Ислам діні әйелдерге болашақ ұрпақты тәрбиелеу міндетін жүктеп, үлкен құрмет көрсеткен. Бүкіл қоғамның тән саулығы мен салауаттылығы әйелдердің тәртібі мен тақуалығына байланысты. Қыз баланың шариғат бойынша киінуі – дініміздегі үкім. Құран Кәрімнің “Нұр” сүресінде бұл жайлы: “Мүмин әйелдерге де айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Сондай-ақ, әдеміліктерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және орамалдарын омырауларына түсірсін. Әдеміліктерін көрсетпесін…”, – делінген. Ал енді кейде: “Қазақ қыздары сәукеле киген”, “Орамалды тұрмыс құрған соң ғана таққан” деген секілді пікірлер айтылып қалады. Бірақ бұл жерде ескерілетін бір мәселе бар. Ата-бабаларымыз еш уақытта: “Біздің дәстүр-салтымызда орамал салу болмаған” деп қасиетті Құранның бұйрығына қарсы шықпаған. Керісінше, өздерінің мәдениетіне, әдет-ғұрпына, діліне сай небір әсем киім үлгілерін жасап шығарған. Олардың Құран талаптарына қайшы келмеуін басты назарда ұстаған. Негізінде мұсылманша киімді қазақыландырып киюге шариғат бойынша рұқсат. Өйткені, Құранда парыз етілген киім үлгісі “қара, жасыл түсті болсын” деген секілді нақты әрі қатаң түрде көрсетілмеген. Олай болса, әйел баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтін кең, денесін көрсететіндегі жұқа емес және жүзі, екі қолдан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез келген киім үлгісін таңдап киюіне болады.
Бүгінді таңда жас қыздардың кейбірі хиджабқа әуестеніп жүр. Жоғарыда айтылғанындай, ислам дінінде хиджаб түсінігі болмағанымен, қыздардың киіну үлгісі Құранда жазылған. Әрине, Қазақстан Республикасының ар-ождан бостандығына сәйкес әркім қандай киім кисе де өз еркінде. Және де Елбасымыз: “…Бірақ біздің қыздарымыз бен әйелдер киіп жүрген араб киімі хиджаб біздің жол емес. Қазақ көшпенді халық болған, біздің ертеден келе жатқан өз жолымыз бар”, – деді. Сондықтан да біздің бұл ретте адаспағанымыз жөн.
Некеге тұрып, бірнеше күннен кейін ажырасып кетіп жатқандар қазіргі таңда жиі кездеседі. Жас қыздардың мұндай жағдайға түспеуі үшін олардың діни сауаттылығын ашу керек. Бұл мәселені шешудің бір тетігі шариғат талабына сәйкес қазақы нақыштармен, заманға сай тігілген киім үлгілеріне көңіл бөлген абзал. Сәтті шыққан киім үлгілерін кәсіпкер азаматтар қолға алып, қыз балаларымыз тап болып отырған осы бір күрделі мәселені шешуге өз үлестерін қосар деп үміттенемін.
Гүлмира БЕЙСЕНБИНА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің
4-курс студенті.