Уәлиханов ауданындағы Жамбыл орта мектебінде тарих-география апталығы өтті.
Апталықтың алғашқы күнінде “Қазақстан – 2050” Стратегиясының жаңа логотипін түсіндіруге арналған қысқаша баяндама оқылып, 5-7-сыныптар арасында “Бала құқығы туралы халықаралық конвенция” бойынша “Сенің құқығың қандай?” шарасының өтуіне мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі Тоқтас Әбілдин ұйтқы болды. Сондай-ақ, Тоқтас Қайырұлының басшылық етуімен 8-9-сыныптар арасында ұйымдастырылған “Діншілдік бағыттағы экстремистік және лаңкестік ұйымдар” пікірсайысы тартысты өтті. Оқушылар “Саясаткерлер”, “Тарихшылар”, “Әдебиетшілер”, “Құқықтанушылар” топтарына бөлініп, өз пікірлерін ортаға салды, тапсырмаларды орындады.
Тың игерудің 60 жылдығына орай жоғары сынып оқушыларымен пікір-сайыс өткізілді. Онда “Тың игерудің Қазақстан экологиясына тигізген пайдасы мен зияны” туралы “Болашақ” және “Ақиқат” фракциялары жақтаушы және даттаушы топ болып, әрқайсысы өз ойларының дұрыстығын дәлелдеуге тырысты.
География пәнінің мұғалімі Мақпал Ахметова жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер арасында “Миллион кімге бұйырады?” зияткерлік ойынын өткізіп, бастауыш сынып балаларына дүниетану пәніне байланысты “Аспан әлемі мен табиғат құбылыстары” туралы жұмбақтар шешкізді. Орта буын оқушылары “Таңғажайып алаң” сайысында бақ сынады. Қорытынды кеште апталыққа қатысқан оқушылар және ұстаздар марапатталды.
Гүлхан ИМАҒАНБЕТОВА,
Жамбыл орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.