ІІМ Ішкі әскерінің Әскери институтында тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алу күні ұйымдастырылды.
Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан ерлердің есімдерін құрметтеу рәсіміне қатысқан әскери бөлімнің жауынгерлері, ҚР ІІМ Әскери институтының басшылығы, курсанттары мен офицерлері батырлардың есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандар рухына тағзым етті.
Жиналған жауынгерлердің, әскери қызметшілердің алдында сөз сөйлеген ҚР ІІМ Ішкі әскері Әскери институтының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов олардың ерлігі мәңгі есте қалатындығын баса айта келе: “Бүгін Ішкі әскердің барлық бөлімдерінде тәжік-ауған шекарасында өз өмірлерін қиған жігіттердің ерлігін есте сақтауға арналған шаралар өтуде. Тәжікстандағы сыртқы шекараны қорғауға қатысқан олардың және Ішкі әскердің 2 мыңнан астам жауынгерінің ерлігі арқасында біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, есірткі мен қару-жарақ дәлізіне сенімді тосқауыл қойдық”, – деді.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Елена Балло мен “Ауғанстан және жергілікті соғысы ардагерлерi одағы” ҚБ облыстық бөлімшесінің төрағасы Игорь Гамов сөз алып, 17 интернационалист-жауынгердің ерліктері кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін атап айтты.
Ішкі әскер жауынгерлері үшін 1995 жылдың 7 сәуірі қайғылы күнге айналды. Осыдан 19 жыл бұрын Тәжікстан республикасының Пшихавр тау шатқалында күші басым банда тобымен арада қақтығыс орын алды. Бандылар есірткі алып өтпек болғанда қайсар жауынгерлердің мықты қарсылығына тап келді. Шайқас барысында 17 жауынгер қаза тауып, 33-і жараланғанымен, өздерінің әскери міндетін абыроймен орындап, әскери антқа адалдық танытты және қазақ батальонының абыройына нұқсан келтірмеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.