Тоқтар ЗІКІРИН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
ТҰҢҒЫШ
НЕМЕРЕМЕ
Туғанда тұңғыш немерем,
Кең дүниеге тырбанып.
Қуаныш еді-ау не деген,
Кетті ғой жаным нұрланып.
Аңсатқан туды-ау құлыным,
Құдайым берді-ау Арланды.
Менің де сөйтіп ғұмырым,
Болашаққа енді жалғанды.
Жеті атадан жалғызбын,
Жалғыз-ақ ұлға әке едім.
Үзілмейтіндей мәңгі іздің,
Мен дағы білдім не екенін.
Үзілмес енді тірлігім,
Жасарып қайта кеттім мен.
Тілемейді, сірә, ұлды кім,
Ізбасар тұяқ деп білген?!
Қанатын қағар құстаймын,
Толысып күшім, дәрменім.
Тізгінін аттың ұстайтын,
Арланым енді бар менің.
Екеу болды ғой бір ұлым,
Көшім бар жолда қалмайтын.
Аман болсыншы құлыным,
Атаның жолын жалғайтын!
УIЛДЕТТIҢ YЙIМДI
Ұғасың ба күйімді,
Маған бақыт бұйырды.
Жібердің ғой, құлыным,
Уілдетіп үйімді.
Сөйлемейсің, бірақ та –
Уілің бар құлақта.
Тәңірімнен тілеймін,
Деп өзіңді жылатпа?!
Уілдей бер, гулей бер,
Бәйшешектей гүлдей бер!
Қуанышқа кенелткен,
Сен екенін білмей ме ел?!
Сені көптен тостық қой,
Иіскетсеңші қаңсытпай.
Аңқамызды қандырған –
Екі шекең торсықтай.
Ұрпағыма сүйінген,
Осы шаттық күйіммен,
Жаным байыз табады,
Үйімдегі уілден!
ӘЛІ КӨҢІЛ – ҚИЯДА
Жастық өтті дегенмен,
Адам жаны тозар ма?
Өзім сүйген өлеңнен,
Әлі іздеймін жаңа арна.
Күмбірлеген күй көңіл,
Қояр емес төгілмей.
Жыр музасын сүйген ұл
Жазбайды өлең егілмей…
Сезім қылды дәл басып,
Іңкәр жүрек шөлдейді.
Үміт-күдік арбасып,
Жанға тыным бермейді.
Тебіренем, толғанам,
Әлі көңіл – қияда.
Айтылмаса арман ән,
Көкірекке сыя ма?
Сыр аулаймын самалдан,
Сағынышты селдетем.
Таңғы нұрдан жаралған,
Сәби жырды тербетем.
Кеудеме алтын Күн қонып,
Қайта маздап жанамын.
Өмір-парақ күнделік,
Жаңарғандай жазарым.
Жастық өтті дегенмен,
Адам жаны тозбайды.
Іңкәр жүрек өлеңмен,
Тек өлеңмен маздайды.
ШИРЫҒУ
Құс қанаты талған шығар қиялдың,
Сөз інжуін енді қайтып жиярмын?
Жазғандарым – жүрегімнен шықпады-ау,
Тірі жүріп, жер басуға ұялдым…
Сезім – селдің толқынына тұншықтым,
Құрсауынан шыға алмадым қырсықтың.
Бұрынғыдай лаулап жана алғам жоқ,
Жанға мұңлы пілте шамды бықсыттым.
Көңіл өзі құлазыған түз дейін,
Тұман кешіп тұнығымды іздеймін.
Керек шығар осындай да ілкім сәт –
Оралғанда аңсап келіп біз кейін?!…
Ширығу ма, тоқырау ма, әлде бұл –
Балана ма басқашалау мәнге бір?
Десем дағы, енді тола қоймастай,
Мүлде ортайып қалған қаяу қам көңіл?!
Осы сәтте жан күйімді біле бер,
Жетер болса, айтар сөзім тіл егер:
Күлден шыққан Күлшеқұстай тіріліп,
Муза Тәңір, сен езілме, түрегел!!!
КІНӘЛАМА СЕН МЕНІ
Жаным, мені кінәлама,
Кешіргін –
Өтіп кетті-ау жастық деген есіл күн.
Жүрегімде мәңгілікке сақтаулы,
Өзіңді емес,
Өзімді ғой өшірдім?!
Енді мейлі мені қанша сағындыр,
Жүрегімнен төгілмейді лағыл жыр.
Адастырып,
Жапан түзде қалдырып,
бірте-бірте көшіп кетті сағым қыр…
Өтіп кетті есіл күнім,
дәуренім,
Таба алмаспын оның енді дәуде емін?!
Алаулаған жалын емес,
енді мен –
қалт-құлт жанған пілте шамдай сәулемін…
Тым еңкейіп бара жатыр іңір күн,
Іңір күнге мен де, жаным, іліндім…
Жұпарына қана алмадым, қайтейін
Сендей іңкәр ғашық болған гүлімнің?!!
Өкінбеймін,
еш өкініш жоқ менде,
Қамсыз, мұңсыз жүр ғой осы көп пенде?!
Жүректегі сағыныштың көз жасын,
Қайта сүртіп керегі не кепкенде?
Ақырғы рет шынымды
айтып, шешілдім,
Соным үшін,
жаным,
мені кешіргін.
Саған енді түспесін
деп көлеңкем,
Мен өзімді
мәңгілікке өшірдім!
ТІРЛІКТІҢ СЫЗЫҒЫ
Құлазыған кейде бір күйге енесің,
Қапа-мұңға сөйтіп те үйренесің.
Отқа күйген ормандай жұтап қалған,
Қиын екен достарың сирегесін.
Отыратын көгалда малдас құрып,
Табылмайтын осы күн жолдасты ұмыт.
Ұры түскен құрттай боп бойдағы індет,
Алып жықты көбісін жамбасқа ұрып.
Алпыс жастың бер жағы, ар жағынан,
Тәңірім, терең болды-ау, қазған ұраң.
Асылық та болмасын, Құдай берген –
Аса алмаймыз тағдырдың жазғанынан.
Шеңбері бар, тірліктің сызығы бар,
Жазып қойған Тәңірдің құзыры нар.
Жарық күнді қимайтын пендесінің,
Тылсым сыры осы ғой біз ұғынар.
Көрер таңды алдағы қылып тәуба,
Асау өмір көндікті-ау құрықтауға.
Үркердейін азайып қалғандықтан,
Қажеті не сақалды қылып сауда?!
Қалмаған соң лаулатып, маздатарың,
Ерте атқаны не пайда жазда таңың?!
Өткіншісін өмірдің еске салып,
Сиреп бүгін барады өз қатарың.
Жоғалатын күні ертең ізі құмда,
Өткен шаққа ұқсаймыз біз ұғымда.
Тәңір берген тауысар Күн жарығын,
Тұрмыз енді тірліктің сызығында!..
АУЫЛДАСТАР АМАЛСЫЗ КӨШІП ЖАТЫР
Үміт жібі үзіліп, кесілді ақыр,
Бірте-бірте шамдары өшіп жатыр.
Қимаса да туған жер топырағын,
Ауылдастар амалсыз көшіп жатыр…
Кезінде ғой ауылым керім едің,
Болатұғын суың – бал, жерің – егін.
Кіндік кескен жерімнің күйін көріп,
Іштей жылап боздаймын, егілемін.
Сорақыға көндіксін сана қалай,
Қойсын ба ол жанымды жараламай?
Жоғалттым-ау ауылды жүрегімнен,
Жарқыраған шамдары самаладай…
Қурай ызып тұрғанда есік алды,
Бүгінде оның жоғалмай несі қалды?
Қалды ауылда жұтаң жұрт, кәрі-құртаң,
Әлдеқашан әлділер көшіп алды.
Осы ауылдан бәріміз күш алып ек,
Тұратынбыз сағынып құшағын от.
Бұрынғыны қазірде елестетер,
Көзге түсер бірде-бір нысаны жоқ.
Алғасын да жоғалтып қолда барын,
Ауылда ажар көреміз қалмағанын.
Қала кезіп, тентіреп жүр жастары,
Сырттан іздеп ырысын, жан бағарын.
Кім түзейді енді оның шетен кейпін,
Қалар бізге қарыз боп өтелмейтін.
Сиқы қалмай барады-ау ауылымның,
Думан тойлы, шат көңіл мекен дейтін.
Шау тартады шаңырақ, оттың басы,
Елу асып кеткесін көптің жасы.
Жөргек иісі шықпайды нәрестенің,
Шілдехана тойлары жоқтың қасы.
Кәрі тістей кемтілген көшелерден,
Сенбейтіндей секем жел есе келген.
Енді ауылдың гүлденіп кетпесі анық,
Үйіп-төгіп уәде бер неше жерден.
Ауылдастар амалсыз көшіп жатыр,
Бірте-бірте шамдары өшіп жатыр.
Топырақты киелі қан жылатып,
Көшкен жұртта қаңсыған
бесік жатыр…
ҚЫС АЯҒЫ ҚЫСЫП ТҰР
Қыс аяғы биыл тіпті қысып тұр,
Аяз қатты,
бетті қарып үсік тұр.
Тәңір бетін аулақ қылсын, қауіпті –
Қалар болсаң борасынға түсіп бір…
Ақпан осы ақыратын тоңдырып,
Деген рас-ау,
Тұрған жоқ қой оңдырып.
Жаяулатып жел бораған кезінде,
Тіпті мүлде болмайды екен жол жүріп.
Қарашада түскен ақ қар сіресіп,
Қатып қалған, қыс пен көктем тіресіп.
Қойныңа еніп, қалтыратқан денені,
Солтүстіктің суық желі тұр есіп.
Мұртқа қонған сүңгі мұзы бармақтай,
Ақпан өтпей,
қатып солай қалмақ па ай?
Қыс аяғы, тіпті, қысып кетті ғой,
Көңіл нұрын көктеміме жалғатпай…