«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРЛЫҚ КРЕДИТТІҢ КЕШЕУІЛДЕУІ АЛАҢДАТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында ауылдық кредиттік серіктестіктердің (АКС) қызметіндегі өзекті мәселелер жөнінде “дөңгелек үстел” өтті. Жиынды СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина қысқаша кіріспе сөзбен ашып, одан кейін сөйлеген “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ филиалының директоры Серік Ахметбеков қаржылық ұйымның ауылдық кредиттік серіктестіктермен бірлесе жүргізіп отырған жұмыстары туралы хабарлама жасады.

Онда айтылғанындай, “Қаз-Агро” ҰБХ” АҚ-ның еншілес құрылымы болып табылатын “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ-ы ауылдықтарға өзінің қаржылық бағдарламаларымен және екінші деңгейлі банктер арқылы қолжетімді кредиттеу баламасымен белгілі. Ол кредиттік серіктестіктер жүйелері арқылы ауыл шаруашылығы өндірісі мен өнеркәсібін, қайта өңделетін ауыл шаруашылығы өнімдерін кредиттеу бағдарламасын жүзеге асырады. Кредиттік серіктестіктерді несиелеу негізгі қорлар сатып алуға, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге кредиттік серіктестіктер қатысушыларын одан әрі қаржыландыру мақсатында беріледі.

– Бүгінде облысымызда жарғылық қоры 530 млн. теңгеден асатын 13 ауылдық кредиттік серіктестік жұмыс істейді. Олардың қатысушыларының 9 жыл мерзімге дейін өсімі 8-9 пайыздық кредит алуға мүмкіндіктері бар. АКС құрамына 450-ден астам кәсіпкер енеді, оларға 2013 жылы 4 млрд. теңгенің үстінде кредиттік қаржы берілді, ал биылғы жыл басынан босатылғаны – 470 млн. теңге ғана. Оның басты себебі, кредиттеу қаржысының бұрынғыдай республикалық бюджеттен емес, Ұлттық қордан түсетіні болса, ол осы жылғы 6 қаңтардан бері қолға тимей отыр, – деді Серік Мәркенұлы.

Сонымен бірге, ол АКС-тер жұмысында бүгінде көңіл аударарлықтай бірқатар проблемалық мәселелер барына тоқталды. Оның ішінде кредиттер бойынша пайыздық ставкасының көтерілуі ауылдықтарға оңай тиіп отырған жоқ. Мысалы, ол былтырғы 4 пайыздан 5,2 пайызға өсті. Ал оның жылдық қорытынды өсімінде 8-9 пайызға жетуі мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Яғни, ол ауылдағы шағын және орта бизнестің қаржыландыру мүмкіндігін кемітеді және кредиттік серіктестік жүйесінің клиенттерін азайтады. Хабарламашы, сондай-ақ, өтінімдерді қарау мерзімінің ұзақтығына, кредиттер рәсімдеген кезде құжаттардың өте көптігіне байланысты және кредиттік серіктестіктердің ұйымдық мәселелерінде көптеген кемшілік барын айтты.

Осындай проблемалық мәселелер одан кейін сөйлеген АКС төрағаларының сөздерінде де баяндалып, “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ филиалының атына орынды сын-ескертпелер айтылды. Айталық, Қызылжар ауданындағы “Есіл” КС ЖШС-нің төрайымы Шынар Біләлова корпорацияның бұрынғыдай серіктес емес, бүгінде басқарушы органға айналғанын, кредиттік серіктестіктерге екінші деңгейлі банктерге қойылар талаптың қойылмауы керектігін, әлі бірыңғай автоматтандырылған жүйе жоқтығын сынады.

– Проблемалар көп, оның негізгісі қаржыландыру көзінің тоқтап қалғаны болып отыр. Ұлттық қордың қаржысын күтіп жүргенде көктемгі егіс те келіп қалды. Бұл ауылдағы шағын бизнеске ауыр соққы болары сөзсіз. Алдағы айға жетпес уақыттың ішінде ол қолға тие қойса жақсы, ал тимесе ше? Шағын шаруа қожалықтарының күні не болады, оларға қалай демеуқаржы бере аламыз? Дабыл қақпасақ болмайды, – деді Мамлют ауданындағы “Талапкер” КС ЖШС-нің төрайымы Сәуле Жүсіпова.

Одан кейін өз пікірлерін білдірген Уәлиханов ауданындағы “Қызылту” КС ЖШС-нің төрайымы Сәуле Бекбаева мен “Тайынша Агрофинанс” КС ЖШС-нің төрағасы Анатолий Охотников те көктемгі егісті қаржыландыру мәселесін шұғыл шешу қажеттігін айтты. Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері палатасындағы “дөңгелек үстелді” бейнебайланыс арқылы тыңдап отырған “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ-ы директорының орынбасары Айгүл Мұхамедиева ондағы көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, ауылдық кредиттік серіктестіктерге жуырда қаржы бөліне бастайтынын жеткізді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp