«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫН ШАЛҚЫТҚАН үшем өсіп келеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үшемнің дүниеге келуі – өмірде сирек кездесетін қуаныш. Төрт және бес сәбилілер көпбалалы отбасылар саналатын бұл заманда жарық дүниеге бірден үш жан иесінің келуінің маңыздылығын осыдан-ақ біле беріңіз.

Осыдан сегіз жыл бұрын, атап айтқанда, 2006 жылғы 20 желтоқсанда қаланың іргесіндегі Бескөл ауылында ерлі-зайыпты Ирина мен Вадим Жолудевтердің отбасында бірден екі ұл және бір қыз бала дүниеге келген еді. Жаңа жылдың қарсаңындағы бұл үлкен жаңалықты біздің газет өңір ақпарат құралдарының ішінде бірінші болып жариялап, қуанышты ата-ананың перзентханадан шыққан сәбилерімен бірге түскен суретін қоса берген болатын. Жарық дүниеге бірінші келген Даниилінің салмағы 1,7 килограмм, одан кейінгі Ильясы 1,47 килограмм және Олясы 1,45 килограмм тартқан бүлдіршіндердің бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек мақсатта олардың Бескөлдегі отбасында болып, ата анасын әңгімеге тарттық.

– Біздің үлкен ұлымыз Евгений қазір 26 жаста, өз шаңырағы бар, келініміз Вероника екеуі бізге Милана атты немере сүйгізді, жуырда алты айға толды. Үшем балаларымыз тұңғышымыздан 18 жылдан кейін дүниеге келді. Басында, әрине, қиындау болғаны рас, жас нәресте иісін ұмыта бастаған кезімізде бірден үш сәбидің өмірге келуі абдыратып тастағанын жасырмаймыз. Жауапкершілік жүгін бірлесіп көтеруімізге тура келді, жұбайым реніш білдірмей, түн ұйқысын менімен бірге бөлуші еді, – дейді Ирина Генриховна. Сондай-ақ, ол өздерінің аудандық балалар дәрігерлері мен әлеуметтік қызметкерлер тарапынан да қамқорлық аясында болып, қолдау тапқандарын айтады.

Ата-аналарының бақытына қарай балалары аман-сау өсіп, Ильясы мен Олясы бір жылдан сәл аса аяқтарын басты. Ал Даниил олардан кейіндеу жүрді. Қазір Оля мен Илья Бескөл мектеп-гимназиясының 1-ші сыныбына барып жүр. Құлағы нашар еститін Даниил қаладағы арнайы интернатта оқиды.

Вадим Петрович – жеке кәсіп иесі. Ол ағаш материалдарын дайындаумен айналысады, атап айтқанда, жергілікті қайың мен теректен төрт қырлы дайындамалар және тақтайлар тіледі. Бескөлде жекеменшік құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, мұндай материалдарға сұраныс зор. Сондықтан оның жекеменшік кәсібінен кіргізер табысы да аз емес. Зайыбы Ирина Генриховна әзірге тұрмыс жағдайына қам жемейді, мектепке барып жүрген балаларына әлі де бас-көз болып, үй шаруашылығын жайғастырады. Кешкілік балаларын сабаққа дайындап, ертеңгілік мектепке шығарып салады. Қалада оқитын Даниилді демалысқа алып келіп, апарып салуды Вадим өз мойнына алған. Сөйтіп, бақытын баларынан тапқан Жолудевтердің отбасында шаңырақ шаттығы шалқи түсуде. Оларда желкілдеген құрақтай үшем өсіп келеді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: ерлі-зайыпты Жолудевтер үшем балаларымен бірге.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp