымды әуезімен, әдемі күлкісімен баурап алды. Өзінің өмірбаянымен де, өнерімен де таныстырмады. Әуелі балалардың өнерін бағалауымды қалайтын сыңай танытты. Сол жолғы алғашқы таныстықтан соң мен оның өнер өміріндегі тегін адам еместігін аңғардым.

Есіл ауданында туған өнерлі жас дарын әуелі арман қуып Петропавл музыка училищесіне оқуға түсуге талпынады. Оған бағыт нұсқаған мектептегі ұстаздары екені анық. Өйткені, хорда тұрып ән салғанда дауысы ерекше шығып, көп жұлдыздың ішінде жарқыраған Ай сынды жақсы дарынын бірден аңғартады. Тәңір бұйыртқан сол дарынының арқасында училищені үздік тамамдайды.  

1957 жылы музыка училищесінде ашылған хор бөлімшесінде әуелгіде бар болғаны үш маман ұстаз дәріс беріпті. Бірінші курсқа небары он бір адам қабылданған. Соның бірі – Владимир Кардашов. Ол алғашқы түлектердің де бірі. Марқұм кейін әңгімелесіп жүрген кезімде сол ұстаздары Г. Мусатовты, А. Осиповты, В. Гулевичті асқан бір ілтипатпен есіне алатын.

Кейін ол мұнымен тұрақтап қалмай, Новосибирскінің Глинка атындағы мемлекеттік консерваториясында музыкалық білімін жетілдіріп, хор дирижері мамандығын игереді.

1965 жылдан былайғы оқытушылық ғұмырында облыстағы ғана емес, Қазақстандағы әйгілі хор жетекшілерінің үздігі дәрежесіне көтерілді. Сол жылы ол осында хор сабағы бойынша оқытушылық қызмет атқарды. Ал алты жылдан соң училищенің басшысы болып тағайындалды. Өнерге қосқан үлкен үлесі лайықты бағаланды да. Оған Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді.

Ол училищені басқарып тұрған уақытта облыстың шалғай елді мекендерінен оқитын балаларға жақсы жағдай жасауды ойластырды. Сол мақсатпен 1997 жылы училищенің жанынан “Дарынды балалар мектебін” ашуға қол жеткізді. Өнер ордасының шаңырағын кеңейту үшін қаражат тапшылығының құрсаулап тұрғанына қарамастан, балалар тұрып оқитын интернат ұйымдастырды. Әсіресе, Көкше өңірінен келіп оқитын балаларға мұның ризығы жақсы болды. Осы әнші, күйші, домбырашы балалардың арасында әдебиетке, әсіресе, айтыс өнеріне, ақындыққа бейімділері барын байқаған Владимир Максимович маған өтініш жасап, ұстаздыққа шақырды. Балаларға қолайлы болуы үшін және менің негізгі қызметіме нұқсан келмейтіндей етіп сенбі күндері сабақ өткізуге оқу кестесін ыңғайлап берді. Мен осы міндетті атқарып, Ақмола облысы қайтадан шаңырақ көтергенше қызмет еттім. Өйткені, айтысқа бейім балалардың көпшілігі сол өңірден еді. Өздерінде музыка оқу орындары қайтадан түтін түтеткенде ол балалар Көкшетауға және аудан орталықтарына оралды.

Ал Владимир Максимович ұйымдастырған хор капелласы республикадағы үздік өнер ұжымының бірі атанып, қанша мәрте абырой-құрметке бөленіп жүрді. Облыстық филармонияның камералық хорына жетекшілік етті. Бұл өнер ұжымының орындауында әлемдік классиканың туындалары Кеңес Одағының және Қазақстанның үздік сазгерлерінің шығармаларымен қатар шырқалатын. Қазақтың халық әндерін өзі хорға лайықтап алатын. Хордың репертуары бай еді. Орыс халық әндері, романстар, лирикалық туындылар жанды баурайтын.

Соған қоса ол балалар хорының да жұмысын басқарды.

Осында сабақ берген күндерімде оның қызметін бәз біреулерден естіп емес, өз көзіммен көріп, қайран қалатынмын. Жалықпайтын, бәріне уақыт табатын адам екенін сездім. Мінезі биязы, үнемі күлімсіреп жүретін оның ашу шақырғанын, біреуге зекіп сөйлегенін көрген емеспін. Нағыз бала жанды. Өзі де балдырғандай ақкөңіл адам еді.

Осы оқу ордасының тарихында оның есімі мәңгілік қалады десем, артық емес.

2010 жылғы 10 тамызда жетпіс үш жасында өмірден озған осы бір асыл өнер иесін ақтық сапарға аттандырған күн де көз алдымда. Петропавлдың Достық үйінде марқұммен қоштасуға келген жұртшылық аяқ басар жер қалдырмағандай көрініп еді…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp