Елордада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына орай М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Музыка пәндері” кафедрасы Достық үйінде “Солтүстік Қазақстан облысының орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің филиалымен бірлесе “Өнер халықтарды біріктіреді” фестивалінің аясында өңірдің жастарымен шығармашылық кеш өткізді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Дарынды жастардың басын қосқан кеште М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Музыка пәндері” кафедрасы мен Петропавлдағы өнер колледжінде оқитын болашақ кәсіби музыканттар ән мен биден шашу шашты. Сахна шымылдығын жоғары оқу орнының “Шертер” халық фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашты. Құрманғазының күйін, Ақан серінің “Балқадиша” әнінің әуенін де ұлттық аспаптардың сүйемелдеуінде орындады. 1999 жылы құрылған ансамбль тағы бір әнді көрермен назарына ұсынды. Шәмші Қалдаяқовтың белгілі “Теріскей” әнін аталмыш жоғары оқу орнының студенті Медет Ибадуллаев шырқады.
Сахна төріне Петропавлдағы өнер колледжінің студенттері көтерілді. Олар да жоғары оқу орнының өнерлі жастарынан қалыс қалған жоқ. Скрипкашылар ансамблінен кейін концерттік бағдарламаны “Туған жер” әнімен колледждің соңғы курс студенті Ғалымжан Нұрпейісов жалғастырды. Өнер ордасының түлектері де әннен шашу шашты. Қазіргі таңда облыстық филармонияда қызмет ететін Радик Синтиков пен Бахыт Ілиясов артынан ерген өнерлі жастарға өз тілектерін білдірді
Жоғары оқу орнының жанынан 2007 жылы құрылған “Меллос” ансамблі мен студенттік хор да бірнеше ән орындады.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.