Көктем келді. Олай болса табиғат анамен бірге нәзік жанды қыздар да осы кезде ерекше бір құлпыра түседі. Қысқы тондарын жеңіл сыртқы киімге ауыстырып, шамалары келгенше көйлек-көншектің ең сәнді деген түрлерін киюге тырысады.
Әрине, сәнді көйлек, әсем сөмке, біз өкше туфли киіп, иықты тік ұстап, басты көтеріп жүру керектігін әрбір қыз бала біледі. Бірақ, бұл барлығының қолынан келе бермейтін шаруа ғой. Біреулер биік өкше кие алмайды, екіншілері қолға сөмке ұстағысы келмейді дегендей. Бірақ, қысқа көйлек кигенді қыздардың барлығы дерлік ұнатады. Ал бойжеткендердің осындай таңдауына әр жастағы оқырмандарымыз қалай қарайды екен. Солардың ойын тыңдап көрейік.
Гүлжамал Нұрхан,
32 жаста:
– Мен үнемі көйлек киіп жүремін. Ыңғайлы әрі әдемі. Өз басым көйлек кимейтін қыз балаларды түсінбеймін. Меніңше, көйлек қыздардың ажарын аша түсетін сияқты. Оның үстіне қазір көйлектердің түр-түрі бар ғой. Ал қысқа көйлекке келер болсақ, оны, әрине, киюге болады. Өзіңе жарасып тұрса және лайықты болса, несі жаман? Ең бастысы, шектен шықпасақ болғаны. “Қазір бәрі осылай киінеді, жұрттан қалуға болмайды” дегендердің ойымен келіспеймін. Әр адамның өз талғамы, таңдауы болуы керек.
Дария Есен,
45 жаста:
– “Қызға – қырық үйден тыю” деп аталатын тәрбие түрі бар емес пе? Мұның ішінде қыздарымыздың киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті дегендей, маңызды дүниелердің барлығы қамтылады деп ойлаймын. Бұрын, өзіңіз білесіз, қыздарды кішкентайынан бастап аналарымен қатар, әжелері өз тәрбиесіне алған, оларға қос етек көйлек кигізіп, шаштарын өріп, үнемі жинақы жүруді құлақтарына құйып отырған. Ал қазір бәрі өзгеше.
Мектепке, түрлі сайыстарға барғанда не болмаса үлкен адамдардың алдында қысқа көйлек киіп жүрген ұят болады. Қазақ қыздары қайда жүрсе де, атына заты лайық болу керек.
Бикамал Жарылғапова:
58 жаста:
– Әрине, жастарды да түсінуге болады. Олар сәннен қалғылары келмейді. Бірақ, жұрт киді екен деп көрінгенге қызыққан дұрыс болмас. Меніңше, көйлектің ұзындығы тізеден төмен болса, әдемі көрінеді. Қысқа көйлек қыздар үшін сән болғанымен, ұлттың келешегі үшін мән болмай тұр ғой. Көйлектің қысқарғаны ұлт қыздарының ұятының кемігені деп ойлаймын. Кіндігіне сырға тағып, ол аздай шорти киіп жүргендерді де көреміз кейде. Ондай кезде басыңды шайқағаннан басқа амал қалмайды. Күні ертең ана атанғанда олар қандай ұрпақ тәрбиелей алады екен деп те ойлаймын кейбір кезде. Жалпы қыздардың дұрыс киінуіне ата-ана, мектеп, жоғары оқу орындары тарапынан да күшті талап қойылса құба-құп.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.