«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРШЕҢ ЖОБАЛАР — ӨРЛЕУ КЕПІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет индустриялық-инновациялық дамуға қатысты жүйелі де мақсатты саясат жүргізіп келеді. Елбасы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында бірінші кезекте индустриялық-инновациялық даму бағытын белгіледі. Жолдауда инновациялық индустрияландыру тренді күшейтілетіні, сонымен қатар басымдық санын шектеу қажет екені айтылды. Осыған орай өңірдің өнеркәсіп кешенін әртараптандыру үрдісінде салаларды дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Нақты айтсақ, облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімін (астық, ет, сүт) қайта өңдеу; машина жасау өнімін (жылжымалы темір жол құрамы, мұнай және газ өндіру мен қайта өңдеу жөніндегі жабдықтар) өндіру; электр қуатын өндіру мен тарату көзделіп отыр. Сонымен қатар, өнеркәсіп өндірісінің құрылыс материалдарының өндірісі; металл, резеңке, пластмассадан жасалған дайын бұйымдар; химиялық, металлургиялық өнеркәсіп өнімдері, киімдер, тері өнімі, жиһаздар сияқты түрлері ұсынылды.

Облыста өндірілген жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіп үлесі 10,6 пайыз. Облыстық ЖӨӨ-де өнеркәсіп үлесінің арту үдерісі байқалады.

Индустрияланудың бірінші бесжылдығы барысында (2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде) облыста жаңа өндірістерді ұйымдастыру мен құрылысы жөніндегі инновациялық жобалар жүзеге асырылды. “ЗИКСТО” АҚ республикада бірінші болып жүк вагондарын шығаруды игерді. “Мұнаймаш” АҚ “Өнімділік – 2020” бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауды пайдаланып, өзінің өндірісін жаңғыртты. Бұл кәсіпорынға өзінің технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және өзінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бірнеше рет арттыруға мүмкіндік берді. Жаңа технологиялар бойынша сүт өнімдері мен құрамында шырыны бар сусындар шығаратын ең заманауи жабдықтармен жарақтандырылған “Молпродукт” ірі сүт зауыты құрылды. Кәсіпорын өз өнімінің 30 пайызын Ресей Федерациясына экспорттайды. Омбыда, Новосибирскіде, Екатеринбургте, Иркутскіде, Усть-Лабинскіде және Уфада зауыттың филиалдары ашылды.

ҮИИДМБ жүзеге асырудың төрт жылының қорытындысы бойынша облыс экономикасында оң өзгерістерге қол жеткізілді. 2013 жылы облыс кәсіпорындары 152 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл 2012 жылға қарағанда 105,1 пайыз. Алайда, он үш ауданның бесеуі және Петропавл қаласы 2013 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестиция көлемін төмендетіп алды. Бұл 2012 жылы ірі инвестициялық жобалар іске асырылғандығымен түсіндіріледі.

Мемлекет басшысы 2013 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында инвестицияны тарту мәселесін әкімдер жұмысының тиімділігін бағалау рейтингісінде анықтаушы индикатор ретінде қарауды тапсырды. Облыс әкімдеріне, сондай-ақ, инвестицияны тарту мәселесіне және облыста инновациялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аудару тапсырылды. Президент Жолдауын талқылау жөніндегі облыстың актив жиналысы барысында облыс әкімі индустриялық-инновациялық даму басқармасына инвестицияны тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Облыста инвестициялық жобалар базасын қалыптастыру мен жаңарту үрдісі ұдайы жүргізілуде. Ірі жобаларды біз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің электрондық деректер базасына орналастырамыз. Басқа жобалар өңірлік инвестициялық жобалар деректер базасына кіреді, олар туралы мәліметті біз каталогтарда жариялаймыз, оларды әлеуетті инвесторлар арасында таратамыз және басқарма сайтына орналастырамыз.

Облыста Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, ол инвесторды іздестіріп, тартады және жобаларды жүзеге асыру барысында оларға қолдау білдіреді.

Индустрияландыру картасы картаға жобалары кірмейтін үш ауданды (Мамлют, Уәлиханов және Шал ақын) алып тастағанда, облыстың барлық аумағын қамтыған. Қызылжар ауданы картаға – 5 жоба, Тайынша – 4, Айыртау, Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан – 2, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев – 1, Петропавл қаласы 10 жоба қосты.

Облыстың индустрияландыру картасын қазіргі уақытта жалпы сомасы 38 млрд. теңгеден жоғары 31 жоба қалыптастырып отыр. Осы жобаларды іске асыру барысында құрылыс кезеңінде 1793 жұмыс орны құрылатын болады, ал салынған жобаларды пайдалану кезеңінде – 1894 жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 26,6 млрд. теңге сомасында 28 жоба енгізіліп, 1141 адам жұмыспен қамтылды.

Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда олардың инновациялығы маңызды. Өңірдің басым салаларында бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығару үшін жаңа технологиялар қажет. Осындай жобаларға мемлекет көмек-қаражат және кредиттерді кепілдендіру, гранттар, өндірістік инфрақұрылым құрылысы түрінде және басқа да қолдау көрсетеді. Ол үшін “Өнімділік – 2020”, “Экспортёр – 2020”, “Бизнестің Жол картасы – 2020” және басқа бірқатар бағдарламалар бар.

Біздің облыстың машина жасаудағы жаңа технологияларды игеруде артықшылығының бірі біздің аумақта мұнай-газ жабдығының конструкторлық бюросының орналасып, жұмыс істеп жатқандығы болып табылады. Ұлттық агенттік технологиялық даму жөнінде республикада бес салалық конструкторлық бюро құрса, мұнай-газ жабдығы бойынша конструкторлық бюро Петропавлда орналасқан. Және өткен жылдың соңында аспап жасау конструкторлық бюросы ұйымдастырылды.

Қазір біздің кәсіпорындардың белсенділік деңгейі инновация саласында 11 пайызды құрайды. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштерінің бірінен саналады.

Нарықтық бәсекелестік жағдайында облыстың кәсіпорындары халықаралық стандарттарға сәйкес менеджмент жүйесіне енеді. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облысымызда менеджмент жүйесіне енген 122 кәсіпорын бар, 30 кәсіпорын – енгізілу сатысында. Құрылыс саласында – 61 кәсіпорын, тамақ өндірісінде – 13, ауыл шаруашылығы саласында – 5, машина жасау саласында – 7 кәсіпорын осы жүйені игеруде.

Индустриялық кешенді дамыту жалғастырылатын болады. Петропавл ауыр машина жасау зауыты энергетикалық қазандық жабдығының сериялық өндірісін құру жөніндегі жобаны аяқтауда, ол кәсіпорынға (жылытудың экран беттері) энергетикалық жабдық нарығына бірегей өніммен шығуға және республикалық МЭС барлық тапсырыстарын қамтуға мүмкіндік береді.

Киров зауыты темір жол және мұнай-газ кешенінің қажеттілігі үшін радиоэлектрлік аппаратура өндіруді дамытатын болады. Кәсіпорын өндіретін локомотивтік қауіпсіздіктің кешендік жүйесі республикалық “Алтын сапа” конкурсының бірінші дәрежелі дипломына лайық. Кәсіпорын жоспарында сандық теледидардың контейнерлік станциясын әзірлеу, мұнай-газ кешені үшін катодтық қорғау станциясының өндірісі, жолаушылар тобының есебі мен сараптамасының автоматтандырылған жүйесі және темір жол кешені үшін өткелдерге бөгет орнату бар.

Машина жасауды дамытумен қоса, облысымызда минералды-шикізат кешенінің бай әлеуетін пайдалану бағытында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Облыста пайдалы қазбалардың 286 кен орны барланған. Олардың 34-і – металдық, 2-еуі – металдық емес, сондай-ақ, көп кен орны – кең таралған пайдалы қазбалар. Қазіргі уақытта ас, магнийлік тұз, гранит, әктас, құм, мәрмәр, керамзиттық балшық кен орындары бар. Бұл жерде кен орнын игеру бойынша жаңа жобаларды іске асыру үшін мүмкіндік бар.

Облыста жылына бір миллион тонна құрамында қалайы бар кенді өңдеу жөніндегі Сырымбет тау-металлургиялық комбинатының құрылысы жөнінде кең көлемді жобаны іске асыру жүргізілуде. Жобаны іске асыруға 500-дей жұмыс орнын құрумен 70 млн. доллар инвестиция құю болжанып отыр. Қазіргі таңда “Сырымбет” кен орнында геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде.

Қазір Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша екінші бесжылдыққа үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуде. Бұл істен біздің облыс та шет қалып отырған жоқ. Біз Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасына өңірдің индустриялық-инновациялық дамуын жүргізу туралы ұсыныс енгіздік, ол 2013 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

Өңірдің экономикалық дамуын жеделдету және бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту үшін облыста индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Қазіргі таңда индустриялық аймақ құру тұжырымдамасы әзірленді, Петропавл қаласының өнеркәсіп аймағында оны орналастыру үшін 140 гектар жер телімі анықталды. Индустриялық аймақ құрудың мақсаты шетелдік және отандық инвестицияны тартуға, импорт алмастыру мен бәсекеге қабілетті өндіріс құру үшін заманауи инфрақұрылым мен жағдайды қалыптастыру болып табылады.

Өңірдің әрі қарай ойдағыдай дамуы инновациялық индустрияландыру жобаларының өміршеңдігіне тікелей байланысты. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды бұрынғыдан да ширата түсуге тиіспіз.

Марат ЫСҚАҚОВ,

 облыстық индустиялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp