«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРІСТЕН БАС ТАРТПАУҒА ШАҚЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығында баспасөз-конференциясы өтті. Оған өңірлік емдеу мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады”, – деп алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға баса назар аударған болатын. “Саламатты Қазақстан – 2015” мемлекеттік бағдарламасының аясында скринингтік тексерістер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні қарсаңында облысымызда 12 наурыздан бастап “Денсаулыққа 7 қадам” марафоны жалғасуда. Онда облыс тұрғындары бойын, салмағын, қан қысымын өлшеп, қан құрамын, холестерин мөлшерін жылдам анықтай алады. Мұндай шаралар халықты денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады деген сенімдеміз, – деді орталық директоры Мұрат Шахабаев.

Биылғы жыл өңірімізде облыс әкімінің ұйғарымымен “Денсаулық жылы” деп жарияланды. Ал Дүниежүзілік денсаулық күні биыл “Ұзақ өмір сүру – өз қолыңда” деген ұранмен өткізілуде.

Баспасөз конференциясына жиналған ақ халатты абзал жандар елімізде әлеуметтік маңызы бар ауру-сырқаулардың өңірдегі жағдайы жайында сөз қозғады. Өткен жылы өңірімізде 98 мыңға жуық адам скринингтік тексеріске қатысқан. Мақсат – онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім-жітімді азайту.

Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Балжан Дәулетбекованың айтуынша, скринингтік тексерістердің арқасында обыр ауруын ерте кезден анықтау оқиғалары жиі тіркеліп келеді. Былтырғы жылы сүт безі қатерлі ісігі диагнозы 41 нәзік жандарға қойылса, оның 3-уінде ғана дерт асқынған болып шықты. Сол сияқты, тоқ ішектегі қатерлі ісік белгілері 33 солтүстікқазақстандық тұрғында анықталған. Оның ішіндегі 6 науқаста ауру дендеген. Биылғы жылдан бастап тегін өткізілетін скринингтік тексерістер тізіміне асқазан, өңеш, еркектік без және бауыр қатерлі ісігі кірген. Бұл да өз алдына онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткішін әлдеқайда азайтады, деді Балжан Есенбайқызы.

Қатерлі ісікке қарағанда туберкулезден болған өлім-жітім саны бойынша облысымыз республикалық көрсеткіштерден әлдеқайда төмен екен. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Павел Соболевский туберкулезге әлеуметтік фактордың тікелей әсері болғандықтан, көрсеткіштердің жақсаруы облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғанынан хабар береді, деген пікірде. ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Любовь Бунина да СПИД дертінің туберкулез сырқаты сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жататындығын айтады. Қазіргі таңда бұл орталықта 600-ге жуық жерлесіміз есепте тұр екен.

Ал облыстық наркологиялық диспансерде 8 мыңнан астам адам тиісті ем-дом қабылдап, дәрігерлердің тізімінде тұр. Бұл да мәселенің әлі де өзектілігінің жойылмағандығын көрсетеді.

Дәрігерлердің барлығы да тұрғындарды өз денсаулықтарына деген жауапкершілікті күшейтуге шақырды. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханаға барып, скринингтік тексерістерден жүйелі түрде өтуді сұрады. Дәрігерлер скринингтік тексерістердің барлығы тегін екендігін тағы бір еске салып өтті.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp