Жамбыл орта мектебінде “МИФ” апталығы өтті. Оған 5-11-сынып аралығындағы оқушылар мен мектеп ұжымы түгел қатысты. Математика-жаратылыстану әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Айдынгүл Маралбекқызының ұйымдастыруымен апталық жылдағыдан өзгеше заманауи үлгіде ұйымдастырылды.
Апталықтың бірінші күнінде “Әлем нақты ғылымдар тілінде” тұсаукесері таныстырылып, тапсырмалар берілді. Онда “МИФ”, яғни математика, информатика, физика пәндерінің күнделікті тұрмыста, өмірде қажеттілігі көрсетілді. 6-9-сыныптар арасында “Озық ойлы дарындылар” атты білім сайысы өтті. 5-сынып оқушыларына “Математика өмірде” атты буклет, 6-сыныпқа – “Математика ғажайыптары”, 7-сыныпқа “Информатика өмірде” атты қабырға газетін шығаруға тапсырма берілді. Келесі күні 6-7-сыныптарда информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Қажатов “Сен білесің бе?” білім сайысын ұйымдастырды.
Жоғары сыныптардың тапсырмалары күрделене түсті. 8-сынып “Математика сырлары”, 9-сынып “Информатика ғажайыптары”, 10-сынып “Физика әлемі” тақырыптарын түрлі тәсілдерді пайдалана отырып, қорғады. 10-сыныптың қорғаған тақырыбы ең үздік деп танылды. Басқа сыныптар жұмыстары да өз бағаларын алды. Апталық барысында ұстаздарға математика, информатика, физика пәндеріне қатысты әртүрлі макеттер жасап әкелу тапсырылып, олар да шараға өз үлестерін қосты. Апталық қорытындысында ұстаздар мен оқушылар 5 топқа бөлініп, “МИФ” дәмханасында сайысқа түсті. Әр топ өзіне “Пифагор”, “Пирамида”, “Трапеция”, “Жұлдыз”, “Smart-Art” деген сияқты атаулар алды. Олар атауларына байланысты өздеріне бөлінген үстелдеріне белгі қойып, безендірді. Дәмхана даяшысы қызметін Айдынгүл Маралбекқызы атқарып, әр үстелге “ас мәзірін” таратты. Топтарға түрлі-түсті геометриялық фигуралар таратылып, олардан әр команда өз шеберліктеріне қарай мазмұнды сурет құрады және оны қорғады. Дәмхана иелеріне, яғни қазыларға “Жұлдыз” тобы жасаған сурет ұнады. Бірінші тағамға “Формула” сорпасы ұсынылып, тапсырма ретінде бөліктерге бөлінген дөңгелек таратылып, онымен үшбұрыштарға жазылған жауаптарды сәйкестендіру қажет болды. Бұл кезеңде 3-ші топ үздік деп танылды. Екінші тағам “МИФ езбесінде” логикалық сұрақтар беріліп, әр топтың жауабы тыңдалды. Бұл бөлімде “Пирамида” командасы озды. Сусын ретінде “Арифметика”, “Математика”, “Кинематика”, “Информатика”, “Тригонометрия” атаулары ұсынылды. Сусын атауларына байланысты кім көп термин білетіндігі тексерілді. “Әзіл-қалжың” балмұздағы тапсырмасында математика, информатика, физикаға байланысты әзіл көрініс көрсету тапсырылды. Әр топ өз шеберліктерін салып осы тапсырманы орындауға тырысты. Соңғы “Өнер” балмұздағында әр топ үйге берілген тапсырма бойынша сайысты. Бұл тапсырмаға “SmartArt” тобы мүшелері: бастауыш сынып мұғалімі Ләйла Атымтайқызы мен шағын орталық тәрбиешісі Фариза Нығметқызы өте жақсы дайындықпен келіпті. Олар математикаға байланысты шығарма өлеңін актерлік шеберлікпен орындап шықты. Көрермендерге де логикалық есептер шешуге тапсырмалар беріліп отырды. Кеш соңында қатысушыларды мектеп директоры марапаттады.
Тілек ӘБІЛДИНА,
Жамбыл орта мектебінің
математика пәнінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.