Облыс орталығында лаңкестік фактісі жайында жалған ақпаратты хабарлаған 22 жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сәуірдің 2-де, кешкі сағат 17.30-да облыс орталығындағы ІІД-нің жедел басқару орталығына “102” нөмірі арқылы вокзалда бомбаның қойылғаны жайында жеткен хабар жай түскендей әсер етті. Мұндай жағдайда жедел әрекет ететін құрылымдардың қызметкерлері вокзалға 10 минуттың ішінде жетіп, адамдарды жылдам сыртқа шығарып, оқиға орнын қоршауға алады. Алайда, жарылғыш зат табылмағандықтан, сағат 18.50-де тексеріс тоқтатылған.
Полиция қызметкерлері анықтағанындай, лаңкестік акт туралы жалған ақпаратты хабарлаған 1992 жылы туған жігіт бұл әрекетін “ащы суға” тойып алып жасаған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 242-бабымен қылмыстық іс қозғалып, петропавлдық қамауға алынды.
Өткен жылы мұндай оқиғаларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалып, тексеру амалдары жүргізілген болатын. Барлық істер сотқа беріліп, айыптау үкімдері шығарылды. Бұл құқық қорғаушылардың мұндай қылмыстарды ашып, арам ниеттілерді анықтауда барлық техникалық мүмкіндіктерге ие екендерін көрсетіп отыр. Ал мұндай қылмысты жасағандарға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмақ.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.