“Қазақстан-Петропавл” телеарнасында облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серік Махметовтың қатысуымен “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” және 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламаларын жүзеге асыру тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
2013 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы алаңы 115 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1143 пәтер пайдалануға берілді. Оның тең жартысына жуығы, атап айтқанда, 55,6 мың шаршы метрі немесе 438 пәтер тұрғындардың өз қаржысына тұрғызылды. Ал жалпы іске қосылған қонысжайлардың ішінде жалпы алаңы 19,2 мың шаршы метр 4 жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй тұрғындардың әлеуметтік қорғалған топтары үшін салынды. Сондай-ақ, жалпы алаңы 8,8 мың шаршы метр екі үй жас отбасыларына және жалпы алаңы 13,6 мың шаршы метр екі үй тұрғын үй-құрылыс жинағы жүйесіне қатысушыларға берілді. Оған қоса 5,3 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй және кәсіпорындар қаржысы есебінен 1,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер бой көтерді. Сонымен бірге “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 11,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыста 2012 жылдан бастап “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтқан Серік Махметов құрылыс жұмыстарының төрт бағытта жүргізілетініне тоқталды. Атап айтқанда, олар – жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін, азаматтардың барлық санаттарына және жас отбасылары үшін тұрғын үй-құрылыс жинағы жүйесінде және осы жылдан бастап Қазақстан ипотекалық компаниясы жүйесінде жүргізіледі.
Сонымен бірге, хабарламашы салынып жатқан үйлерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету үшін 2013 жылға 1878,5 млн. теңге қаржы қарастырылып, оған жалпы ұзындығы 26,9 шақырым инженерлік желілер құрылысы жүргізілгенін сөз етті.
– “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық туралы” меморандумға сәйкес 2014 жылы тұрғын үй тұрғызу жоспары 118 мың шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй-құрылыс жинағы жүйесі арқылы тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 2014 жылға кредиттік қаржы қарастырылмаған. Десе де, Петропавл қаласының “Береке” шағынауданындағы 45 пәтерлік тұрғын үйді іске қосуды қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 96,9 млн. теңге бөлініп отыр. Ал кезекте тұрғандардың жалгерлік тұрғын үй құрылысына мақсатты трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 819,0 млн. теңге және облыстық бюджеттен 460,4 млн. теңге қаржы бөлініп, 2014 жылы Петропавл қаласында жалпы алаңы 10,0 мың шаршы метр екі 72 пәтерлік үйдің, Тайынша қаласында және Новоишимка ауылында жалпы алаңы 8,4 мың шаршы метр 50 пәтерлік екі үйдің құрылыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, жас отбасылары үшін жалпы алаңы 13,7 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаржысын іске қосып, “Береке” шағынауданында аз қабатты алты үйді іске қосу ойымызда бар, – деді Серік Қаратайұлы.
Одан кейін хабарламашы “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 689 ауылдық елді мекеннің 352-сі орталықтандырылған сумен жабдықтау желісін пайдаланады, 318-і орталықтандырылмаған жерасты су көздерін тұтынады, ал 19 елді мекенге ауызсуы тасып беріледі. Биылғы жылы 34 сумен жабдықтау нысанындағы құрылыс және қайта құру жұмыстарына 2,93 млрд. теңгенің мақсатты трансферттік қаржысы қарастырылған, оған 168,25 шақырым су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Судан тапшылық көріп отырған жеті ауылға ауызсу құбырлары жеткізіледі, – деді Серік Махметов.
Баспасөз конференциясы барысында басқарма басшысының орынбасарына қойылған сұрақтар тек “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру төңірегінде болды. Басқарма өкілі бұл жайында ауызсумен жабдықтауға бөлінетін қаржының жыл сайын өсе түсетінін, бағдарлама мерзімі аяқталғанша, өңірдің барлық елді мекендерін сапалы ауызсумен қамту міндеті қойылып отырғанын айтты. Ал қалалық су желілерінің мәселелеріне қатысты қойылған сұрақтарға оның қалалық коммуналдық қызмет көрсету аясында шешілетінін түсіндірді.