«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

34 ЖЫЛДА – 10 МЫҢНАН АСТАМ КОНЦЕРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған өнер ұжымдарының петропавлдықтарды және өңір орталығының меймандарын рухани нәрмен сусындатып, облыс, қала өміріндегі елеулі оқиғаларға, салтанатты той-думандарға арналған концерт беруі дәстүрімізге айналғалы қашан.

Алма БАННЫХ,

Петропавл қалалық Мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы.

Мұндағы вокал және хор топтарының өзі оннан асады. Соған қоса, драма және фольклор ұжымдары құрылған. Би ансамбльдері де өңірдің мақтаныштары екені даусыз. Өнердің осы түрінен біздің өңір елімізде ежелден көш басында келеді. Бұлардың бәрі үнемі шеберліктерін шыңдап, өнер биігіне ұмтылады.

Осындай ұжымдардың қатарында “Движение” хореографиялық миниатюралар ансамблі туралы бөле-жара айтуға болады. Бұл бишілер отауы алғаш шаңырақ көтергелі отыз төртінші жылға айналыпты. Ол Петропавл ауыр машина жасау зауытының жанынан құрылды. Бір атап айтарым, сол жылдары облыс орталығының ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының осындай әйгілі, өңіріміз түгіл, республикамызда би саласында танымал өнер ұжымдары болды. Солардың ішінде С. Киров атындағы зауыттың “Арай” халық би ансамблі, шағын литражды двигательдер зауытының “Карусель” ансамблі және басқа да бишілер топтары көрермендердің ықыласына бөленген еді. Әсіресе, “Арай” мен “Движение” өзгелерге жеңістік бермейтін.

“Арайды” белгілі би білгірі Валерий Хренов баптайтын. Хореографы Мариэтта Ворожбитова да би майталманы болатын.

Осы тұста ауыр машина жасау зауытының “Движение” биші қыздар ансамблі күндіз туған Айдай болып жарқырап шыға келді. Оның шаңырағын арнайы мамандық иеленіп келген және биге жетіктігімен ғана емес, оған бар жан-тәнімен берілгендігімен басқарған, жас арулардың бойында қан ойнатқан Ирина Уақбаева ансамбльді алдыңғы қатарға алып шықты.

Сол жылдары “Движение” көбіне-көп өнер көрсететін Машина жасаушылардың мәдениет сарайы көрерменнен бір босамайтын. Зауыт қамқорлығына алған соң, биші қыздардың әр концертке лайықталып тігілген киімдерінен бастап, қажетті құрал-жабдықтарға дейін ең биік заманауи талғамдарға сай болатын. Ұжым айналдырған бес жылдың ішінде “Халықтық би ансамблі” атағын иеленді.

Бүгінде есептеп отырсақ, ансамбль отыз төрт жылдың ішінде он мыңнан аса концерт берген екен. Осы жылдарда биші арулар облыс орталығының ғана емес, аудандардың да тұрғындарын неше мәрте концерттерімен риза етті. Еліміздің сол жылдардағы астанасы Алматы қаласындағы Республика сарайында да неше дүркін өнер көрсетті. Ол – ол ма, Ирина Уақбаеваның жетекшілігімен бұл хореографиялық миниатюралар ұжымы 1980 жылғы ХХІІ жазғы Мәскеу Олимпиадасында мәдени бағдарламаға қатысып, өнер көрсетті, Кремльдің Съездер сарайында, “Ресей” сарайында концерт берді. Болгария, Сирия, Иордания сияқты шетелдердің де көрермендері қазақстандық бишілерге ризалықпен қол соққанды.

Осы дәстүр қазір де жалғасып келеді. Бүгінде ансамбльге Ирина Сахарчук жетекшілік етеді.

Ансамбльдің сексен адамды құрайтын тұрақты мүшесі бар. Барлығы 5-24 жас аралығын қамтитын топтарда балдырғандардан бастап, оқушылар, студенттер бас қосқан. Соңғы жылдардағы жетістіктерінің өзі ансамбльдің шеберлігін әбден айғақтай алады. Атап айтқанда, 2002 жылы Астана қаласында өткен шығармашылық жастардың “Шабыт” халықаралық фестивалінің екінші дәрежелі лауреаты болып оралды. 2000, 2003 және 2006 жылдары “Петропавл көктемі” халықаралық фестивалінің бірінші дәрежелі лауреаты атағын жеңіп алды. 2004 жылы Ресейдің Златоуст қаласындағы “Евразия-шанс” халықаралық қазіргі заманғы хореография фестивалінде бағын сынап, бас жүлдесін алып қайтты. Ал 2008 жылы Тараз қаласында Дельфий ойындарында алтын медаль еншіледі. Өткен жылы да бишілеріміз Астанада “Салют талантов” деген халықаралық жобаға қатысып, балалар мен жасөспірімдердің фестивалінде бірінші, екінші және үшінші дәрежелі лауреаттар болып, бізді қуанышқа кенелтті.

Бұл жетістіктердің бәрі “Движениенің” бүгінгі құрамының да осал еместігін дәлелдесе керек. Сол үшін мен ансамбльдің көркемдік жетекшісі, би өнерінің айтарлықтай білгірі Ирина Сахарчукке алғысымды айтамын.

Хореографиялық миниатюралар ұжымының балғындар тобы да шеберлік шыңдау үстінде. Оларды Нәйла Мәмбетова би өнеріне баулиды.

Дарынды би мамандары баптайтын “Движение” бишілері алдағы кезде де Қызылжардың даңқын асыра беретініне үміт зор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp