«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЛАУЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мектепте оқып жүрген кезімде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі немесе полиция қызметкері болуды алдыма қойған мақсатым болды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге оқуға түсіп, 2009 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алдым.

Гавриловка ауылында аралас мектеп болды. Бірақ қазақ сыныбына ауысқым келгенмен, анам жібермеді. “Алынбайтын қамал жоқ” дегендей, мен қашан да ойға алғанымды орындап шығу үшін барынша тырысамын. Сол табандылығымның арқасында бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп жүрмін. Менің таңдаған мамандығымды игеріп әкететініме күмәнмен қарағандар болды. Бірақ мақсат қойған адам бәрін де жеңеді. Оқуға түстім, үйрендім. Тілді үйренуге қазақ достарымның да көмектері болды.

Жоғары оқу орнына түскен кезде қатты қиналдым. Менің тобымдағы 30 студенттің 10-ы өзге этнос болған, соның екеуі оқуды тастап кетті. Ұстаздар өзге этнос өкілдерінің тілдерін дамытуға баса назар аударып, студенттердің сөйлеу әрекетіне жоғары талап қоятын. Кезінде қиналсам да, қазіргі жұмысымда ұстаздарымның тәжірибесін өз сабақтарымда қолданамын.  

Материал түсінікті болу үшін сабақты орысша-қазақша араластырып жүргіземін. Өйткені, көпшілігі мәтінді оқығанмен, мағынасын түсінбейді. Сөздікпен көп жұмыс істеймін. Түрлі деңгейдегі мәтіндерді аудартамын. Балаларды сауатты жазуға үйретуге көп назар аударамын. Ол үшін сөздік диктанттарын жиі жазғызамын. Қазақ тіліндегі әріптердің жазылулары мен дыбысталуларына баса көңіл бөлемін. Оқушылардың өз ойларын дұрыс жеткізулері де маңызды. Балаларға нақты тапсырма беремін, олар әрі қарай өз ойларымен жалғастырып, дамытады. Сабағымда өзім дайындаған дидактикалық материалдарды, сөзжұмбақтарды, ребустарды жиі қолданамын.

Өзімнің біліктілігімді жан-жақты арттыру үшін түрлі педагогикалық басылымдар мен Интернетті пайдаланамын, тілімді дамыту мақсатында облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетіне жазылып, соны оқимын.

Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, өзімнің қазақ тілін білетінімді мақтан етемін. Меніңше, қазақ тілін білу қалыпты жағдай.

Ирина СЕДОВА,

Возвышенка орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Ғ. Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp