Бидайық ауылы – өңіріміздің Уәлиханов ауданында орналасқан елді мекен. Ауылымыз – байырғы тұрғындарының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары қалыптасқан, ата-бабаларымыз ғұмыр кешкен жер.
Бүгінде де ғибратымен көптің көз алдында жүрген, өнеге дарытатын ата-әжелеріміз бар. Солардың бірі – жасы сексен үшке келген Күлпан Әміржанқызы. Әрбір елді мекеннің беделді де тәжірибелі, өмірде көргені көп, сөзіне кейінгі жастар да, замандастары да ұйыған, пейілі кең, жүрегі таза адамдары болады ғой. Күлпан әжеміз осындай жан.
“Ел іші – өнер кеніші” демекші, ол кісі өлең жазады. Сондықтан оны мақтаныш етеміз.
Жетімдікті де, жоқшылықты да басынан өткерген Күлпан Әміржанқызы Бидайықта Алланың панасында, халықтың арасында ғұмыр кешіп, бұл күнде қадірлі қария болып, ел-жұртының, балаларының, келіндерінің қызығын көріп отыр. Мұны Күлпан әжейдің өзінің сөзімен айтсақ:
Алланың мен ризамын бергеніне,
Жасымнан рахат, бейнет көргенім де.
Күніне мың бір тәуба Жаратқанға
Денім сау, басым аман жүргеніме –
деп, еліміздің тыныштығын, балаларының аман-есендігін тілеп отырады.
2003 жылы ол “Жыр-ғұмыр” деген өлеңдер жинағын шығарған еді. Содан бері тоқтап қалмай, өмірден көрген-білгендерін арқау етіп, сүйікті ісін жалғастырып келеді.
Сөз соңында оның мына екі өлеңін оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдім.
Алтынай АСАЕВА,
кітапханашы.
ӨМІР
Бәрімізден өмір деген өтеді,
Бұл өмірде қызыққа не жетеді?
Тіршілікте еңбек ет те, ойнап, күл,
Әйтпегенде ғұмыр босқа кетеді…
БАЛДЫРҒАНДАРҒА
Зерделі, ұғымды бол, үздік оқы,
Арқау қыл, ұққаныңды ішке тоқы.
Қоғамға пайдаң тисін біліміңмен,
Талпынсаң ыждағатпен болмас олқы.
Арлы бол, кішіпейіл, ғибратты,
Зиялы, сыпайы бол нұр-сымбатты.
Бөгетсіз тосқауылдан тез өтерсің,
Сақтасаң саф алтындай ар-ұятты.
Мінезің шәлкес болмай, төзімді бол,
Тәртіпті, тәрбиелі, сезімді бол.
Тайсалмай, тартпақтамай алға ұмтыл,
Қарағым, кәрі әжеңнің тілегі сол.
Жүрегің жарық Айдай таза болсын,
Ақылың бар ісіңе аға болсын.
Ісіңмен барша жұртты сүйсіндіріп,
Ел-жұртың алғыс айтып, баға берсін!
Күлпан ӘМІРЖАНҚЫЗЫ.
Уәлиханов ауданы.