«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екінші дүниежүзілік соғыстың майданында ерлігімен көзге түсіп, бірінші және екінші дәрежелі “Отан соғысы”, “Қызыл Жұлдыз” және “Қызыл Ту” ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған Мәті Құсайыновтың Ұлы Отан соғысы ардагерлері арасындағы орны бөлек болатын. Мәкеңнің жауынгерлік жолы және қандай командир болғаны жайлы деректерді Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың естеліктерінен де кездестіресіз. Өйткені, майдангер қаламгер Мәті басқарған артиллериялық дивизионда қызмет еткен. Жыр алыбы Жамбылдың қазақстандық майдангерлерге арналған жырына жауап ретінде қарт ақынға жолданған Әзілханның жазған өлеңіне қол қойған жауынгерлердің ішінде Мәкең де бар еді. Сондай-ақ, ол өле-өлгенінше қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәмбетовамен бір полкте қызмет еткенін мақтаныш етіп өтті.

Соғыстан кейінгі бүкіл еңбек жолы Солтүстік Қазақстанмен біте қайнасып кеткен Мәтінің жастың шағы көрші Омбы облысында өткен. Ондағы Москаленко ауданындағы Қызылағаш ауылында 1914 жылы дүниеге келген Мәкең еңбекке ерте араласып, бала кезінен қой бақты. Ол кезде шағын малшы ауылда мектеп жоқ, амалсыздан ауыл молдасынан тіл сындыруына тура келді. Тегі, зеректігі болар, 2-3 жылда Құранды жатқа оқып, арабшаны жетік меңгеріп алды. Жаңадан ашылған Қызылағаш бастауыш мектебінің бірінші сыныбына 12 жасында барды. Онда үш жыл оқыған соң жетіжылдық білімді көршілес Ново-Царицин мектебінен алып шықты. Сонда жүргенде пионерге, сосын комсомолға өтіп, қоғамдық жұмыстарға араласуды үйренді. Мектептен соң ресми еңбек жолын май зауытының бөлімшедегі өкілі ретінде бастап, одан кейін 1930-1932 жылдары Омбы педагогикалық техникумында білім алды. Сосын он сегіздегі өрімдей жас Батыс-Сібір өлкесіндегі Барабин округіндегі Кротово селосында сауатсыздықпен күрес жұмысына да араласып көрді. Көп ұзамай өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Томск қаласындағы дайындық курсына түсіп, оны аяқтаған соң, 1932 жылы қайтадан ашылған Омбы педагогикалық институтына қабылданады.

Осы оқу орнын бітіргеннен кейін оның ұзақ ұстаздық еңбек жолы басталады. Алдымен 1937-1940 жылдары Омбы облысының Черлак ауданындағы Киров ауылдық кеңесіндегі облыстық қазақ орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Сонда жүріп партия мүшелігіне кандидаттыққа өтті, Черлак аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болды.

Ол міндетті әскери борышын өтеуге бейбіт кезде – 1940 жылы шақырылды. Бірақ бүкіл әлемді шарпыған соғыс өртінің кесірінен 1945 жылдың қарашасына дейін сұрапыл сынақтан өтуіне тура келді. Мәкең соғыстың суық хабары жетісімен партия қатарына өтіп, Забайкалье әскери округіндегі әскери бөлімде артиллериялық дивизион батареясының саяси жетекшісінің орынбасары, взвод командирі міндеттерін атқарды. Ол қызмет ететін әскери бөлім арнайы дайындықтан өткеннен кейін 1942 жылдың басында алдыңғы шепке жіберілді. Калинин және Балтық бойы майдандарының құрамында талай қантөгіс ұрыстарға қатысқан 1-ші атқыштар дивизиясы көптеген ерлік істерімен көзге түсті. Мәті басқаратын батарея взводы майдан шебінің ұрымтал тұстарынан табылып, жауға ойсырата соққы беріп отырды. Осы майдан бағытында 1943 жылдың қаңтар айынан бастап батарея басқарған Мәкең кейін, 1944 жылдың наурыз айынан соғыс аяқталғанға дейін бірінші және екінші Белорус майдандарында Қызыл тулы Брест дивизиясының құрамында артиллериялық дивизионға командир болды. Жеңісті жолын құзғындар ұясы болған Германия жерінде аяқтады.

Ұлы Отан соғысының ұрыс қимылдарында Мәті Хұсайынұлы төрт рет жарақат алып, екі рет миы шайқалды және оң жағынан жансызданып қалды. Зеңбірекшілер жауды алыстан ғана ататын сияқты болып көрінгенімен, оларға да аз қатер төнбейді. Көбінесе мұндай оқ нүктесіне қарсы ауыр қарулар немесе авиация шабуылы қолданылады. Жау ордасына жақындаған сайын фауст патрондарынан көп зардап шекті. Реактивті қару түріне жататын оның соққысы өте ауыр, Мәкең сондай жарылыстардың бір-екеуін өз басынан өткерді. Көрер жарығының бары ғой, ауыр жарақат алғанымен, аман қалды.

Сол жарақаттану себебіне байланысты 1945 жылы қарашада әскерден босатылды. Елге оралған гвардия капитаны екінші топтағы мүгедек ретінде оңалту емдомын алып, жылға жуық еңбекке араласа алмады. Өз-өзіне келіп, жүріп-тұруға жараған соң Омбы темір жолының Есіккөл станциясындағы №41 темір жол орта мектебінде бір жылдай директорлық қызмет атқарды. 1947 жылғы сәуірде облыстық оқу бөлімінің шақыруымен отбасымен Петропавл қаласына көшіп келді, сөйтіп, оның осындағы ұзақ ұстаздық еңбек жолы басталды. Алдымен қаладағы М.Калинин атындағы №5 қазақ орта мектебі ұжымын басқарды. Оның арасында партияның шақыруымен екі жылдай сол кездегі Приишим ауданына қарасты “Қызыләскер” тың кеңшарында партия ұйымының хатшылығы қызметінде болғаны болмаса, қалғанында қаланың бірнеше ірі оқу орындарында басшылық қызметтерде болды. Атап айтқанда, А. Герцен атындағы №6 орта мектепте, №2 жұмысшы жастар орта мектебінде, Я.Свердлов атындағы №24 орта мектебінде және №1 жұмысшы жастар мектебінде директорлық қызмет жасады.

Зейнет демалысына шыққан соң да қол қусырып, қарап отырған жоқ. Екі жылдай Бескөл аудандық сырттан оқыту орта мектебінің директоры болып қызмет етті. Одан кейін 1987 жылға дейін бес жыл бойы тірек қосынының жанындағы жұртшылық кеңесінің төрағасы болды.

Бір кездері бүкіл облыс жұртшылығына нағыз атеистігімен көрініп, діни сенімдерге қарсы облыстық газет беттерінде құлаш-құлаш мақалалар жазғанын оның ғұмыр деректерінен сызып тастай алмайсың. Өйткені, сол кездегі қоғамдық құрылым талабы сондай болатын. Алғаш сауатын ашқан араб әліпбиі көкейінде сайрап тұрғанымен, өзі мүше болған “Білім” қоғамының саясатын жүргізуге, дінге қарсы күресуге мәжбүр болды.

Мәкең – еліміздің егемендікке қол жеткізген бақытты шағын көріп кеткен ақсақал. Сірә, іріп-шіріген коммунизм идеясының жалғандығын көзі қарақты қария сол ел тығырыққа тірелген тоқырау жылдарында бірден аңғарса керек, насихатшылық жұмыстан сап тыйылды. Дінге қарсы атеистік мақалалар жазбайтын болды. Қайта бұрынғы “Білім” қоғамындағыдай насихат жүргізуін талап етушілер болмағанымен, сол дін мен шариғат жолын өзі уағыздайтын, араб тілін өзгелерге үйрететін мінез тапты. Ал оның сырын жан адамға тіс жарып ашпағанымен, қарияның көңіл қойнауында Тәңір алдындағы қателігін ұғынып, Алла тағаланың ақ жолын қалаудың әрекеті жатқанын аңғармауға болмайды. Елі үшін оқ пен оттың ортасында болған асыл азаматтың ұрпақ тәрбиесіндегі мол еңбегіне қылау түспес үшін жүректегі жан өкінішін осылайша тазартып кеткісі келгенін айтсаңызшы!

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp