«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰҚСАТА БІЛСЕҢ – ҚАРЖЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Еліміздің “Қазақстан – 2050” Стратегиясында 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін 4,5 есе арттыру міндеті қойылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында да осы мәселеге айрықша маңыз беріліп, аграршыларды мемлекет тарапынан қолдаудың барлық пәрменді шаралары қарастырылатыны айтылған. Соған байланысты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жанар Мұсақұловаға жолығып, аграрлық сектордың негізгі саласы – егіншілікті демеуқаржыландырудың жай-жапсары туралы әңгімелестік.

– Жанар Поселкеқызы, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, солардың ішінде, әсіресе, шағын шаруа және фермерлік қожалықтардың жетекшілері мемлекеттік демеуқаржының қандай мақсатқа және қаншалықты көлемде берілетінін жетік біле бермейді. Берілетін демеуқаржы арқылы жұмыс жүргізу үшін де оған қойылатын талаптарды жақсы білген жөн. Осы орайда не айтарыңыз бар?

– Мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біраз жылдан бері қолдап келеді. Бірақ оны түрлі себептермен аграршылардың бәрі бірдей пайдалана алмай жүр. Соның ішінде оларға қойылатын талаптарды жетік білмеудің де кесірі тиетіні анық. Демеуқаржыландыру түріндегі мемлекеттік қолдау аграрлық секторда бірнеше бағытта көрсетіледі. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы саласына демеуқаржыландыру нормативтері көзделген болса, сол сияқты, элиталық және І-ІІІ репродукциялы тұқымдарға, гербицидтерге және минералдық тыңайтқыштарға олардың құнын азайту үшін берілетін демеуқаржы бар.

Сөзімді өсімдік шаруашылығы саласына бөлінетін демеуқаржыдан бастасам, биылғы жылы бұл бағдарлама бойынша 10,9 млрд. теңгенің қолдауы жасалады, яғни демеуқаржы көлемі өткен жылғыдан 4,2 млрд. теңгеге ұлғайып отыр. Жалпы егіншілікті әртараптандыру және тауар өндірушілерін арпа, сұлы, жармалық дәндер, бұршақ, майлы және жемазықтық дақылдар мен картоп пен көкөніс өндіруге ынталандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқамасы ескерілген өңірдің демеуқаржыландыру нормативтері белгіленді. Соған сәйкес базалық технология бойынша өсірілген бидайдың әр гектарына – 440 теңге, арпа, сұлы, қарақұмық және бұршақ дақылдарына 2500 теңгеден демеуқаржы беріледі. Ал аймақтық ғылыми негіздемесі және нөлдік технологиялары сақталған болса, қолдау көлемі бидайға – 1500, рапсқа – 12000, күнбағысқа – 9000, қыша мен қытай бұршағына – 5000, зығырға – 2500 теңгеге дейін өседі. Сол сияқты, көпжылдық және біржылдық екпе шөптер, сүрлемдік жүгері мен күнбағыс өсіретіндерге – 10000, картопқа – 25000 және көкөніске – 21000 теңгеден, егер олар тамшылатып суарылатын болса, сәйкес түрде 85000 және 75000 теңгеден демеуқаржылық қолдау жасалатын болады.

– Жемшөп дақылдарына нормативтердің бұлай күрт көтерілуінің себебі мал шаруашылығын дамытуды көздегеннен болар?

– Дұрыс айтып отырсыз, жем-шөптік дақылдарға демеуқаржы нормативінің артуы ауыл шаруашылығы жануарлары үшін қоғамдық табында ғана емес, азаматтардың жеке үй шаруашылығында да толыққанды жемшөп базасын құруды көздейді, ол мал өнімдерінің өсуіне ықпал етеді. Ол үшін судан шөбі, итқонақ, жемшөптік тары, сиыржоңышқа, бұршақ дақылдарымен аралас дәнді дақылдар (сұлы, арпа және бұршақ сиыр-жоңышқа) немесе бұршақпен аралас шөптер (судан шөбі мен бұршақ, тары мен бұршақ) сияқты біржылдық шөптер егістіктерін кеңейту қажет. Сондай-ақ, ескі, көптен жаңартылмаған көпжылдық шөптер алқаптарын жыртып, оларға қайтадан көпжылдық екпе шөптер себуді қолға алатын кез жетті. Облыстағы мұндай құнары кеткен көпжылдық шабындықтар алқабы 200 мың гектардан асады.

Қалай болғанда да берілетін демеуқаржы көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен жылы базалық нормадағы дәнді дақылдарға демеу-қаржы – 450, аймақтықғылыми негізделген технология бойынша – 800, майлы дақылдарға – 3900, біржылдық, көпжылдық шөптерге, сүрлемдік жүгері мен күнбағысқа сәйкес түрде 1500 және 1100 теңге болды.

– Енді элиталық және І-ІІІ репродукциялы тұқымдарды демеуқаржыландыру жайында не айтасыз?

– 2014 жылы облыстың тұқым шаруашылығын қолдауға бөлінген демеуқаржы сомасы 970,8 млн. теңгені құрайды, бұл өткен жылғыдан 539,8 млн. теңгеге көп. Былтыр өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көлемі 13 мың тонна элиталық тұқымға 297,4 млн. теңге демеуқаржы төленді, яғни бөлінген қаржының 133,6 млн. теңгесі игерілмей қалды.

Биылғы жылға бөлінген қомақты қаржының 432,0 млн. теңгесі элиталық тұқымдарды, ал қалған 538,0 млн. теңгесі І-ІІІ репродукциялы тұқымдарды демеуқаржыландыруды көздейді. Айта кетерлік жайт, І-ІІІ репродукциялы тұқымдарды демеуқаржыландыру бағдарламасы өңірде тұңғыш рет жүзеге асырылғалы отыр. Бұған дейін элиталық тұқымды сатып алуға демеуқаржы бөлінген болатын.

Биыл бөлінген 432,0 млн. теңге көлеміндегі сомаға барлығы 17,6 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдары демеуқаржыландырылады, соның ішінде 16,4 мың тоннасы – дәнді дақылдардың, 0,9 мың тоннасы – майлы дақылдардың, 0,07 мың тоннасы – шөптің және 0,2 мың тоннасы – элиталық картоп тұқымдары.

Элиталық тұқымдарды демеуқаржыландырудың тетіктері мен нормативтері жаңа ереже жобасында өзгеріссіз қалды десе болады. Сол ереженің жобасына сәйкес демеуқаржы 2013 жылдың 1 тамызынан бастап, 2014 жылдың 1 тамызына дейінгі кезеңде 2014 жылдың орағы есебіне өткізілген элиталық тұқым үшін төленетін болады, ал 2014 жылдың 1 тамызынан бастап және алдағы жылдары элиталық тұқымды демеуқаржыландыру тоқтатылады, одан әрі ол тек бірінші репродукциялы тұқымға беріледі.

– Осы орайда өңірдің сапалы тұқымдық материалдармен қамтылуы жағдайына да тоқтала кетсеңіз?

– 2014 жылдың егісіне қажетті 25,1 мың тонна элиталық тұқым бар. Оның 14,9 мың тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарына өткізу үшін дайындалған, бұл барлық 510 мың тонна тұқым қорының 4,9 пайызын құрайды. Элиталық тұқым сатып алуға шаруашылықтардан 25,3 мың тоннаға өтінім түсті. Алайда, жоспарлы сұрып жаңартуға аудандардың барлығының бірдей шамасы келе бермейді. Мысалы, Айыртау ауданында – 228, Аққайыңда – 486 және Мамлютте 344 тонна ғана элиталық тұқым бар. Өңірдегі І-ІІІ репродукциялы тұқым қоры – 73,8 мың тонна, оның 32,3 мың тоннасы шаруашылықтарға өткізу үшін дайындалған, бұл облыстағы барлық тұқым қорының 14,5 пайызын құрайды. І-ІІІ репродукциялы 10,9 мың тонна тұқым сатып алу жөніндегі жұмысты облыс аудандары белсендірек жүргізуі қажет. Сұрып жаңартатын сапалы тұқымға берілетін демеуқаржыға қол жеткізу үшін уақыт оздыруға болмайды.

– Өсімдік зиянкестеріне қарсы қолданылатын гербицидтерге және топырақ құнарлылығын көтеретін минералдық тыңайтқыштарға да демеуқаржы беріледі. Осылар жайында қандай түсінік бересіз?

– Гербицидтер құнын арзандатуға 2014 жылға бөлінген демеу-қаржы сомасы 2365 млн. теңгені құрайды. Оған өткен жылы да республикалық бюджеттен дәл осындай көлемде қаржы бөлінген, оның үстіне жергілікті бюджеттен 103,9 млн. теңге жұмсалды. Алайда, облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 3,6 млн. литр гербицид үшін 2274 млн. теңге демеуқаржы төленді, яғни 195 млн. теңге игерілмей қалды. Алдын ала деректер бойынша биыл өңірдің ауыл шаруашылық құрылымдары 4,4 млн. литр көлеміндегі гербицид құнын арзандатуға сомасы 2,9 млрд. теңгенің демеуқаржысына өтінім берді. Облыста гербицид өткізумен отыздан астам фирма, сол сияқты, республиканың басқа өңірлерінен, жақын және алыс шетелден гербицид жеткізушілер айналысады.

Енді минералдық тыңайтқыштарды демеуқаржыландыру туралы айтар болсам, биылғы жылы оның құнын арзандатуға бөлінген демеуқаржы сомасы 2 030 млн. теңгені құрайды, бұл өткен жылғыдан 1 132 млн. теңгеге көп. Былтыр облыс бойынша 38 мың гектар танапқа минералдық тыңайтқыштар енгізілген болса, оның 30 мың гектарында немесе 79 пайызында демеуқаржыландыру арқылы арзандатылған тыңайтқыштар қолданылды.

Алдын ала болжам бойынша облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 38 мың тонна тыңайтқышты арзандатуға сомасы 1 124 млн. теңгенің демеуқаржысына өтінім берді. Өңір аудандарының міндеті – осы арзандатылған тыңайтқыштардың уақтылы алынуын қамтамасыз ету. Биылғы жылы минералдық тыңайтқыштардың құнын демеуқаржыландыру тәртібі бұрынғы қалпында қалды. Қорыта айтқанда, демеуқаржының қандай түрімен болса да тиімді жұмыс жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Ал мұның өзі облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мықты қаржылық қолдау болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp