Біз бұдан бұрын (6.03. №30) “Улыбка” қайырымдылық қорының жаңа кеңсесі ашылғандығы жайында жазған болатынбыз. Бүгінгі “Ұлпан” қосымшасында аталмыш қордың жұмысына кеңірек тоқталып өтуді жөн санадық. Осы мақсатпен қордың төрайымы Галина Бондаренкомен сұхбаттасып, аналарды толғандырған біраз сұрақтарға жауап алдық.
– Галина Анатольевна, жаңадан ашылған кеңсе жайында не айтасыз?
– Біздің қордың ашылғанына бір жылдай ғана уақыт болды ғой. Бірақ, осы аз уақыт аралығында да ауқымды жұмыс атқарып үлгердік деп айта аламын. Бұрын біздің жалға алып отырған бір бөлмеміз жұмыс істеуге қолайсыз болатын. Осындай кең, балалар үшін жақсы бір орын болса деген бір арман еді мені алға жетелеген. Енді, міне, сәтін салып, сол күнге де жеттік. Өкінішке қарай, кеңсені жалға алып отырмыз, бірақ алдағы уақытта бұл мәселеміз де оң шешімін табар деген үміттеміз.
– Бастамаларыңызда айтарлықтай бір ерекшелік бар ма?
– Негізінде шағын орталықтар сияқты жұмыс істейтін боламыз, бірақ ерекшеліктер де бар. Жұмыс ауқымы кең. Балаларға арналған ойын бөлмесін аштық. Онда әр ата-ана баласын кемінде төрт сағатқа тәрбиеші қарауына қалдырып кетуге мүмкіндік бар. Сағаты – 200 теңге. Мүгедек балалар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға елу пайыз жеңілдік бар. Біздің ойын бөлмесіне келгенде балалар тамақ ішпейді, ұйықтамайды. Тек белгілі бір уақытты қызықты өткізуге мүмкіндік жасалған. Бір ерекшелік осында деп айтуға болды. Мұны айтып отырған себебім, кейбір аналар шағын орталық деп түсініп қалмасын дегенім ғой. Бұл жерде біздің көздегеніміз – кішкентай баласы бар аналарға көмек қолын созу.
– Бұдан басқа тағы қандай жұмыс жүргізіледі?
– “Фея” орталығында балалар үшін көптеген шаралар ұйымдастырылады. Бұл біздің жоспардың бір бағыты. Онда келетін балалардың жасына шектеу қойылмайды. Тәрбиешілермен қатар, психолог, дефектолог логопед, хореограф, фитнес жаттықтырушысы және басқа қажетті мамандарды жұмысқа жұмылдырудамыз. Олар әр жастағы балалармен түрлі ойын сабақтарын өткізеді. Мәселен, “Тигруля” балалар клубы бар. Онда балаларды қазақ, ағылшын тілдеріне үйретеді, спорт саласы да қамтылған, суретке түсіруге ден қойған ұл-қыздар да назардан тыс қалмады. Олармен тәжірибесі бар фотосуретшілер жұмыс істейді. Сондай-ақ, өнер, білімге қызығушылық танытқан, не болмаса іспен айналысу, тоқу мен оюға үйренгісі келетіндер болса есігіміз ашық дегім келеді.
– Мүгедек балаларға арналған қандай сабақ түрлері бар?
– Кембағал жандар біздің басты назарымызда. Әрбір көмек сұрап келген анаға мүмкіндігіміз келгенше қолғабыс беруге дайынбыз. Қаражат жағын да қарастырамыз. Осы мақсатта түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Орталықта мүгедек балаларға арналған петтерапиясы өткізіледі. Мәселен, сабаққа кинологтардың қатысуы мүмкін. Бұл – өте қолайлы. Себебі, өзі де денсаулығының сырқаты бар балаларды кинологиялық орталыққа апарғанша, оның қызметкерлері өздері келіп, арнайы үйретілген иттерімен түрлі ойын түрлерін көрсетіп, баланың көңілін аулайды. Әрбір сабақ жоспарға сай ұйымдастырылып тұрады. Бұған жауапты адамдар да белгіленді. Сондай-ақ, мүгедек балаларға арналған “Бәріміз бақыттымыз” деген тақырыпта сабақ өткізіп тұрамыз. Онда аналар 1-2 сағатқа өз қалауларынша балаларын қалдырып кете алады. Бізде тәжірибелі мамандар бар. Балалардың қабілетіне қарай түрлі пайдалы ойын-сабақтар өткізіп тұру жағы толықтай жолға қойылған.
– Ұл-қыздардың қызығушылығын тудыратын тағы қандай үйірмелер бар?
– Біздің орталыққа келіп, шахмат, дойбы ойнауға болады. Бидің бірнеше түріне үйрете алатын мамандарымыз да аз емес. Тәтті, дәмді тамақ істеуге үйрететін сабақтар да бар. Сенсорлық кабинет ашуды да жоспарға енгізіп қойдық. Жалпы барлық саланы қамтуды ойластырып отырмыз. Бұл жерде, әрине, демеушілердің де көмегі қажет.
– Аналарға не айтасыз?
– Біздің орталық ана мен балаға арналған соң олар да шет қалған жоқ. Бұл жағын да ойластырып қойдық. Бізде “Аистенок” жас отбасы клубы жұмыс істейді. Онда мамандардың ұйымдастыруымен аналар үшін түрлі сабақтар өткізіліп тұратын болады. Мәселен, “Босанғанға дейін, одан кейін өзіңнің денсаулығыңды қалай күту керек?” дегендей маңызды сұрақтарға жауап алуға болады. Үлкендерге арналған логопед маманы жұмыс істейді. Қыз-келіншектерді әдемі жүріп-тұруға, дұрыс боянуға, талғаммен киінуге үйрететін сабақтар да бар жоспарда. Аналарға өздеріне арналған сабақтарға балаларын да бірге алып келуге болады. Ол жағы да қарастырылған. Жалпы, біздің “Фея” білім беру, сауықтыру және ойын-сауық орталығында алдағы уақытта бірталай маңызды істерді жүзеге асырамыз ба деген үмітіміз бар. Қазіргі уақытта әлі де керек деген мамандарды жинап, сала бойынша бөлу дегендей шаруалармен айналысып жүрміз. Бір айтарым, бізге келген ана да, бала да уақытын текке өткізбейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.