«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІ – ӨНЕГЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жасы 85-тен асқан Еркежан апайдың өмірбаянын қысқа қайыра алмайсың, өрбітіп айтуға лайық. Себебі, ол аумалы-төкпелі заманның ауыртпалығын бір кісідей көріп қана емес, оның еңсе езер тауқыметін көтеріп, ащы дәмін татып өскен.

Еркежан Іргебаеваның кіндік кескен жері – Айыртау ауданындағы Сарысай ауылы. Қанды майдан қызу жүріп жатқан 1944 жылы ол Казгородок ауылындағы қазақ мектеп-интернатын бітіреді. Сол жылдар уылжыған жас буын оқушы қыздардың өзіне оңай соқпаған. Олар санаулы сағатта сабақтарын оқып үлгеріп, қалған уақытта майдан даласындағы жауынгерлерге жүннен жылы шұлық тоқып, сонда жіберіп отырған. Жаз шыға да дамыл таппай, егістік алқаптарға барып, оларды арамшөптен арылтуға араласқан.

– Біздің ұрпақтың басына түскен тауқымет аз емес. Жарқын жастығымыз сол соғыстың ауыртпалығын көтерумен өтсе, олай демеуге амал бар ма? Жастар оқуға ұмтылды. Бірақ, аштық, жалаңаштық кедергі болды. Кейде не үстіңе, не аяғыңа киетін киім болмайтыны жаныңа қатты бататын. Мектепте оқулықтар, оған қоса дәптердің өзі жетіспеді. Ескі газеттер мен кітаптарға жазуға, сияны күйеден жасауға тура келді. Бірақ біз ұнжырғамыз түсіп, мойымадық. Жеңісімізге сендік, содан оны өзімізше жақындатуға атсалыстық, – дейді ұлағатты ұстаз Еркежан Сейтімбетқызы.

Орта мектепті бітірген 44-ші жылы Еркежан апай қазақ тілі пәнінен сабақ беру үшін Никольск орта мектебіне жіберіледі. Осы құрметті мамандықты көңілі құлай қалап, ұстаздық жолды таңдайды. Жас мұғалімнің қалыптасуына мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Фаина Неустроева сынды адамгершілігі зор, ұлағатты, іскер ұстаз көп еңбек сіңіреді.

Соғыстың салған салдары ғой, сабақ кестесі жиі бұзылып, кейде жайына қалады. Мұғалімдер түске дейін сабақ берсе, түстен кейін түнгі сағат 12-ге дейін ұжымшардың қырманында жұмыс істеумен өткен. Міне, осында, Никольскіде Еркежан апай Жеңіс күнін қарсы алады. Мектеп линейкасы өткізілген кезде мұғалім демей, оқушы демей, бәрі бірін-бірі құшақтай құттықтап, көздеріне еріксіз жас алады. Бұл қуаныштың жасы еді.

1949 жылы Еркежан апай Құдабай есімді жігітпен көңілдері жарасып, бастарын қосады. Олар Мәдениет ауылындағы мектепте жұптарын жазбай 10 жыл қатарынан жемісті еңбек етеді. Сол жылдары екеуі Қарағанды педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. Алғашқы сәтте сессияға бірге барса, кейін қатарлары толығып, 5 айлық сәбилерін өздерімен бірге ала барады. Иә, өмір дегенің шын мәнінде осындай сәттерімен қызық қой.

Жас отау иелерінде үй де, пәтер де болмаған. Олар баспанамыз жоқ деп қамықпаған. Оны көп жағдайда ойларына да алмай, жұмысты бірінші кезекке қойған. Мұндай мүмкіндік оларға Сулыкөл ауылына қоныс аударғаннан кейін барып бір-ақ туған. Еркежан апай жұбайы Құдабаймен сол жерде тірліктері жараса 17 жыл тұрған. Орыс тілі сабағын жүргізген апайымыз оқушылар жүрегіне жол таба білген.

“Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға” деп осындай абзал жандарға арналып айтылса керек. Олай болса, Еркежан Сейтімбетқызы өмірінің 35 жылын ұстаздық қызметпен өткізген. Әлбетте, құрмет адамның атқарған жұмысына қарап көрсетіледі емес пе? Ұстаз омырауындағы 19 жасында алған 1941-1945 жылдардағы “Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін”, одан әрі “Еңбекте үздік шыққаны үшін”, “Еңбек ардагері”, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске арналған мерекелік медальдар, “Күміс алқа”, “Алтын алқа” және тағы басқа марапат – оның адал еңбегінің жемісі. Осылардың арасындағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан тапсырылған Құрмет грамотасы да ол үшін аса қымбат. Ардагердің наградаларының арасында Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучманың атынан тапсырылған медаль де бар.

“Бес баланың анасын жаным десең болмай ма, он баланың анасын ханым десең болмай ма?” деген сөздің түсіне білген адамға салмағы қандай десеңізші! Еркежан апайдың жұбайы Құдабай небары 58 жасында өмірден озған. Дегенмен, олардан туған 9 бала ешқандай қиындық көрмей өскен. Бұл жерде асыл ананың қабырғасын қайыстыратыны сол – Серік есімді ұлының бертінде қайтыс болуы. Басқалары дін аман. Құдайға шүкір, олардың қызметтері де, тәрбиелеп отырған балалары да бар.

Иә, өнегелі ісі абыройын асырған, елдің ертеңі болар талай ұрпақтың қияға қанат қақтырған Еркежан Іргебаева апайымыз осындай жан.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Е. Іргебаева.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp