“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірлік және қалалық партиялық бақылау комиссияларының мүшелері және БАҚ өкілдері қала емханаларында рейд-мониторинг ұйымдастырды.
– Елбасы “Қазақстан жолы – 2050” Стратегиясында басты басымдықтар ретінде халыққа сапалы қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді атап өткен болатын. Соған орай қаладағы медицина мекемелеріне қоғамдық тексеріс өткізудеміз. Қоғамдық бақылау рейдінің мақсаты медициналық қызмет көрсетудің тиісті сапасы мен қолжетімділігін, тұрғындармен кері байланыстың орнатылу үдерісін тексеру болып табылады. Рейд барысында “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалына келіп түскен арыз-шағымдар аясында тексеріс жүргізіледі, – деді “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Ақжүніс Мұсырман.
Рейд барысында “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалына емханаларда көрсетілетін медициналық қызмет түрлеріне қатысты тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдардың негізсіз еместігіне көз жеткізілді. Алдымен қоғамдық бақылау комиссиясы облыс орталығының Ульянов көшесі бойында орналасқан қалалық балалар емханасына беттеді. Бұл емханада 15 жасқа дейінгі 23 мың тұрғын тіркелген. Күніне емхана 500-ге жуық кішкентай тұрғындарға қызмет көрсетеді. Емхананың бас медбикесі Людмила Конюкованың айтуынша, емдеу мекемесінде кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Десе де, тексеріс барысында арнайы маман дәрігерлердің қабылдауына кезекте тұрған адамдарды көзіміз шалды. Мәселен, хирург-травматолог кабинетінің алдында ұзын-сонар кезектің себебін дәрігердің өзі Амангелді Мұхамеджанов облыста балалар ортопед-травматологының жетіспеушілігімен түсіндірді. Дәрігердің айтуына қарағанда, бұл сала бойынша өңірдің кішкентай тұрғындарын толық қамтамасыз ету үшін 12 ортопед-травматолог дәрігер қажет екен. Ал бүгінгі таңда бұл дәрігерлердің саны 3-еу ғана.
Тұрғындар көбінесе арнайы мамандардың қабылдауына талонда көрсетілген уақытта кіре алмайтындығына шағым білдірген. Өйткені, дәрігер қабылдауына талон берілгенімен, невропатологтің өзі жұмыс орнына уақытында келмегендігі анықталды. Жұмыс күнін кестеге сай жүргізбеу ұзын-сонар кезекке апаратындығын осы мысалдан-ақ көруге болады.
Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері кенеттен барған келесі емдеу мекемесі №2 қалалық емхана болды.
Таңғы сағат 9.00. Ересектерге қызмет көрсететін емдеу мекемесінің кіреберісінде орналасқан тіркеу орнында ұзын-сонар кезек сейілмеген. Кезекте тұрған қала тұрғыны Екатерина Корева да қашан келсе де, тіркеу орнының алдында адамдар тұратындығын айтып, шағымын білдірді. Қант диабетімен ауыратын науқас тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне сай тегін берілетін дәрі-дәрмектерді алу үшін ай сайын емханаға келіп, эндокринолог маманға қаралатындығын айтты. Емханадан алыс орналасқан Жұмысшы кентінен қатынау қиын болғандықтан, бұл рәсімді емдеу мекемесінің Сәтбаев көшесі бойындағы филиалында орналастырса, қант диабетіне шалдыққан науқастарға ыңғайлы болатындығын айтты. Бұл күні емдеу мекемесінің жұмысына көңілі толыңқырамаған Екатерина Корева ғана емес еді. Кей адамдар шағымдары болса да, бұқаралық ақпарат құралдары алдында жария етуден жасқанатындықтарын да жасырмады.
Емхананың бірінші қабатының оң жақ бетінде орналасқан электро-кардиография (ЭКГ) және ультро-дыбыстық диагностика (УЗИ) кабинеттерінің алды ығы-жығы. Өз кезегін таңертеңнен бері күтіп отырған зейнеткер Надежда Рябова жүрегі сыр бергеннен бері емхана табалдырығын тоздырып жүргенін айтты. Ол да Екатерина Коревадай Жұмысшылар кентінің тұрғыны. Өзге медициналық тексерістерді емхананың Сәтбаев көшесі бойында орналасқан филиалында жүргізетін ол жүрегіне ЭКГ талдамасын жасау үшін осы емдеу мекемесіне келуге мәжбүр. Науқас адамға жолдың өзі азаптай көрінетіндігі жалған емес. Сондықтан да, зейнеткер бұл талдаманы емхананың филиалында жасайтын болса, бұлайша кезек күтпес едім деген ойын білдірді.
Кезек мәселесінен өзге, тағы бір олқылықтың беті ашылды. Анықтама бөлімінде жұмыс күні басталғаннан тұруы тиіс кезекші әлеуметтік қызметкер жұмыс орнынан табылмады. Комиссияның осы мәселеге қатысты наразылығын білген емхана ұжымы сол жерге шапшаң түрде кезекші әлеуметтік қызметкер мен психолог маманды шақыртып алды. Жұмыс күні басталғаннан бері 3 сағат көлемінде уақыт өткендігін ескерсек, бұған дейін кезекші әлеуметтік қызметкер жұмыс орнында неге болмады деген заңды сұрақ туады. Айта кетерлігі, бұл сала бойынша емхана штаты толық қамтылған. Емханада 5 әлеуметтік қызметкер мен осыншама психолог қызмет етеді.
Қоғамдық бақылау комиссиясы емхананың өзіне келіп түсетін шағымдардың барысымен де танысуға ниет білдіргенімен, 2-ші емхананың ұжымынан бұл бағыт бойынша ұтымды жауап ала алмадық. Балалар емханасының бас медбикесі: “Көбінесе келушілердің шағымы ұсақ-түйекке қатысты болады”, – десе, 2-ші қалалық емхананың терапевтік бөлімшесінің меңгерушісі Людмила Хван оған қарағанда емделушілердің шағымдары тіркелетін журналды көрсетіп, науқастардан түсетін негізгі шағым тегін берілетін дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне байланысты екендігін айтып өтті. Өткен айда бұл мәселеге қатысты 5 науқас шағым білдіріпті. Людмила Хван, әсіресе, гипертония дерті бойынша емханада есепте тұрған 5 мыңнан астам науқасқа берілуі тиіс дәрі-дәрмектердің былтырғы жылғымен салыстырғанда тек 18 пайызын қамтып отырмыз, дейді.
Тексерістен кейін бұқаралық ақпарат құралдары тілшілеріне сұхбат берген “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы А. Мұсырман рейд барысында анықталған олқылықтарды жою үшін “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясының мүшелері шығарған қорытынды, емдеу мекемелерінің бас дәрігерлеріне жолданатындығын, сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыс мұнымен тоқтамайтындығын айтты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.