Тұқым дәрілеу – ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттырудың маңызды факторы, ол егіс материалдарын дайындаудың міндетті технологиялық әдіс-амалы ретінде барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тәжірибесіне мықтап енуі тиіс.
Тұқымды пестицидтермен өңдеу оны тұқымдық, топырақтық және ертемаусымдық аэрогендік инфекциядан қорғаудың неғұрлым маңызды, экономикалық тиімді, экологиялық қауіпсіз әдісі болып табылады. Бұл әдістің экологиялық қауіпсіздігі – топырақта тез тарайтын және астық элементтерінде болмайтын әсер етуші заттың гектар өлшеміне аздаған мөлшерде енгізілуі.
Бүкіл әлемде осы алдын алу әдісіне көп көңіл бөлінеді. Бұл тұқым және топырақ арқылы берілетін аурулармен күрестің тиімді шарасы, оны әдетте бағалай қоймаймыз, біздің жыл сайын тұқым дәрілеуді жүргізбеудің салдарынан дәнді дақылдардың ауруларынан гектар басы 1,0-3,0 центнерден астық жоғалтып жүргеніміз тегін емес, ал көктеген кезіндегі қорғаныс шараларын жүргізбеуден 2,5-тен 6,0 центнерге дейін жоғалтамыз.
Дәріленбеген тұқымды себуге болмайды, кейін күрескеннен гөрі инфекция көзін тұқым топыраққа себілмес бұрын жойған дұрыс. Кейбір ауруларды, мысалы, тозаңды қара-күйені тек тұқымды дәрілеумен жоюға болады. Ауру қоздырғыштары тұқымның сыртқы қабатында сақталады. Оны тудыратын патогендер тікелей әсер ететін Менера 410 сияқты дәрілермен толық жойылуы мүмкін. Дәрі жұмсау нормасы – гектарға 0,4-0,5 литрден. Егер Колосаль Про дәрісі қолданылатын болса, онда гектар басына жұмсалатын норма 0,3- 0,4 литрді құрайды. Сол сияқты, егіс көктеген кезінде басқа да фунгицидтерді бүрку арқылы күрес шараларын жүргізуге болады.
Дәрілеу басталардан бұрын шаруашылықта тұқымдық материалдың толық сипаттамасы болуы қажет, ол үшін тұқым үлгілерін уақтылы республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесіне тұқымның зарарлану дәрежесін анықтау мақсатында жіберілуі керек.
Облыста 2014 жылғы дәнді дақылдар егісіне қажетті 510,0 мың тонна тұқым қоры бар, одан фитосанитарлық сараптамаға тапсырылғаны – 28 наурыздағы дерек бойынша, 131,57 мың тонна немесе барлық тұқымның 26 пайызы.
Қолда бар деректер бойынша барлық тексерілген дәнді дақылдар тұқымының зарарланғаны 55 пайызды құрайды, неғұрлым көп зарарланған Аққайың ауданында тұқым қаракүйелігі 18,0-ден 49,0 пайызға дейін жеткен, тексерілген 12,6 мың тонна тұқым толық 100 пайыз зарарланған болып шықты. Дәл осындай дәнді дақылдар тұқымын қаракүйе шалған жағдай Жамбыл, Уәлиханов және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда да байқалды.
Биылғы жылғы егіске қажетті дәнді дақылдар тұқымын дәрілеудің болжамды көлемі 463,6 мың тоннаны құрайды немесе ол барлық дайындалған тұқымның 90,9 пайызына тең. Дәрілеу мерзімі дәрілеушінің таңдауы бойынша және тұқымдық материалдардың жағдайымен айқындалады. Ол егіске дайындықтың соңғы кезеңі болғандықтан, өңдеу алдында тұқым барлық көрсеткіштері бойынша егістік кондициясына дейін жеткізілуі тиіс. Тұқым дәрілеуді табысты атқару үшін шаруашылық жүргізуші субъектілерге атқарылатын жұмыстың және мамандардың арнайы машиналар мен жабдықтарға қызмет көрсетуінің нақтылы жоспарын жасау қажет.
Жоспарда барлық мамандардың дәрігерлік куәлендіруден өткізілуін, дәрілеуге қажетті машиналар мен құрал-жабдықтардың, жеке қорғаныс құралдарының, арнайы тамақтың жарамдығын, жұмысшылардың арнайы техникамен және құрал-жабдықтармен жұмыс істеуі үшін техникалық қауіпсіздік нұсқамасынан өткізілуін және тағы басқаларын алдын ала тексеруді ойластырған жөн. Шнекті дәрілеу машиналарында улы химикатпен (дәрілегішпен) қосылған тұқымы шнекті бойлай араластырылады, шнекті дәрілеу машиналары тұқымды құрғақ және ылғалдап дәрілеуге мүмкіндік береді. Оған ПСШ-3 дәрілегіш машинасы жатады. Ал камералық дәрілегіш машиналарға ПС-10, ПС-20, Мобитокс, АПЗ-10, АПС-4 қондырғылары жатады.
Дәрілеуіштің шығын нормасын сақтау өте маңызды. Олардың артуы тұқымның бөрту қуатын және көктеуін кемітуі мүмкін, сондай-ақ, артық дәрілегіш шығын туғызады, ал дәрілеуіштің (улы химикаттың) шығын нормасын кеміткен кезде оны зарарсыздандырудың нәтижесі болмайды, қайта коздырғыштардың дәрілеуіштерге төзімділігі арта түседі.
Сақталынған (ұсынылған) тұқым дәрілеуіштері шығынының нормалары дәрілеу кезіндегі жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Тұқым дәрілеу сапасын неғұрлым нақтылы және шынайы бағалау үшін фитопатологиялық сараптама жүргізу тиімді, өйткені, ол дәрілеудің қаншалықты толық атқарылғанын көрсетеді. Бұл жұмысты облысымызда “Фитосанитария” РМК зертханасы жүргізеді.
Дәнді дақылдардың тұқымын дәрілеу үшін дәрілеуіштердің көп түрі тіркелген. Мұндай пестицидтерді шектеусіз көлемде сататын Петропавл қаласындағы фирмалардан табуға болады.
Сапарғали СҮЛЕЙМЕНОВ,
облыстық аумақтық инспекцияның өсімдік қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы, бас маманы.