Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады.
Кездесу барысында Ұлттық мұражайды ашу мәселелері, “ЕХРО – 2017” халықаралық көрмесіне дайындықтың мәдени аспектілері, сондай-ақ, министрліктің қызметінің басты бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысы Республикада 8 мың жергілікті және 39 республикалық мәдениет мекемесі жұмыс істейтінін, олардың рөлі күннен-күнге ұлғайып келе жатқанын атап өтті.
– Соңғы 10 жылда театрға келушілер саны – 50 пайызға, музейге келушілер – 25 пайызға, кітапханаға келушілер – 40 пайызға, концерт залдарына келушілер – 100 пайызға, кинотеатрға келушілер саны 400 пайызға көбейді. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының артқанын және мәдениетке, білімге деген ынтаның өскенін білдіреді. Соған байланысты осы саладағы кадрларды сапалы даярлау, қызметтің бірыңғай тәжірибелерін әзірлеу мәселесін қарастырған жөн. Әр облыста мемлекет қаржыландыратын 2 театрдан бар. Бүгінде халық арасында олардың қандай жұмыс жүргізетініне, мәдени салмағы мен қызметінің сапасы қаншалықты екендігіне көбірек көңіл аударған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жұмысы күшейтілуге тиіс бірқатар бағыттарға тоқталды.
Akorda.kz