Виктор БОНДАРЕНКО,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Петропавлда футбол мен хоккей ең тартымды спорт түрлері болды.
Сол кездері осы екі түр бойынша облыс құрамаларын Георгий Поротиков пен Николай Старухин жаттықтыратын. Олар басқарған командалар Қазақстанда алдыңғы орындарда болды. Ал Куйбышев атындағы зауыттың “Авангард” футбол командасы КСРО-ның “Миллиондар кубогының” жарыстарына да қатысып, тіпті, Әзірбайжанның Сумгаит қаласында ақтық айқаста да сынға түскен. Рас, ол финалдық кездесуде ұтылып қалса да, екінші орын үлкен жетістік еді.
Өткен аптада аталған екі бапкерді еске алуға арналған жарыс болып, “Жеңіс” спорт кешенінде жасөспірімдер мен ардагерлер алаңға шықты.
Жастар арасында “Жеңіс” БЖСМ футболшылары топ жарды. Қалған екі орынды жарысқа тұңғыш қатысқан Уәлиханов және Тайынша аудандарының ойыншылары бөлісті.
Келесі кезекте ардагерлер Қанат Мұхамеджанов, Виктор Воротынцев, Виктор Сафронов, Владимир Комиссаров, Василий Ушаков, Марат Бектеміров, Николай Баранов, Анатолий Соломин алаңда шеберлік салыстырды.
Бұларға өзге спорт түрлерінің ардагерлері жанкүйер болып, қос бапкердің құрметіндегі футбол мерекесі жақсы көрініске айналды.