«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қанат МЫҢЖАСОВ: “МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ — БАСШЫ ӘДІЛ БОЛУЫ КЕРЕК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ветеринария ғылымының докторы, профессор, академик, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Қанат Мыңжасов – оннан аса ғылыми кітап пен зерттеу еңбегін жазған, біздің елге ғана емес, Ресей мен Моңғолия мемлекеттеріне танылып, көптеген елдердің ұлықтау сыйлықтарына ие болған белгілі ғалым. Ол өміріне серік еткен ғылымның сара жолынан басқа қоғамның тыныс-тіршілігінде өзінің зор адамгершілігімен, кең жүректілігімен, жүктелген міндетті адал атқаратын жауапкершілігімен дараланып көрінген абзал азамат. 1999 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған, 2012 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанған Қанат Ысмайылұлы өзінің осынау кемелденген шағында елі үшін жарқын қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Ғалымды өмір жолы жайында сөзге тартқан едік.

– Қанат Ысмайылұлы, Сіздің осы ғылыми институт ұжымын басқарып отырғаныңызға он жеті жылдан астам уақыт болыпты. Ғалымдардың ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосып отырғандығын бүгінгі жаңа заман көрсетіп отыр. Осы жылдар ішінде атқарылған ауқымды іс-шаралар да көз алдымызда. Ұжымыңызда ғылыммен айналысқысы келетін жастардың көбейгені көңіл қуантады. Осыған қарап, өзіңіздей басшының биік асуларды бағындыруының қандай сыры бар екендігін айтып берсеңіз?

– Өмірдің әр белесіне шыққан сайын “Мен өзім үшін, ұрпағым үшін, елім үшін не істей алдым?” – дей отырып, өткен жолына есеп беріп, алдағы жұмыстарын жоспарлап отыру әрбір азаматтың міндеті болуы керек деп ойлаймын. Мені осы институтқа 1997 жылы басшылыққа тағайындағанда 37 жаста болатынмын. Алматы қаласында өстім, оқыдым, еңбек жолымды да сол жерде бастадым. Кіші ғылыми қызметкерден академик шыңына жетуге дейін өмірден көп нәрсе үйрендім, көргенімді көкейге түйдім. Адамның білімін жетілдіруі мен білуге ұмтылуында тоқтау болмауға тиіс екеніне көз жеткіздім. Инемен құдық қазғандай ғылыми еңбектерімді, сол жолдағы жетістіктерімді елімнің игілігіне жарату менің адамдық борышым деп түсінемін. Бізді әке-шешеміз жастайымыздан өмірді сүйе білуге, оған құштар болуға, жақсылықпен, адалдықпен алға ұмтылуға, ең бастысы, Алланың ақ жолымен жүріп, иманды болуға үйретті. “Ар мен иманды серік еткен адамның әрқашанда жүзі жарқын, жолы ашық болады”, – дейтін анам.

Мен осы институттың тізгінін қолға алғанда алға қойған басты мақсатым – дағдарыспен күресу, келе жатқан нарықтық қатынасқа институт ұжымын, ғалымдарды бейімдеу, мамандардың білім-біліктілігін көтеру болды. Адам санасын тұрмыс билейтіні рас қой. Мен басшылыққа келгенде көптеген жоғары білімді мамандар қызметтерімен қош айтысып, күнкөріс қамымен кетіп жатқан болатын. Оның салқыны біздің институтта да сезіле бастады. Институт ұжымына бұл дағдарыстың уақытша екенін, ғылым мәңгі сақталатынын, оны дамыту арқылы ел экономикасын көтеретінімізді, тұрмысымызды жақсарту үшін тынбай еңбектенуіміз қажеттігін айтып, күн сайын ескертіп отырдым. Институттың ең ал-ғашқы нарықтық табысы әлі есімде. Тәжірибелік учаскеміздің 1 гектар жеріне картоп отырғызып, 140 тоннадай өнім алдық. Бұл өнімді асылтұқымды малға айырбастадық. Бұл малдар институттың тәжірибе алаңында зерттеу жүргізуге қажет болатын. Ақырындап нарыққа көшудің бартерлік әдісінің нәтижесінде мүйізді ірі қара мен шошқалардың шағын фермасын құрдық. Бұл ферма институтқа жыл сайын 1 миллиондай теңге табыс кіргізіп тұрды. Малдарға қажетті жемшөпті өзіміз дайындадық. Бір жолы дайындаған шөбіміз өртеніп кетіп, шығынға батқан кезіміз де болды. Институт қызметкерлерінің негізін ер-азаматтар құрайды. Білек біріксе, бітпейтін не шаруа бар?! Біздің алға басуымыздың сыры ұжымның бірлігі мен татулығының арқасы.  

1998 жылы мамыр айында ҚР Ұлттық академиялық аграрлық зерттеу орталығының бұйрығымен СҚҒЗИ жанынан аспирантура ашып, онда студенттер мен мамандардың күндізгі және сырттай білім алуларына мүмкіндік жасадық. Бұл іске біз бар күш-жігерімізді салдық. Мені алаңдатқан тағы бір мәселе институттағы мамандардың біразында жоғары білімінің жоқтығы және ғылыммен айналысатын қазақ жастарының аздығы болды. Орта білімді мамандармен орта жолда қалуымыз мүмкін деп ойладым. Бұл істің де көп ұзамай шешімі табылды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен “фермер” мамандығы бойынша 13 қызметкерді оқытуға келісім жасалды. Олар институттың қаржысымен тегін оқып, жоғары білім алып шықты. Біразы аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертация қорғады. Бұл бастамамыз өте сәтті болды. Сөйтіп, ғылымға бет бұрған қазақ жастары көбейді. Қазіргі күнде ұжымның жетпіс пайызы – жастар. Олар Германияда, Қытайда, Америкада, Тайландта біліктілігін көтеріп қайтты. Екі-үш тілді меңгерген жастарымыздың ертеңі зор. Олардың білімге, ғылымға деген құштарлығы мені де қуантады. Мен оларға әрдайым ғылымды ешкім қара күшпен бағындыра алмайтынын, оған тек шыдамдылық, ізденімпаздық, еңбекқорлық керек екенін айтып отырамын. Өз қанатымның астына алған талай жас ғылым кандидаты, профессор атанып, ізімізбен жүріп келеді. Мен оларға жетекші ғалым, аға ұстаз болғанымды мақтан тұтамын. Ал ұжымды басқарудағы менің ұстанымым: – басшы әділ болуы керек. Өзім басқарып отырған мекеме менің екінші отбасым сияқты. Өзгелерге де: “Сіздердің екінші отбасыларыңыз – қызмет орындарыңыз”, – деп ескертіп отырамын. Біздің ұжымдағы қызметкерлердің қуаныш-қайғысы бәрімізге ортақ.

2010 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстандағы 23 ғылыми-зерттеу институтының арасында байқау жариялады. Сонда біздің институт “Ең үздік ұжым” аталымына ие болды.

– Ауыл шаруашылығы мамандары біліктілігін жетілдіру мәселесі Сіз басқарып отырған мекемеде қалай жүзеге асырылуда?

– Қазіргі күні ірі агроқұрылымдар болсын, жекелеген шаруашылықтар болсын ветеринар, агроном, зоотехник мамандарына зәру болып отыр. Жастардың басым бөлігі ауылда тұрғысы келмейтіндіктен, өздері қалаған мамандықты емес, ыңғайлы мамандықты таңдайтын болды. Бұл жағдай ауыл шаруашылығының дамуына үлкен кедергі. Бүгінгі таңда шетелден әкелінген малдарды жерсіндіру, инновациялық технология мен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру әдістерін үйрену жекелеген шаруа қожалықтары мен фермерлерге өте қажет. Осы орайда институт жанынан “Қызылжар” білім тарату орталығы ашылды. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісінің ғылыми-техникалық дамуын жеделдету үшін ғылым жетістіктерін насихаттап, оны өндіріске енгізу жүйесін тиімді ұйымдастыру. Агроөнеркәсіп саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру, оларды жаңа технологиялармен таныстыру – біздің институт ғалымдарының төл міндеті. Жоспарлы түрде арнайы курстар ұйымдастырып, мамандарды оқытып жатырмыз, олардың тамақтануы мен жатын орындары тегін.

– Айналаңыз Сізді тек қана ғалым ретінде емес, дініне берік, жұма намазын мешітте жамағатпен бірге оқитын намазхан ретінде де таниды…

– Әрине, барлық істің бастаушысы да, бақылаушысы да бір ғана Алла екенін естен шығармауымыз керек. Менің анам Гүлсім дінге берік, бес уақыт намазын қаза қылмайтын кісі болды. Біз қазақ салтын сыйлап, дәстүрін құрметтеген елміз. Атаның аманатын, бабаның қадірін қастерлеген де – осы текті ел. Өткен ғасырда Аллаға тіл тигізіліп, пайғамбарымызға жала жабылып, бабаларымыздың аманатына қиянат жасалды. “Иманы кеткеннің жиғаны кетеді” демекші, барымыздан айрылып қала жаздадық. Міне, Тәуелсіздігіміздің арқасында етегімізді жинап, еңсемізді тіктедік. Бабаларымыздың арқа сүйер тірегі болған тіліміз бен дінімізге қайта оралдық. Өзіміз ие болған Ислам дінін ұрпағымызға аманат ету – біздің басты парызымыз. Мен жарты әлемді аралаған адаммын. Қай жерге барсам да, алдымен мешітке бас сұғып, садақамды беріп, намаз оқып шығамын. Намаз – адамды Алланың құзырына жетелейтін бір ғибадат. Мұны бәріміз түсінуіміз керек. Жыл сайын ораза ұстап, ауызашар жасап, құрбандық шалу – біздің отбасымыздағы қалыпты дәстүр. Ұлым Дәулет те намаз оқиды. Аллаға шүкір, қазіргі күнде жастарымыз имандылыққа бет бұрды. “Жетім көрсең, жебей жүр” демекші, мен өзімнің сайлаушыларым тұратын Соколов ауылдық округіндегі жетім балаларға арналған мектеп-интернатқа жыл сайын Балалар күнінде сыйлық жасап тұрамын. Өткен жылы қаладағы құлағы нашар еститін мектеп-интернатқа заманауи теледидар алып бердік. Биыл олар Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біздің ұжымның нәзік жандарына арнап тамаша концерт қойып берді. Республикалық, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген олардың өнерлеріне тәнті болдым. Онда тәрбиеленіп жатқандардың көбісі өзіміздің қаракөз балаларымыз екен. Ұжымымызбен ақылдаса отырып, оларға бір миллион тенге көлемінде демеушілік жасауға шешім қабылдадық. Қолдан келсе, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп көмектескенге не жетсін?! Адамның адамдық қасиеті де сонда емес пе?!

– Қанат Ысмайылұлы, Сіз көп жылдық тәжірибеңізге сүйеніп, қазақстандық ғылымның келешегі туралы не айтасыз?

– Қай мемлекетте болсын ғылымсыз өндірістің дамуы мүмкін емес. Біздің тәуелсіз жас мемлекетіміз енді-енді ғана ғылымға көңіл бөліп келеді. Жергілікті жердің табиғи шикізатын пайдаланып, өндіріске енгізетін ғылыми жобалар бар. Қолға алған осындай жобалардың жүзеге асуына, әрине, қаржылық қолдау керек. Одан басқа ұзақ жылдар ізденіс пен еңбекті қажет ететін ғылыми жаңалықты бірден жариялай салу да оңай шаруа емес. Сондықтан да жастарымыздан күтетін үмітім мол. Келешекте өсімдік және мал шаруашылығының дамуына ғылыми ізденістеріміз тың серпін береді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Зағипа АХМЕТОВА,

қоғамдық тілші,

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp