Жаңа оқу жылы соңына таяп келеді. Араға 1-2 ай салып, Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Бұл мұғалімдер, түлектер және ата-аналар үшін жауапты науқан. Өйткені, осы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі үлкен өмірге қадам басқалы отырған мектеп түлектерінің болашағына жол ашады.
Облыстық Білім басқармасының бас маманы Шекер Жандосованың алдын ала берген деректеріне сүйенсек, ақпан айындағы есеп бойынша өңірімізде 4127 оқушы мектеп бітіреді. Соның 3176-сы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға таңдау жасаған. Ұлттық бірыңғай тест тапсыратындар Қазақстан тарихы, орыс тілі, қазақ тілі (оқу тіліне байланысты), математика пәндері бойынша міндетті түрде сынақтан өтеді. Сонымен қатар бесінші пәнді өздерінің қалаулары бойынша (мамандыққа байланысты) таңдайды. Облысымызда мектеп бітірген түлектердің орташа көрсеткіші 2012 жылы – 78,4, 2013 жылы 77,4 балды құраған.
Биыл да сол деңгейден көріну үшін пән мұғалімдері уақытпен санаспай, оқушыларды ҰБТ-ға дайындау үстінде.
– 10-11-ші сынып оқушыларының көпшілігі алдына жоғары оқу орнына түсем деген мақсат қойып, сабаққа саналы түрде қатысады. Бірақ кейбірі оған мән бермейді, жауапкершіліктері аз. Сондықтан балаларды ҰБТ-ға дайындаған кезде оқуға деген ынталарын қалыптастыруға тырысамын. Математика күрделі пән болғандықтан, оқушыларды тақырып-тақырып бойынша дайындап, өздерінің олқы тұстарын табуға және сол бойынша жұмыс істеуге үйретемін. Балалардың бір-біріне көмегін жиі пайдаланамын. Олар өзгеге көмектесу арқылы өздерінің білімдерін де шыңдайды, олқы тұстарын байқайды, – дейді М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы лицейдің математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Бейнегүл Қоспанова.
Бейнегүл Нұрмашқызы Интернеттен орыс тіліндегі (қазақ тілінде материал аз) тақырыптық тестік тапсырмаларды алып, оқушыларды сол бойынша дайындайды. Мектепте апта сайын бақылау тестілері өткізіліп, онда жіберілген қателерге талдау жүргізіледі. Оқушылармен топпен де, жеке де жұмыс ұйымдастырылады. “Жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, ол нашар оқитын балаларды оқуға түсуге талпындырып, қызығушылықтарын оятып, арасында мақтап отырады. Нәтиже жаман емес, былтырғы оқушыларының математикадан орташа көрсеткіштері 104 балл болған. Биыл да сол межені көздеп отыр.
Тәжірибелі мамандардың айтуына қарағанда, ҰБТ-да оқушылардың төмен нәтиже көрсетулеріне олардың сапасыз дайындығы немесе материалды білмеуі және сынақ кезінде абыржып, білімдерін бір жерге жинақтай алмаулары себеп болады екен. Сондықтан ондай балаларды психологиялық дайындау керек. Ол үшін ҰБТ тапсырғандағыдай жағдайда, барлық талаптарды сақтай отырып, жиі-жиі бақылау тестілерін алған жөн. Сонда оқушылардың психикасы соған үйренеді де, өздерін еркін ұстау дағдысы қалыптасады. Кейбір балалар дұрыс жауап шаршысының ішін бояуға көп уақыт жібереді, бақылау тестілерін алу кезінде осының барлығы ескеріліп, оқушылар жан-жақты дайындықтан өткізіледі. Тіпті, аудиторияны, мұғалімдерді, парталарды, оқушылардың орындарын ауыстырып отырған да тиімді екен. Бұл кейбір алдыңғы орындарға отырғысы келмейтін балалардың қорқынышын жеңуге көмектеседі. Бір қарағанда осының барлығы ұсақ-түйек көрінгенімен, сынақ кезінде маңызы зор.
– Оқушыны тестіге дайындаған кезде есеп шығарудың тиімді жолдарын іздеуге дағдыландырамын. Бала есеп шығаруға отырған кезде мұғалімнің үйреткен әдіс-тәсілдерін есіне алады да, соны тәжірибеде қолданады. Оқушыларға тест тапсырмаларын орындауды алдымен жеңілден бастауға, күрделі пәндерге сосын ауысуға кеңес беремін. Математикада да алдымен жеңіл есептерді орындап, шығара алмаған есепті тастап кетіп, барлығын біткен соң ол тапсырмаға қайта оралған жөн. Бұл тәсіл уақытты үнемдеуге және неғұрлым көп ұпай жинауға жақсы. Оқушыларға өздерінің таңдаған 5-ші пәні маңызды. Сондықтан оны да естен шығармаған дұрыс, – дейді М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы лицейдің 11-ші орыс сыныбының жетекшісі, математика пәнінің мұғалімі Лилия Тютина.
Ұстаздардың сөзіне сүйенсек, көпшілік ата-аналар мен оқушылар ҰБТ-ның жауапкершілігін сезінбейді. Соның салдарынан 11-сыныпты бітіретін оқушылардың кейбірі әлі күнге дейін қандай оқуға түсетіндерін білмейді. Және олардың барлығы жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады. Тіпті, кейбір аудандық мектептерде бақылау тестілерінің көрсеткішін 50 балға жеткізе алмай жүрген оқушылар да кездеседі. Бұл жағдайда бала жоғары оқу орындарына тек ақылы негізде түсуі мүмкін. Сондықтан “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, мектеп – ата-ана – оқушы бірлесе отырып, сынақтың қай түрін таңдаған тиімді екенін ақылдасып шешкендері абзал. Дегенмен, соңғы шешім – ата-ана мен баланың өзінде.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.