«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШУАҚТЫ ОРТА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласында жекеменшік мекеме ретінде жұмыс істеп жатқан оқу-өндірістік комбинаты үшінші рет түлектерін ұшырмақшы. Мұнда халыққа қызмет көрсету саласы бойынша бірнеше мамандық иесі даярланады. Ондағы тігінші, аспаз, шаштараз, етікші сияқты мамандарға сұраныс жоғары екендігін айтар болсақ, оның түлектеріне тұрақты жұмыс орнын табу да қиындық тудырмайды. Аталмыш орталықтың басты артықшылығы – мұндағы курстарға көбіне мүмкіндігі шектеулі балалардың тартылып, олардың арнайы бір кәсіпке баулынуы. Мұндай оқыту орны басқа өңірлерде жоқ екендігін, сондай-ақ, онда оқыған жастардың өмірден өз орнын жеңіл табатынын ескерсек, бұл комбинатты ұйымдастырушы кәсіпкер Николай Соколов пен оның педагог-мамандарының еңбегін жоғары бағалаудың реті бар.

– Мен жүргізетін сала – етікшілік. Биыл мен дәріс беретін 15 шәкірт диплом алып шығады. Әріптесім Николай Буш бірінші курстың 25 шәкіртін тәрбиелеуде. Олар 1 жыл 10 ай бойы теориялық және тәжірибелік білім алады. Екі оқушым жұмысқа орналасып та алды. Жалпы шәкірттерімнің басым бөлігі қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған №2 коррекциялық мектеп-интернаттың түлектері, яғни қоғамның әлжуаз тобы. Әрине, олармен жұмыс істеу қиынырақ. Алайда, біз олардың бір мамандыққа кәсіптеніп, ертеңгі күні өз нәпақаларын табатындай деңгейге жеткенін қалаймыз. Біздегі оқыту бағдарламасы оларға жөндеу жұмыстарының қыр-сырын үйрету болғанымен, мен олардың түйсіну мүмкіндігі мен икемділіктеріне қарай мамандыққа терең бойлату бағытында жұмыс істеймін, – дейді етікшілер тобының ұстазы Күлмайраш Қасымова.  

Сонымен қатар ұстаздар шәкірттерінің бұл кәсіпке талпынысын шыңдай отырып, олардың бойына іске жауапкершілікпен қарау әдетін сіңіреді. Өйткені, жастар ертеңгі күні қоғамдық ортада еңбек еткен кезде тұтынушылар талабының жоғары болатынын түсінгендері абзал. Жас шеберлер ескі аяқкиімдерді сапалы жөндеумен қатар, жаңа аяқкиім үлгісін жасап, сол үлгі бойынша тігіп шығуға үйретіледі. Бір сөзбен айтсақ, мұнда оқып жүргендер бүгін үйренуден жалықпаса, ертеңгі күні олардан білікті маман қалыптасары сөзсіз.

Аталмыш комбинатта екінші жыл білім алып, тәжірибе жинап жатқан Жұлдызбек Өтепов биыл дайын маман болып шығады. Оның мақсаты – өзінің жеке шеберханасын ашып, Жамбыл ауданында тұратын ата-анасына көмек көрсету. Оқыту орнына 9-шы сыныптан кейін өз қалауымен келген ол – бүгінде қатарластарының алды.

– Әкесі ауырады. Отбасылық ахуалды жақсартуды көздеген жігіттің өз жоспары бар. Осы бір жарым жылдың ішінде етікшіліктің қыр-сырын жақсы үйреніп алды. Оның ынтасы мен қабілеті басқаларға қарағанда әлдеқайда басым. Өзіне, әкесіне, інісіне аяқкиімдер тікті. Қолы икемді. Мұнда кейбір баланы үйрету үшін олармен жеке-дара жұмыс істеуге тура келеді. Жұлдызбек – өз бетінше шеберлігін таныта алатын шәкірт, – дейді ұстазы.

Әлбетте, Күлмайраш Қадырәліқызының қарамағындағы балалардың барлығы Жұлдызбектей емес. Шәкірттерінің біразы мүмкіндігі шектелген жас жеткіншектер болғандықтан, тәлімгерге олармен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Бірақ өз ісіне сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарайтын жан олардың әрқайсысы үшін қапаланады. Тіпті, курсты бітіріп кеткен шәкірттерімен байланысын үзбей, оларды еңбек ортасына сіңісіп кеткенше қадағалап жүреді.

– Өзіңнің бұрынғы жуас шәкіртің есіңе түссе, “Жұмыс беруші баланың еңбегін қанап, ренжітіп жүрген жоқ па?” деген ой көкейде тұрады. Үнемі бақылап жүреміз. Біз жекеменшік болғанымызбен, мемлекетпен әлеуметтік серіктестіктегі мекемеміз. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама бойынша тапсырыс – біздің негізгі табысымыз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында мүгедек жандарға ерекше қамқорлық керек екенін баса айтты. Олардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетілсін деген тапсырма берді. Ендеше оларды жұмыспен қамту, тіпті, жеңілдей түседі деп ойлаймын, – дейді Күлмайраш Қадырәліқызы.

Жалпы, етікшілік маусымдық жұмыс саналады. Әсіресе, күзгі, қысқы аяқкиімдердің киілетін уақыты жақындаған кезде тұтынушылар қатары қалыңдап кетеді. Мұндай уақытта етікшінің жақсы табыс табуға мүмкіндігі зор. Күлмайраш Қадырәліқызының айтуынша, оның бір шәкірті үнемі сабақтан қашып, ұстазын әлекке салып жүріпті. Бірде комбинатқа етікшілікпен айналысатын кәсіпкер келіп, жұмыс күшін қажет етеді де, әлгі баланы ертіп кетеді. Жас маман бірінші айда-ақ жақсы табыс тапқан соң, өзінің оқып жатқан кәсібіне деген қызығушылығы оянса керек. Осылайша, ұстазы шәкіртіне бұл мамандықтың қадірін ұқтырыпты. Мұндағы балалардың қайсыбірінің психикалық кемістігі бар. Олардың ауруы меңдеген кезде Күлмайраш Қадырәліқызы сияқты тәлімгерлер өз жұмыстарынан қорықпай, оларға көмектесудің жолдарын қарастырады. Еңбекпен ол балалардың көңілін аулап, өздерінің туған-туыстары мен тамыр-таныстарының аяқкиімдерін жөндеткізеді. Өздерін ортаға қажетті екенін сезініп, олар да мәз болады. Сондай-ақ, олар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мекемелерінен жөндеуге әкелінген аяқкиімдерді қолдарына алғанда бар ынта-жігерлерін салып, шын көңілдерімен қолғабыс жасауға тырысады. Олардың мейірбандығында, ақкөңілділігінде, жанашырлығында шек жоқ. Мұндағы жас жеткіншектердің қайсыбірі білімін әрі қарай жалғастыруды қалайды. Ондай мақсаты бар балаларды ұстаздары қуана қолдайды.

Күлмайраш Қасымованың етікшілік саласындағы еңбек өтілі – 42 жыл. Ондай майталман ұстаздар бұл комбинатта жетерлік. Оқушылар саны да жылдан-жылға ұлғаюда. Олар бұл кәсіптің ертеңгі күні нанын тауып жегізетінін, күнкөріс көзі болатынын жақсы түсінеді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp