«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕРЛІК САЙЫСТА ШЫНДАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының егемендігі ұлттық өнеріміздің және спорт түрлерінің дамуына даңғыл жол ашты. Соның арқасында біздің өңірдің орталығында ұлттық спорт мектебі ашылғанды. Соңғы жылдары одан ат спорты түрлері өз алдына енші алып, Қызылжар ауданындағы атшабарда аталған спорт түрлерінің мектебі шаңырақ көтерді.

Оның ішінде ежелден келе жатқан бәйгеге көкпар ойыны қосылды. Ежелгі ұлттық спортымыздың кең даланың жазығында жігіттердің білек күші мен сәйгүліктердің айла-әдісі сыналатын көкпар сияқты түрі негізінен оңтүстік өңірлерде ғана сақталып қалғаны шындық. Әсіресе, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда өңірлерінде ежелгі ескі күндерден желісі үзілмей, жалғасын жоғалтпай жеткен көкпар кейінгі уақытта Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында да дами бастады.

Біздің өңірімізге көкпар бұрынғы Көкшетау облысының Уәлиханов, Ақжар, Айыртау, Тайынша аудандары қосылуына байланысты жан-күйерлердің делебесін қоздыратын ұлттық спортымыз болып шықты. Бұл ретте уәлихановтық аттың құлағында ойнайтын әйгілі білекті де жүректі жігіттер – ағайынды Махатовтардың үлгісін айтпай кетуге болмайды. Бұлар өңір көкпаршылары құрамасының негізін қалады. Әсіресе, есімі елімізге белгілі көкпаршы Рамазан Махатовқа ризалық білдіруге болады. Ол өз ауданының ғана емес, бүкіл өңіріміздің көкпаршыларының көшін бастап, республикалық сайыстарда олжа салды.

Қазір облыстық атшабарда орналасқан балалар мен жасөспірімдердің ат спорты мектебінің директоры Сабыржан Әбілтаевтың айтуынша, Уәлиханов, Тайынша, Ақжар аудандық филиалдарында көкпаршылар топтары жаттығады. Уәлиханов аудандық бөлімшесін Рамазан Махатов басқарса, Ақжарда – Руслан Смағұлов, Тайыншада – Мақсат Азбаев көкпаршыларды жаттықтырады.

Бір атап айтарымыз, облыс құрамасында Вадим Любарский деген орыс жігіті бар. Ол 1985 жылы Тайынша ауданындағы Алабота ауылында туған.

Өткен жылы Көкшетауда өткен Қазақстан чемпионатында әр өңірден қатысқан барлығы үш жүз көкпаршының ішінде ұлты орыс осы Вадим Любарский ғана болды. Жастайынан аттың құлағында ойнап машықтанған ол жаттықтырушысынан көкпардың қыр-сырына әбден қанығып, өзінің білек күшінің арқасында жарысты тамашалаушыларды таңғалдырған.

Атап айтқанда, осы чемпионатта біздің көкпаршылар қостанайлықтарды 4:3 есебімен ұтып, қазандыққа үш бірдей салымды осы Вадим түсірді. Алайда, қостанайлықтар да қарап қалмай, олардың көкпаршысы Рыскелді Байтасов та серкені біздің қазандыққа үш мәрте салып, есепті теңестірді. Бірақ Рамазан Махатовтың салымының арқасында біздің жігіттер 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Жоғарыда айтқанымдай, көкпар ойыны біздің облысымызда кен-желеп қалған. Ол аталған үш ауданда ғана дамуда. Мысалы, Жамбыл, Шал ақын, Аққайың, Есіл аудандарында да дамытуға болады ғой. Бірақ бұларда оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келеді.

Көкпарда жігіттердің білек және тақым күші ғана емес, арнайы жаттыққан аттардың әдіс-айласы да қажет. Көгілдір экраннан көрсетілетін “Көкпар” хабарынан ұғып, пайымдап алғанымдай, әдістенген айлалы аттар болады екен. Оларды арнайы атбегілер баптайды. Екі жақтан екі жігіт шығып, орталық шеңберде жатқан серкені жерден көтеріп аларда әбден жаттықтырылған ат оған мұрша бермейді. Ол өзінің денесімен қарсыласының атын ығыстырып, төсімен соғып, қыруар кедергі жасайды.

Мұны С. Әбілтаев та атап айтып отыр. Мен 1974 жылы Қырғызстанның Ош қаласында әскери оқуда болғанымда осында әр сенбі, жексенбі сайын “Көкпар” мен “Қыз қууды” тамашалаушы едім. Қырғыз көкпаршылары ересен әдісқой екенін содан барып білдім. Мысалы, олар көрші Жамбыл облысының көкпаршыларымен сайысқа түсіп, бірде жеңіп, келесі жолы жеңіліп, итжығыс түсіп жүреді.

Өткен жылы көкпардан Қазақстанда болған Азия чемпионатында қырғыз көкпаршылары біздің жігіттерден ғана жеңіліп, екінші орын алуының сыры осында.

Қорыта айтқанда, біздің өңірде көкпардың өрісін кеңейтіп, білекті де жүректі жігіттерімізді оған машықтандыру керек. Үйренгеннің алмайтын асуы болмайды ғой.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp