С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында бірнеше жыл қатарынан басшылық қызмет атқарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымовтың зейнетке шығуына орай облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының бұйрығымен Біржан Жалғасбаев директор болып тағайындалды.
Біржан Жалғасбаев 1978 жылы 16 шілдеде Қызылорда облысының Төретам ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін бітірген. Театр іргетасының негізін қалаушыларының бірі. 2005 жылдан бастап театрдың көркемдік жетекшісі болып қызмет етті. Театр сахнасында М.Әуезовтың “Қарагөз”, О.Бөкейдің “Құлыным менің”, С.Мұқановтың “Аққан жұлдыз”, Ш.Айтматовтың “Шыңғысханның ақ бұлты”, С.Жүнісовтің “Қысылғаннан қыз болдық”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян”, С.Шаймерденовтің “Дөкей келе жатыр” және тағы басқа спектакльдерде басты рөлдерді сомдады. Ол өзін сан қырлы өнерпаз ретінде ғана емес, облыстық мәдени іс-шаралардың ұйымдастырушысы ретінде де таныта алды.
(Өз тілшімізден).