Дәуір жүгін арқалап, әлдиімен жас келіндерге үлгі-өнеге көрсетіп отырған көпбалалы аналар жайында әңгіме қозғар болсақ, ең бірінші Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Сәндігүл Жәнібекова еске түседі. Себебі, ол – 22 құрсақ көтерген ана.
Сыр өңірінде тұратын Нәзира Сабыралиева – еліміздегі ең жас көпбалалы ана. Ол 26 жасында өмірге жеті бала әкеліп, “Алтын алқа” иегері атанған.
* * *
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Светлана Иванова – бірден 4 қыз баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана. Мұндай оқиға өңірде ел Тәуелсіздігінің жиырма жылында алғаш рет тіркеліп отыр екен. 2011 жылы туған Марина, Екатерина, Антонина, Елизавета есімді қыздар бүгінде ата-анасын қуанышқа бөлеп, бойжетіп келеді.
2009 жылы аталмыш ауданда Жақыповтар отбасында үшем өмірге келіп, дүйім жұртты бір қуантып тастағаны оқырмандар есінде болар. Конституция күні өмірге келген үш нәресте есімдерін отағасы Азат, Азамат, Эльмира деп қойыпты. Әрқайсының салмағы екі килограмға жақын болып туған сәбилер бүгінде бес жасқа аяқ басқан.
* * *
Сәбидің өмірге келуі бір қуаныш болса, екі нәрестенің бір уақытта отбасына қосылуын Жаратқанның сыйы десе де болады. Осындай бақытқа бөленген отбасылар біздің облыста да аз емес екен. Облыстық перинаталдық орталықтың мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2013 жылы 61 егіз өмірге келген. Ал 2014 жылдың екі айында 10 егіз аман-есен дүние есігін ашқан.
Үшінші қалалық ауруханада 2012 жылдан бері репродукция бөлімшесі жұмыс істейді. Нәтижесінде 2013 жылы тоғыз бала өмір есігін ашса, оның төртеуі егіздер қатарын толықтырғаны мәлім болды.