Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып жүрген Біржан Есжанов – болашағынан үміт күттіретін әншілеріміздің бірі. Жақында Біржанның Қызылжарда жүргені жайында хабар құлағыма шалынған соң оның бұл сапарының мақсатын және дәстүрлі әндер, өнер туралы пайымдарын білу үшін жолығып, әңгімеге тартқан едім.
– Сізбен алғашқы әңгімеміз өткелі де араға біраз жылдар түсіпті. Өсіп, есейгеніңіз, ысылғаныңыз әбден байқалады. Дегенмен де оқырмандардың жаңа буынына түсінікті болуы үшін өмір жолыңызға қайта бір оралуыңызды жөн көріп отырмын.
– Туған жерім – Есіл ауданының Бірлік ауылы. Оқып жүрген кезімде асқан бір әншілік өнерді меңгеріп кеттім дей алмаймын. Алайда, халық әндерін жан-тәніммен ұнатушы едім. Бірақ орта мектептен кейінгі өнер оқу орнына сондай бір қаражаяу қалпымда қабылдана қойдым дегім де келмейді. Бір шындығы – Тәңір берген талантың болса, ол сенен, сен одан алшақ кете алмайды екенсің. Соған өзімнің өмірім айғақ. 2006 жылы он алты жасымда Петропавлдағы өнер колледжінің дәстүрлі әндер бөліміне қабылдандым да, халық әндерін және ұлттың ұлы сазгерлерінің туындыларын орындау машығына берілдім. Бақытыма қарай, осы бөлімде тамаша әнші, жас ұстаз Жанат Айтбаев дәріс береді екен. Мен және қазір Алматыда тұратын Досбол Назаров деген тұстасым осы Жанат ағамыздың телқозыдай алғашқы қос шәкірті болып шықтық.
– Жеңіс те ұзақ күттірмеген шығар?
– Солай ма деймін. Бір жыл оқығаннан кейін, 2007 жылы Талдықорған қаласында өткен халықаралық Дельфий ойындарына қатысып, дәстүрлі әндерді орындаушылардың арасында алтын медаль иеленіп қайттым. Сол жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылардың республикалық конкурсында сынға түсіп, үшінші орынды иелендім. 2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курсында оқып жүргенімде Қарағандыда Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық байқауға шақырылып, екінші дәрежелі лауреат атандым. Екі жылдан соң Көкшетауда дәстүрлі әндерді орындаушылардың “Атамұра” конкурсының бас жүлдесі маған бұйырды. 2013 жылы Павлодарда Естай Беркімбаев атындағы осындай сынақта екінші дәрежелі лауреат атағын олжаладым.
Осы тұста айтарым, нағыз өнер иесінің сынақтарда шыңдалатыны. Бір жеткен биігінен келесі жолы түсіп қалатындай сескенетіндер де болады. Сондықтан ондайлар сынақтарға қатысудан жалтарады. Мені ұстаздарым басқаша баулып келеді. Ризамын бұларына. Томағаны алып, топқа салмай, қыран жетілмейді, қанаттанбайды. Сол себепті “Аймақтар аламаны”, “Ұлы дала ойындары” сияқты сынақтарға да тартынбай қатыстым.
– Жоғарыдағы бір сөзіңізде Қазақ ұлттық өнер университетінде оқитыныңызды айттыңыз. Ондағы ұстазыңыз кім?
– Мен университетте атақты Жүсіпбек Елебековтің әйгілі екі шәкіртінің бірі – Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Қайрат Байбосыновтың алдынан білім аламын. Қайрат ағаның кім, қандай әнші екені әмсе қазақ жұртына, тіпті, елімізден тысқары жерлердегі ағайындарымызға аян болғандықтан, ол жайында түсініктеме беру – ерсі. Бір таңғалатыным – осы дәріс алу арқылы мен Қайрат ағадан, оның ұстазы Жүсіпбек атадан ғана емес, тіпті, бұлардан әрідегі Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтан үйреніп жүргендей сезінемін. Өйткені, Жүсекең солардан ән салу өнеріне машықтанды. Сол білгеніне Қайрат Байбосыновты, Жәнібек Кәрменовты үйретті. Ал Қайрат аға маған ғибрат дарытуда.
– Сіз жас болсаңыз да, жоғарыда атап өткен жетістіктеріңізге сүйене отырып, нағыз әншінің бойына ұялауға тиісті қабілеттер мен қасиеттерді айтып бере аласыз ғой деп ойлаймын?
– “Болдым!”, “Толдым!” деуден аулақпын, алайда, өнер жолында көргендерім, түйгендерім барын жасырмаймын. Сол сынақтарда көппен араластым, өзгелерді байқадым, өзімді салыстырдым. Олай болса, пайымым мынадай: әншіге жүрек толқынысы, тебіренісі керек қой деп ойлаймын. Әнші биік өреге, білімге, ұлттың табиғатын тануға ұмтылмай тұрып, өнерді бойына ұялата алмайды деген пайымым бар.
Әрбір сазгердің, халық әнінің өзіндік мінезі болатынына көз жеткіздім. Әнші сол әндерді орындау үстінде психолог болуға тиіс.
– Сіз жігіттің дер шағы – жиырма беске де толмапсыз. Алайда, ойлау жүйеңіз, пайымыңыз сүйсінтеді. Мәселен, өзіңізбен құрдас өнер иелерінен, әсіресе, әншілерден қандай сипатты талап етер едіңіз?
– Мен өзімнің өнер жолымда еңбекті аса қадірлеймін. Сол себепті, әрине, менен сіз сұрап отырғандықтан айтсам, жас әншілерден ұлттық өнерге сіңірген өлшеусіз еңбегін талап етер едім. Осындай жолмен ғана ұлттық руханиятты нығайтуға, дамытуға болады. Кеңес дәуірінде “Түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік” деген ұран болғанын өнер тарихын зерделей жүріп, білдім. Бұл не? Түр мен мазмұн бөлінгені ме сонда? Мұны ұлттық руханиятты қасақана өрлетпеу, тізгіндеп, тұсаулап тастау дегеннен басқа, не айтарсың? Еліміз тәуелсіздікке қолын жеткізгенге дейін руханиятымызға осындай жымысқы шабуыл жасалып келіпті ғой.
– Сіз ұлттық руханият жайында жақсы да жөнімен ой толғайды екенсіз. Тереңірек бойлай түссеңіз? Мәселен, оған деген қалыптасып қалған қасаң бір көзқарастың тоңын әлі де жібіте алмай келе жатқандаймыз-ау?..
– Ұлттық өнер жайында айтып отырсыз ғой?
– Тап солай!
– Мен де солай ойлаймын. Көш қозғалмады демеймін. Бірақ жүрісі баяу. Амал нешік, біз сол баяудан да жаяумыз. Әсіресе, дәстүрлі әндерге келгенде көшке ілесе алмаудамыз. Мысалы, әншілерін әлпештеп жүрген әкімдер некен-саяқ. Өткен замандарда би-болыстардың олай болмағанын Біржанның “Жанботасы” айғақтайды ғой. Азнабайдың поштабайы Біржанды неге сабайды? Өнері өзгелерден асып түскенін, сонысымен Жанботаның мерейі өсіп отырғанын қызғанғандықтан сабатады Азнабай. Сонда Біржан: “Жанбота, осы ма еді өлген жерім, Көкшетау боқтығына көмген жерің?!” деп жиынға ертіп апарып, соққыға жықтырып қойғанын бетіне баспаушы ма еді. Менің қынжылатыным да осы. Дәстүрлі әндеріміз еленбей, оларды шырқайтын әншілер босағада қалғандай көрінеді. Халық әндері, халық сазгерлерінің туындылары босағада қалғанда сол қатарда Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай бірге отырғандай болады. Сөйтіп, ойшыл емес, тойшыл әншілерге төрден орын бұйырғанын жасырып болмайды.
– Өңірімізде дәстүрлі әндердің орындалуына, оларға назар аударылуына көңіліңіз тола ма?
– Шынымды айтсам, ойдағыдай емес. Өзгені қойып, бұлбұл үнді Игібай Әлібаевты, Үкілі Ыбырайдың жиені Мұса Асайыновты, бертінге дейін жасап келген Сәлімгерей Сәдіриев, Рақым Бисарин және басқа тамаша әншілерді жадымыздан шығаруға хақымыз жоқ!
– Репертуарыңызға бойлағым келіп отыр…
– Бойлаңыз… Үкілі Ыбырайдан – “Гәкку”. Оның алты түрі бар екен. Үш түрін орындаймын. Содан соң – “Қалдырған”, “Шалқыма”. Ақан серіден – “Балқадиша”, “Райхан гүл”, “Құлагер”, “Шәмші-Қамар”. Мәдиден – “Қаракесек”, “Шіркін-ай”. Кәкімбек Салықовтан – “Сарыарқа”, “Аңсау”.
– Әңгімеміздің соңы таяған сыңайлы. Сапарыңыздың мақсатын білсем деп едім?
– Есімімді, өнерімді, бір мысқал болса да, естіп-білген қауым “Сол жігіт қайда жүр екен?” демесін деп, жерлестерімнің алдында сахнаға шығуды ұйғардым. Осы мақсатпен сәуірдің 16-сында Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өнер көрсетпекпін. Менімен бірге еліміздегі бір топ танымал әншілер, күйшілер, ақындар сахнаға шығады. Кешті астаналық белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізеді. Түйіндей айтқанда, мақсатым – жерлестеріме ұлттық руханияттың сәулесін шашу.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.