“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалында мұғалімдердің өңірлік ән байқауы өтті.
Біржан сал Қожағұлұлының 180 жылдығына арналған музыка-педагогикалық өңірлік шығармашылық ән байқауына облысымыздың әр аудандарынан, Петропавл және Көкшетау қалаларынан үміткерлер қатысып, бақ сынады. Екі кезеңде өткен байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер сырттай сайысқа түсіп, 50-ден астам ұстаздың ішінде облыстық кезеңге 41 өнерпаз жолдама алған.
“Музыкалық шығарма” аталымында өнер таластырған 13 қатысушы Біржан салдың шығармашылығына тікелей қатысы бар күйлер мен халық және заманауи әндер орындады. Біржан салдың әнін нақышына келтіре шырқаған тимирязевтік өнерпаз Еркін Ахмет қазылар алқасы мүшелері мен көрермендердің ықыласына бөленді. Оның өнері жоғары бағаланып, ән-күй пәні мұғалімі I дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
– Мен Петропавлдағы музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат – “Өнер” колледжі кешеніне 9-сыныптан кейін түсіп, 2011 жылы бітірдім. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Тимирязев ауылындағы қазақ мектеп-интернатына жұмысқа орналастым. Ұстаздық етіп жүргеніме – 2 жыл 7 ай. Бұл – менің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым. Жұмысым өзіме ұнайды. Байқауда бірінші орынды иеленгеніме қуаныштымын. Бұл – менің өнер колледжінде алған білімімнің, ондағы ұстаздарымның еңбектерінің зая кетпегенінің белгісі, – дейді Еркін Ахмет.
II дәрежелі дипломдар Ақжар ауданы №1 Ленинград орта мектебінің мұғалімі Гүлнәр Сапарова және Айыртау ауданының Мәдениет орта мектебінің мұғалімі Жазира Рақымоваға берілді. Көкшетау қаласындағы балалар музыка мектебінің ұстазы Асылбек Мұқатай, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ СҚО ПҚБАИ филиалының маманы Алмас Тұрсынбеков және Мағжан Жұмабаев ауданының Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Мекебай Ұнғаев III дәрежелі дипломдарға қол жеткізді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.