Ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігін сүттей ұйыған қалпында сақтап отырған Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас жағдайын бүгінде дүниежүзінің жұртшылығы мойындап отыр. Ал сан алуан этностардан, тілі, діні мен ділі әрқилы халықтардан құралған ынтымағы жарасқан Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды элементі Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады.
1995 жылдың 1 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ассамблея еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырғанын уақыт дәлелдеді. Өз жұмысын бастаған уақыттан осы күнге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаты мен міндетін айқындай отырып, 20 рет сессия өткізді. Ел Президентінің төрағалығымен өткен сессиялардың тақырыптары әртүрлі болғанымен, мақсаты бір: ол ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтай отыра, әр азаматты еліміздің дамуына өз үлесін қосуға ынталандыру болып табылады. Ал сәуірдің 18-і күні Астана қаласында өткелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті” тақырыбы қозғалмақ.
Түрлі ұлт өкілдерінің мекеніне айналған Солтүстік Қазақстан облысында да конфессияаралық келісім саясатына ерекше көңіл бөлінетіні қуантады. Өңірімізді мекендейтін этностардың өкілдері облыстық ассамблеядағы 22 этномәдени бірлестікке топтасып отыр. Ал аудандардағы мұндай ұйымдар саны – 95.
Көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанған Қазақстанда әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүрін көркейтудің мүмкіншілігі мол. Ұлттық мәдениетті, өнер мен салт-дәстүрлерді ұлықтайтын ұйымдар мемлекеттік мерекелерді сән-салтанатымен атап өтуді игі дәстүрге айналдырған. Елдің саяси өміріне де белсене қатысатын ассамблея мүшелері “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру және қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың инновациялық жобасы аясында жұмыс істеуде.
Сонымен бірге, Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға толеранттылыққа тәрбиелеумен сабақтас. Бүгінде өңірімізде 118 діни ұйым жұмыс істейді. Облыс аумағында 82 мешіт, 40 православиелік шіркеу, 44 рим-католиктік, 51 протестанттық мінә-жатхана бар.
Жастардың басын біріктірген “Бірлік” этномәдени бірлестігі – облыстық ассамблеяға кейін қосылған соны леп. 2012 жылдың қараша айында тіркеліп, өз жұмысын бастаған ұйымға Найра Заргарян есімді белсенді жастарымыздың бірі жетекшілік жасайды. Бірлік дегеніміз – бір ел, бір мемлекет, бір мәдениет, бір мақсат, ортақ құндылықтар мен мүдделер. Ел Тәуелсіздігі жылдарында біз ұлттық бірлікке қол жеткіздік. Енді оны сақтап, нығайта түсуге атсалысу “Бірлік” жастар ұйымының басты бағдары болып отыр. Құрылған уақыттан бері облыстық ассамблея ұйымдастыратын барлық шараларға белсене қатысып келе жатқан ұйым мүшелері алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Мария ЧЕРНЫШЕВА,
“Бірлік” жастар бірлестігінің мүшесі.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.