Ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген Қазақстан көптеген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басты. Сондықтан да ұрпағын өсіріп, сүйікті ісімен айналысып отырған өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне тағзым етіп, елдің абыройын асқақтатудан басқа ниеті жоқ. Бұл – “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Диляра Хасанованың пікірі. Әңгімелесу барысында Диляра Ғабидуллақызы ұйым жұмысына тоқталып, мемлекеттік тіл мен ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты пікірлерімен бөлісті.
– Жүрегі үлкен, пейілі кең қазақ халқы қиын жылдары көмек сұраған кез келген ұлт өкіліне қолдау көрсетті. Қайта құруға дейін солтүстік өңірдің статистикалық тізіміне түрік ұлтының мекендеуіне қатысты көрсеткіштер тіркелмеген болатын. Өйткені, 1944 жылы күштеп жер аударылған түріктер Қазақстанның өзге аймақтарына қоныстандырылды. Көптеген мәселелер Қазақстан егемендігін алған уақыттан, яғни жаңа мемлекеттік саясатты енгізуден бастап оң шешімін тапты. Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізген бүгінгі бейбіт өмір жақсы заманның көрінісі деп есептеймін.
– Қоғамдық бірлестіктің жұмысына тоқтала кетсеңіз?
– Бүгінде Петропавл қаласында түрік ұлтының 70-тен астам өкілі тұрып жатыр. Олардың барлығы да қоғамдық бірлестік өткізетін іс-шараларға белсене қатысады. Мемлекеттік мерекелерді тойлаумен қатар, ұйым бір жылдың ішінде үлкен 3 шара ұйымдастырды. Сәуірдің 23-і Түркиядағы Балаларды қорғау күнін біз де осымен 9-шы жыл қатарынан тойлап келеміз. Бұл күні балаларға арналған ойындар мен концерттік шаралар ұйымдастырылады. Соңында оларға тәттілер үлестіріледі. Қазан айында түріктердің ғалымына, жазушысына немесе қоғам қайраткеріне қатысты “дөңгелек үстел” ұйымдастырылса, 10 қарашада Ататүрікті еске алу кешін өткізу игі дәстүрге айналған.
– Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтпек. Облыстық ассамблеяның жұмысы жайында не айтар едіңіз?
– Қоғамдық келісім жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы бағытты анықтау бойынша өзара іс-қимыл жасаудың маңызы зор. Алдағы сессияда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея жұмысын саралап, жаңа бағыт-бағдарымызды айқындап бермек. Осы ретте біз де Президентке қолдау көрсетіп, оларды жүзеге асыруға өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосып, аз ұлттардың мүддесін қорғауда нәтижелі жұмыс жүргізуде. Десек те, бүгінгі таңда облыстық ассамблея жұмысына тың серпіліс қажет болып тұр. Бір кездері облыстағы ассамблея қорына басшылық еткенімде салт-дәстүр байқауын ұйымдастырғанымыз есімде. Ондағы мақсат ұлттық құндылықтарды тарих қойнауынан шығарып, әр ұлттың киімдерін, тағамдарын, қолөнер бұйымдарын насихаттау болатын. Шара барысында барлық аудандар қамтылатын. Меніңше, бүгінде ұлттық құндылықтар тиісті деңгейде дәріптелмей келеді. Жиындардың бірінде сәукеле киген әжейді көрдім де, таңғалдым. Оны әйел адам өмірінің ең маңызды сәтінде – ұзатыларда ғана кимеуші ме еді? Бұл да үстірт көзқарастың бір көрінісі. Ұнағаны бойынша тігілген бас киім моңғолдікі болып шыққанына мән беріп жатқандар да жоқ. Қазақша киім керек десе, етек-жеңін желбіретіп, басына үкісін таға салады. Бұл мәселе өзге ұлттарға да қатысты. Ассамблея мүшелері үстірт жұмыс ұлттық құндылықтардың жоғалуына әкелетініне мән берсе екен деймін.
– Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру мәселесіне қатысты ойыңызды білсек.
– Менің атам Хасан би-болыс судьясы, ал арғы әжем Жылғара Байтоқиннің шөбересі болыпты. Біздің балаларымыз ана тілімен қатар, қазақ және ағылшын тілдерін де жетік біледі. Қазақ тілі – өте бай әрі көркем тіл. Бірде өңірімізге келген Францияның Қазақстандағы елшісі жиында қазақша сөз сөйлегенде, бәрімізді таңғалдырғаны есімде. Меніңше, қазақ болып туған соң қазақша сөйлеуге міндеттісің. Кейде қоғамдық көліктерде ұлты қазақ ата-ана балаларымен орысша сөйлеп отырғанда назаланасың. Өзара қазақша сөйлессе, қайтеді екен? Балаларды өз тіліне ғашық еткізу керек емес пе?! Ол үшін әдебиет пен мәдениетке, тарихқа жиі жүгіну қажет.
Бірде Қытайда тұратын таныстарым келгенде Абылай ханның резиденциясына апардым. Олар аралап көрген соң Қазақстанның дамуына қатысты өз таңданыстарын жасырмады. Сонда мен оларға: “Егер сендер қазақ тілін біліп, экскурсия мемлекеттік тілде жүргізілген болса, көріп-білгендеріңнің мән-маңызын бұдан да терең ұғынатын едіңдер”, – дедім. Өзім алғаш рет қазақ тілінің құдіретін Мағжан Жұмабаевтың кітабын оқығанда сезіндім. Ақынның поэзиясына таңғалдым, тамсандым. Ойымды түйіндер болсам, егер адам тұрып жатқан елі үшін адал еңбек етіп, сол жердің топырағына тағзым еткен болса, оның ұлтының да, тілінің де өзгеше екендігі маңызды емес. Жаңа қазақстандық патриотизмнің анық көрінісі сол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.