Облыстың әкімшілік полицейлері 1 сәуірде республика бойынша басталған “Назар аударыңыз: бағдаршам!” кең ауқымды алдын алу іс-шарасының аясында жұмыс атқаруда.
Облыстық Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Рахымжановтың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты – көлік жүргізушілердің қозғалыс ережелерін сақтауын, жаяу жүргіншілердің жолдан өтуін қадағалау. Аталмыш акция үш кезеңде өтеді. “Көлік жүргізуші – жаяу адам”, “Сіздің жолаушыңыз – бала!”, “Сау жүргізуші” деп аталатын акцияның әр кезеңі он күнге созылады.
Акция барысында әкімшілік полицияның жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне көшті. Іс-шара басталғалы 6 күнде жол жүру ережесін бұзған 1630 оқиға тіркелді. Оның ішіндегі 1011-і – өрескел ереже бұзу. Мас күйінде 32 көлік жүргізуші ұсталды. Жылдамдықты асырған 226 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілерге 10 жүргізуші жол бермеген. Қауіпсіздік белдіктерін тақпағандар саны – 299 адам. Жол жүріп келе жатып, 188 жүргізуші ұялы телефонмен сөйлескен.
Жол жүру ережесін жүргізушілер ғана емес, сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің өздері бұзады. Аталмыш ережені бұзған 241 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылды. Жол жүретін жаққа күл-қоқыс лақтырған 64 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Аталмыш шара сәуірдің 30-ына дейін жалғаспақ.
Әбілсейіт ЖОЛАУШИН,
СҚО ІІД-нің Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы.