Айыртау аудандық әкімдігі мен “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғат паркі Имантау көлінің жағалауында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында балық аулаудан жарыс ұйымдастырды.
Сайысқа әрқайсысы 5 адамнан құралған 13 команда қатысты. Оларды Айыртау ауданының әкімі, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының төрағасы Ағзам Тастеміров, “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директорының орынбасары Әлібек Көкішев құттықтады.
Балықшылар жарысқа бөлінген үш сағаттың көзді ашып-жұмғанша өте шыққанын байқамай да қалды. Командалық есепте “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалының сайыскерлері 204 балық ұстап, ІІІ орынға қол жеткізсе, 209 балық аулаған Гусаковка ауылдық округінің командасы ІІ орынды еншіледі. Олардан екі балық артық аулаған “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Айыртау филиалының қатысушылары жеңімпаз атанды.
Жекелей есепте 123 балық аулаған Арықбалық орман шаруашылығының өкілі Виталий Чернявскийдің мерейі үстем болды. Жарыстың барлық жеңімпаздары арнайы дипломдармен, медальдермен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, қазылар алқасының шешімімен жарыстың ең қарт балықшысы, Володар ауылдық округінің 61 жастағы тұрғыны Алексей Махнорылов пен ең жас (8 жаста) әуесқой Аят Тастеміровке арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.