Қалалық Мәдениет үйінің құрамындағы белгілі өнер ұжымы – “Забияки” өнегелі-көрнекті шоу-тобының шаңырақ көтергеніне 20 жыл толды.
Бұл өнерпаздар тобына Челябинск мәдениет институтының түлегі Адиль Салимов жетекшілік етіп, ашылғаннан кейін он жыл өткенде оған “Халықтық ұжым” атағы берілді.
Көрермендерге ерте танылған топ байқауларда жеңіс тұғырынан көріне бастады. Атап айтқанда, 1995 жылы оның орындаушысы Е. Журбенко Ресей Федерациясының Челябинск қаласындағы “Алтын микрофон” халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
А. Салимов қазақ, орыс, әлем сазгерлерінің туындыларын арқау етіп, балалардың орындауына ыңғайлы әндерді таңдай білді. Бұл шығармалардың жанрлары да әртүрлі. Негізінен ойнақы, көтеріңкі мазмұндағы әндер. Сондай-ақ, ол әндерде отаншылдық рухы атойлап тұратынын көрермендер, әсіресе, балдырғандарын жетектеп келетін ересектер баса айтады. Мәселен, “Отаным менің” немесе “Қазақстаным менің”, “Туған жер” әндері осыған дәлел.
Қазақ сазгерлерінен Нұрғиса Тілендиевтің Мұқағали Мақатаевтың “Сарыжайлау” өлеңіне жазған әнін мысалға алуға болады. Ұлттық әндерден, сондай-ақ, Ескендір Хасанғалиевтің “Аңсағаным” әнін және одан өзге сазгерлердің “Жан-гүлім”, “Қызылжарым”, “Қыздар-ай” сияқты туындыларды атап айтар едім.
Соларға қоса, репертуардан Моцарттың, Шопеннің шығармалары орын алған. Орыс сазгерлерінен Илья Резниктің, Олег Газмановтың әндеріне орын берілген.
Репертуардағы қырықтан аса, үнемі орындалып жүретін әндерді түгел тізіп шығу мүмкін емес. Десек те, балалар көңілінен шығатын “Жалқаубек”, “Көңілді етікші”, “Бала тілегі”, “Жүз дос”, “Ергежейлі еркелер” ойнақы әндері кішкентай көрермендерді баурап алатынына көзіміз жетіп жүр.
Жоғарыда атап өткенімдей, “Забияки” тобы алғаш отау тіккен күннен бастап ән сынақтарының биігінен орын алып келеді. Солардың ішіндегі ең сүбелілерін айтсақ, 1996 жылы Алматыда халықарлық балалар шығармашылығының “Айналайын” деп аталатын байқауына қатысып, лауреат атанды. Келесі жылы Челябинск қаласында балалардың вокал байқауында диплом иеленді. Ал 1999 жылы Ақмола қаласында өткен республикалық “Шабыт” конкурсында бас жүлдені еншіледі.
2000 жыл бұл ұжым үшін өте олжалы болды десем, артық емес. Атап айтқанда, Мәскеуде өткен балалардың “Балалықта шек жоқ” деп аталатын Халықаралық фестивалінде ең құрметті жүлдеге қол жеткізсе, Туапседе эстрада әндерін орындайтын балалардың Халықаралық байқауынан тағы да бас жүлдені иеленіп оралды.
2001-2011 жылдар аралығында “Забияки” үнемі жеңістерге қол жеткізіп келгені қандай мақтаныш! Әсіресе, 2005 жылы “Жастар дауысы” аталған халықаралық байқауда алдарына өзгелерді түсірмей, бас бәйгені алса, 2008, 2009 жылдары Ресейдің Волгоград, Санкт-Петербург қалаларының көрермендері осында өткен Халықаралық байқаулардың бас жүлдесін иеленген петропавлдық әншілер тобының мерейіне куә болды.
Ұжымның өнер айдынында еркін жүзуін мынадан да байқауға болады: аталмыш топ өткен бір жылдың ішінде отыз бес концерт беріп, он екі жарым мыңнан астам көрерменнің көзайымы болды.
Сұлушаш ЖАНБОЛАТОВА,
Петропавл қалалық Мәдениет үйі
директорының орынбасары.