«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР КҮНДЕ – ҮШ РЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қуыршақ театрының көрермендері – балалар оның қойылымдарын тамашалаған сайын бір жасап қалады. Оларды ертіп келетін ересек әке-шешелері, аталары мен әжелері де қуыршақтардың қимыл-әрекеті арқылы бейнеленген тіршілік түйткілдерін ой сарабына салады.

Өткен жексенбіде қойылған “Ең ұзын құрт туралы” спектакліне келген көпшілік көрермен де осындай қуанышқа бөленді. Бұл спектакльді екатеринбургтік балалар драматургі Анна Богачеваның ертегісінің желісінде театрдың қоюшы-режиссері Елена Покрас сахнаға шығарды.

Қойылымның негізгі түйіні – аса ебедейсіз, ұзын құрттың ел-жұртқа пайдалы ешқандай игілігі жоқтығын өзі сезіп, қамығуы. “Ара болса, гүлдердің нәрін жинап, балын береді, құмырсқа да өз әлінше еңбектеніп, күнелтеді, көбелек гүлден гүлге қонып, әсемдігімен көз тартады. Ал мен болсам құйрығымды сүйретіп, өзім де пайда көрмеймін, жұртқа да жақсылық көрсетпеймін” деп мұңаяды.

Бірақ өзге жәндік атаулы оның көңілін көтеріп, “Қамықпа, сенің де игілігің болады. Мәселен, сен өзіңнің ұзын денеңді өзеннің екі арнасын жалғастыратын көпір ретінде пайдалана аласың” деп кеңес береді. Содан бері ең ұзын құрт көпірге айналады.

Ертегіде бұл жәндіктердің қимыл-әрекетін Сапар Мәпенов, Алексей Васильев, Ольга Лабутина, Айгүл Хасенова сынды сахнагерлер бейнелейді.

Сол күні бұл спектакль үш рет қойылып, бәрінде де көрермендер залында ине шаншар жер болмағанын қоюшы-режиссер Е. Покрас көтеріңкі көңілмен айтып берді.

Театрдың директоры Ерболат Әбішев – Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлегі. Ол бұл қызметке осы жылдың басында ғана тағайындалса да, шығармашылық жоспарды қолға алып, биыл төрт премьера қоюды ұйғарып отырғанын жеткізді. Бұл орайда театр басшысы облыс әкімдігінің әр қойылымға қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын ризашылықпен атап айтты.

Республикамызға белгілі қуыршақ театрының бұдан былай да ойдағыдай өнер көрсетуі және мемлекеттік тілдегі қойылымдарды тарту етуі үшін Е. Әбішев өнер колледжінің актерлік бөлімшесінде білім алып жүрген жастардың бір тобын спектакльдерге қатыстырып отыр.

– Бұл оларға да, бізге де игі іс болмақ. Жас сахнагерлер тәжірибе жинап, сахна мәдениетіне машықтанады, ысылады, ал біз қойылымдардың көрермендер көңілінен шығуына қол жеткіземіз, – деді Ерболат Мұхтарұлы.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: қойылымнан көрініс.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp