«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕР ҚАТАРДАН ҚАЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отанды қорғау – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының конституциялық борышы.

Қазақстан шекараларының тұтастығын қамтамасыз ету үшін ел Президенті Н.Назарбаев 1992 жылдың 7 мамырында “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы” №745 Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, бұрынғы Кеңес Армиясының құрамалары, бөлімдері мен бөлімшелері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің негізін құрады.

Қарулы Күштердің құрылу тарихының басында нағыз кәсіби жауынгерлер тұр. Кешегі офицер, прапорщик және келісімшарт бойынша әскер қатарында болғандар бүгінде запаста немесе әскери қызметте болудың шектi жасына жетіп, отставкада жүр. Олардың мүдделерін кім қорғамақ, қиын-қыстау кезінде көмек қолын кім созбақ деген ой ардагерлерді алаңдатқан болатын. Кезінде Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп, кейін демалысқа шыққан азаматтардың құқығы енді жан-жақты қорғалатын болды. Себебі, елімізде запастағы генералдар мен офицерлердің бастамасымен әрбір облыс орталығы мен Астана және Алматы қалаларында “Қарулы Күштер ардагерлері” қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында өз жұмысын жүргізіп келе жатқан бірлестіктің құрамында 100-ден астам Қарулы Күштер ардагері бар.

Ұйымның құрылуының негізгі мақсаты Қарулы Күштердің ардагерлері мен олардың отбасы мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау болып табылады. Сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, офицерлер қауымының кәсіби дайындығын арттыруда төл әскерімізге жәрдемдесу, аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін жалғастырып, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу.  

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қатардағы жауынгерлердің және жасөспірімдердің әскери ғылымды, қару-жарақты және әскери техниканы меңгеруінде кәсіби шеберлікке ұмтылуын, заңдылықты мүлтіксіз сақтау, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру жұмысына белсене қатысып келеді. Республикалық мәртебеге ие болған бірлестіктің құрамындағы ардагер-әскерилер демалыстағы ардагерлердің және олардың отбасыларының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен айналысып қана қоймай, сонымен бірге офицерлер қауымын кәсіби тұрғыда даярлауға жәрдемдесіп, патриот жастардың қатарын арттыруға күш салады.

Қоғамдық бірлестіктің өкілдері жыл сайын өткізілетін маусымдық әскерге шақыру науқанына қатысуды игі дәстүрге айналдырған. Бұл шараларда запастағы әскерилер өскелең ұрпақ өкілдеріне өздерінің өмірлерінен қызықты оқиғалар мен әскери дәстүрлер жайында айтып, жастарды Отан алдындағы борышын абыроймен өткеруге шақырады.

2012-2013 жылдары да әскери міндеттілерді әскери-оқу жиындарына аттандыру іс-шараларына қоғамдық бірлестіктің мүшелері бір адамдай қатысты.

Борис САПЕНКОВ,

облыстық Қарулы Күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp