«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТАН БАС ТАРТПАЙЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бала – біздің байлығымыз, бақытымыз” деп жиі айтамыз. Бірақ қазір осы байлықтан бас тартып жүргендер де жоқ емес. 

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ көбіне қазіргі жас жұбайлар екі, одан асса үш баламен ғана шектелгенді дұрыс деп санайды. Өз басым онымен келіспеймін. Әр бала – өз несібесімен. Баспана, басқа да мәселе деп сынықты сылтау ете берсек, қазақтың санын қайтып көбейтеміз? Міне, жас келіндердің бір мезгіл осы жағын да ойлағаны дұрыс сияқты. “Көш жүре түзеледі” демей ме, дуалы ауыз. Олай болса, барлығы өз ретімен деп, жақсылыққа сену керек. Баладан баланың артықшылығы жоқ. Бір үзім нанды бөліп жесе, бір-біріне қамқор болып өссе, оның несі жаман?! Қайта көпбалалы отбасында өскен бала көпшіл болады.

Мен өзім көпбалалы анамын. Он бір құрсақ көтердім. Шүкір, барлығын аман-есен ержеткізіп, өрімдей етіп өсірдік. Балалар бірін-бірі бағып, үлкендер кішілерге қамқор болып өсті. Өзім де үй шаруасымен шектеліп қалған жоқпын. Зейнеткерлік жасқа жеткенше еңбек еттім. Бүгінде ұлым ұяға, қызым қияға қонды. Әрбіреуі өз алдына бір отау. Енді қартайған шағымда солардың арасында қызықтарына ортақтасып жүрген жайым бар. Міне, ана бақыты деген осы емес пе?!  

Өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, жас келіндерге “Етектерің балаға толсын” дегім келеді. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдау үшін барлық жағдай жасалуда. Мектеп, балабақша саны көбейіп келеді. Бала бір жасқа толғанша төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де едәуір өсті. Осының барлығы халықтың жағдайын жақсартуға жасалып отырған оңтайлы қадам. Олай болса, бала санына шектеу қоюға болмайды. Әрине, жоғарыда атап өткен мемлекеттік жәрдемақы бала үш жасқа толғанша төленсе жақсы болар еді. Бірақ оның барлығы уақыт еншісінде. “Балалы үй – базар” деп үлкендер дұрыс айтқан ғой. Ендеше, әр үйдің өз базары болсын дегім келеді.

Нүризат ИТЕМІРҚЫЗЫ.

Есіл ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp