Туа сала тағдыр тауқыметін тартып, мүгедектіктің күйін кешкен, бүгінде он екі мүшесі сау адамдардан еш қалыспай білім алып, еңбек етіп жүрген Ақжан Кәріммен электрондық желі арқылы танысып, тілдесудің сәті түсті. Мен осы жігіттің өмірге деген сүйіспеншілігіне, басына түскен қиындыққа мойынсынбай, қарсы тұра білген қайсарлығына тәнті болдым.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ақжан Кәрім дәрігерлердің ағаттық жіберуі салдарынан туа сала балалардың сал ауруына шалдығып, өмір есігін мүгедек кейпінде ашқан. Туғаннан әлжуаз болған баланың болашағынан дәрігерлер еш үміт күтпеген. Ата-анасына да “Баланың тірі қалуы, егер өмір сүргеннің өзінде қатарға қосылып кетуі екіталай” деген. “Бірақ, бақытыма қарай, олар қатты қателесті. Мен тірі қалдым және қазір өзімнің ата-анама, жақындарым мен достарыма қуаныш сыйлап, соларға пайдамды тигізсем деймін”, – дейді Ақжан Нұрланұлы.
“МЕН ДЕ БАСҚАЛАРМЕН БІРДЕЙМІН”
Ол Қызылжар ауданының Леденево ауылында қарапайым отбасында туған. Анасы Күлихан Мырзабекқызы үй шаруасында, әкесі Нұрлан Ақжанның ең сенімді көмекшісі. Ақжан мен бауыры Ержан екеуі егіз.
– Әрине, мүмкіндігі шектелген жан болу оңай емес. Сау адамдардың саған таңдана қарағанын, саусақтарымен көрсетіп, әңгіме қылғанын көрген кезде өзімнің кемдігімді, басқалармен тең емес екенімді сезіну, жүрегімді сыздатқан ауыр сезімімді жеңу оңай болған жоқ. Бала күнімде менің кемдігімді бетіме басып, ренжіткен кездерде: “Неге мен осындай болып тудым?” – деп талай көз жасыма ерік берген кездерім болды. Осындай сәттерде маған деген мейірімдерімен жаралы жүрегімді жұбата білген, түсіністікпен қараған, әр кез қолдау көрсетіп, қолтығымнан сүйеген әке-шешеме алғысым шексіз. Өйткені, олар әлдебіреулер сияқты менен бас тартпай, менің туғаннан маңдайыма жазылған қиын-қыстау шақтарымды бірге бөлісті. Соның арқасында менің балалық шағым қуанышты да жарқын сәттерге толы болды. Әке-шешемнің маған деген сүйіспеншілігі мен жан жылуын сезініп өстім, – дейді Ақжан.
Ақжан Нұрланұлы бастауыш сыныптарды Леденев орта мектебінде сау балалармен бірге оқиды. Бауыр еті баласын тағдырымен бетпе-бет жалғыз қалдырмауды ойлаған анасы Күлихан Мырзабекқызы оған қарау үшін жұмысынан шығады. Мектепке алғаш қадам басқан сәттеріндегі “қалай болар екен?” деген қорқыныш пен іштен жеген үрей баланың жұдырықтай жүрегіне біраз салмақ түсіріп, психологиялық тұрғыда біраз қинаған. Мектепке келіп, балалармен достасқан Ақжанның оқуға деген құлшынысы бойындағы қорқынышты тез ұмыттырып, ол жаңа өмірге тез үйреніп кетеді. “Мен 10 жасар кезімде-ақ ештеңеден қорықпау керектігін, өйткені, мен де басқалармен тең екенімді түсіндім”, – дейді ол.
“ИНТЕРНАТ – ӨМІРЛІК МЕКТЕБІМ БОЛДЫ”
2000 жылы отбасының алдында Ақжанды одан әрі үйде оқыту немесе тірек-қимыл аппараттары зақымданған мүгедек балаларға арналған облыстық эксперименттік мектеп-интернатқа беру туралы таңдау тұрады. Осылайша Ақжанның болашақ өмірі мен тағдыры әке-шешесінің және өзінің түбегейлі шешім қабылдауына келіп тіреледі.
– Интернатта да бірден бөтен ортаға үйреніп кету оңай болған жоқ. Қорқыныш пен қорғансыздық сезімі өне бойымды билеп алды. Өйткені, онда үйдегідей менің әр қадамымды аңдып, ауыртпалығымды бірге көтеріп, бәйек болып жүретін әке-шешем де, бауырым да қасымда жоқ еді. Айналамдағы балалардың бәрі маған бөтен, тек олар да мен сияқты мүмкіндіктері шектелген жандар екендігі сол кезде менің көңіліме медет болды. Біз бір-бірімізбен тез тіл табысып, үйренісіп кеттік, бастапқыдай емес, өзімді жақсы сезіне бастадым. Бірақ, үйді, әке-шешем мен бауырымды қатты сағынатынмын. Демалыс уақыттарында үйге барып тұрдым. Мен интернатта жүріп, төсегімді жинауды, дастарқан жасауды, еден жууды үйрендім. Сенімді, нағыз достарымды таптым. Бір сөзбен айтқанда, бұл менің өз-өзімді қалыптастыруға жағдай жасаған өмірлік мектебім болды, – деп еске алады Ақжан Нұрланұлы интернаттағы алғашқы кездерін.
Интернатта тәрбиеленушілердің қатарға қосылуына зор мән беріледі. Ақжан америкалық ерікті Брайон Тодтың күшейтілген кешендік емдік дене жаттығуларының арқасында үш аяқты арбаның көмегімен жүре бастайды. Бұрын мүгедек арбасынан тұра алмайтын оған үш аяқты арбаның көмегімен болса да өз аяғымен жер басып жүру бақыты бұйырған.
– Бастапқы жүре бастағандағы басымнан кешкен бақыт сезімін айтып жеткізу қиын. Алғашқы жасаған қадамыммен бірге маған: “Осы жетістікпен тоқтама, қанша қиын, ауыр болса да, тек алға жылжы” деген ой келді. Соның нәтижесінде мен қазір балдақпен жүретін жағдайға жеттім. Әлбетте, мен өз-өзіме ризамын, бірақ бұл менің босаңсуыма жол бермеуі керек, – деп өз-өзін қайрап қойған Ақжан өзін бұдан әрі де талай қиындықтар мен жаңа сынақтар тосып тұрғанын біледі. Сондықтан алдағы уақытта оларды да еңсеремін деген сеніммен алға жылжитынын айтты.
“ӨМІР СҮРУДІ ШӘМІЛ ШАҚШАҚБАЕВТАН ҮЙРЕНДІМ”
Петропавлдағы тірек-қимыл аппараттары зақымданған мүгедек балаларға арналған облыстық эксперименттік мектеп-интернатта инклюзивтік оқыту жүйесі енгізілген. Балалар интернатта емес, жалпы білім беретін №13 орта мектепте сау балалармен бірге білім алады. Аталмыш мектепте оқи жүріп, мүгедек балалар қоғамға табиғи жолмен бейімделеді. Оның негізін қалаушы және бірінші директоры Шәміл Шақшақбаев болды. Ол туралы Ақжан Нұрланұлы:
– Шәміл Тауфиқұлы сарқылмас ерік-жігері бар, өмір сүруге және мүгедек балаларға көмектесуге деген құлшынысы зор, ғажайып адам болатын. Өзі мүгедектікті басынан өткерген “Аңыз адам” мүмкіндігі шектелген жандардың мәселелерін бізден артық білетін. Өйткені, ол жүзден астам оталарды, клиникалық өлімді өз басынан өткеріп, біртіндеп екі аяғы мен қолынан айрылған, осындай қиындыққа қарамастан, өмірден түңілуді білмеген, керісінше, өмір сүру үшін күресе білген жан болатын. Және сондай қайсарлыққа өзінің тәрбиеленушілері – біздерді де үйретіп кетті. Ол өзінің ісіне білімі мен білігін ғана емес, бар жан-тәнін салды.
Мен Шәміл Тауфиқұлымен талай рет бетпе-бет әңгімелескен болатынмын. Онымен әр кездесу маған ерекше күш-қуат беріп, бойымда өзіме сенімділік пайда болатын, өмірге құлшынысым арта түсетін. Шын мәнінде, ол бізді өмір сүруге үйреткен, барлығымыздың тәлімгеріміз еді. Оның бір кездері бізге айтқан мына сөздері менің санамда мәңгілік жатталып қалды. Ол: “Әлемде мүмкіндігі шектелген адамдар болмайды, шектелу тек әркімнің санасында болады. Ол үшін мен барлығымен бірдеймін деп, өз-өзіңді қайрап, қиындыққа қарсы тұра білу керек, сонда барлығын жеңіп шығасың”, – дейтін. Қазір ұстазымның осы сөздері менің өмірлік ұраныма айналды, – деген Ақжан Кәрімнің ұстазы – Шәміл Тауфиқұлы 2005 жылы өмірден озды. Қазір қандай да бір мәселелермен бет-бет келген сәттерде оның ақыл-кеңесі жетіспей жататынын айтты.
ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ЖОЛ
2007 жылы мектеп бітіріп, өзінің тұлға болып қалыптасуына бар күшін салған, жақындарындай болып кеткен тәрбиешілері және ұстаздарымен қоштасу жаны нәзік Ақжанға қиынға соғыпты. “Әрине, олармен қоштасу өте ауыр болды, менің бір бөлшегім сол жақта қалып бара жатқандай күй кештім”, – деген ол қазір сол адамдарды асқан ризашылық сезіммен еске аламын, өйткені, олар менің жаңа, үлкен өмірге мол дайындықпен аяқ басуыма зор еңбек сіңірді, – деді.
Ақжан Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих және құқық факультетіне құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша грантпен түседі. Бірақ, университет ғимараты мүмкіндіктері шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайластырылмағандықтан оқуын сырттай бітіреді.
“Өз-өзімді толығымен білім алуға жұмылдырып, табыстарға қол жеткізген кездерімде туғандарым мен жақын адамдарымның менің жетістігім үшін қуанғанын көру, олардың қолдауларын сезіну білімге деген құштарлығыма қанат бітіреді”, – дейді ол.
Университетте алған білімі тегін кетпей, Ақжанның одан әрі әрекет етуіне ықпалын тигізеді. Бірде мүгедектердің мәселелерін талдай және заңдарды зерттей отырып, оған мүгедектерді сауықтырудың кешенді бағдарламасын жасау туралы ой келеді. Осы бағдарламаны дайындауға ол жарты жыл уақыт жұмсаған.
– 2012 жылы университетті тамамдадым, қазір мүгедектер мәселелерімен белсенді түрде айналысып жүрмін. 2013 жылдың 26 наурызында “СҚО белсенді жастары” ҚБ және “Basis” Үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығы” ҚБ қолдауымен “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” заңды тұлғалар қоғамы тіркелді. Оған өзім басшылық етемін. Бірлестіктің құрамына тірек-қимыл аппараттары зақымданған мүгедек балаларға арналған мектеп-интернаттың түлектері енді. Бірлестіктің мақсаты – мүгедек балалардың өз-өздерін қалыптастыруларына, әлеуметтік қорғалуларына, қоғамға бейімделулеріне жағдай жасау, – деген Ақжан Нұрланұлы: “Мен өзімнің өмірлік ұстазым болған Шәміл Тауфиқұлының ер азаматқа тән батыл да қажырлылықпен қолға алған ісін жалғастырсам деймін”, деп өзінің болашақтағы жоспарымен бөлісті.
“МҮГЕДЕКТІК МЕН ҮШІН “ҮКІМ” ЕМЕС,
әлемді басқа қырынан көру мүмкіндігі”
Ақжан шығармашылықпен айналысып, өлең жазады. 2005 жылы Астана қаласында мүгедек балалар арасында өткен республикалық “Көзқарас” фестиваліне қатысып, “Әдеби шығармашылық” аталымы бойынша 1-орын алған. 2006 жылы да осы санаттағы балалар арасында өткен республикалық “Синяя птица” фестивалінде көш бастаған. Шығармашылығына берілген осындай жоғары баға оның болашаққа деген сенімін арттырып, ол өлеңдерін жұртшылық алдында ұялмай оқитын болған, баспасөз беттерінде жариялаған.
Ақжан Нұрланұлы 2013 жылы республикалық “Барлығымыз бірдейміз – кемсітуді білмейміз” конкурсында “Үздік әлеуметтік жоба”, “Алтын қауырсын” аталымдары бойынша жеңімпаз атанады. Ол атқарған істерінің барлығында әке-шешесі, жақындары, тәрбиешілері мен Шамиль Тауфиқұлының қолдауын әрқашан сезінген. Бұл оның алға ұмтылуына күш-қуат берген. “Өзімді түсінетін, керек кезінде қол ұшын беретін, соңымнан еретін адамдар барын сезіну, мені үлкен істерге шабыттандырады”, – деген Ақжан:
– Мен үшін мүгедектік үкім емес, ол әлемді басқа қырынан көру мүмкіндігі сияқты және оны өзгертуге ұмтылу. Менің білетінім: өмір – әлемдегі ең жоғары құндылық. Біз қандай болып тусақ та, бәріміз бірдейміз, ең бастысы өмірден түңілмеу керек. Өмір сүру, өзіңнің сырқатыңмен күресу, қиындыққа мойымай, жақсылыққа ұмтылу, сену керек. Сонда бәрі де өзінің ретімен болады, табыс міндетті түрде келеді. Біз өзімізге және басқаларға да ел қатарлы өмір сүре алатынымызды, қоғам мен мемлекетке пайдамыз тиетінін дәлелдей аламыз деп ойлаймын. Алдағы арманым – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірлерін жақсартып, жайлы ету, – деді Ақжан Кәрім.