«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА БАС ЖОСПАР жөнсіздіктерге жол бермейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан-Петропавл” телеарнасында облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затайдың қатысуымен облыс орталығындағы құрылыстың жағдайына арналған баспасөз конференциясы өтті.

– Бүгінде облысымыздағы тұрғындар саны 5 мың адамнан асатын барлық елді мекендер мемлекеттік бағдарламалар аясындағы құрылыс жобаларын жүзеге асыру үшін тиісті қала құрылысы құжаттарымен қамтамасыз етілген. Олар тұрғындарға әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету нысандарын, сондай-ақ, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша жоспарланған құрылыс нысандарын тиімді түрде орналастыруға және аумақтарды көркейту мен көгалдандыру жөніндегі жұмысты күні бұрын қарастыруға мүмкіндік береді, – деді Валерий Затай.

Басқарма басшысының айтуынша, Петропавл қаласының Бас жоспарына түзету енгізіледі. Өйткені, қазіргі қолданыстағы Бас жоспардың есепті жүзеге асырылу мерзімі осы жылы аяқталады. Соған байланысты қаланың ұзақ-мерзімдік даму болжамының тұжырымдамасы жасалуда.

Сәулет және қала құрылысы басқармасы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрақты негізде “Береке” және “Жас өркен” тұрғын үй аймақтарының жоспарлау жобаларының сапалы жүзеге асырылуына бақылау жасауда. “Береке” тұрғын үй аймағында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша бірінші кезекте тұрғызылатын көп қабатты тұрғын үйлер алаңдары белгіленіп, олар жуырда өңірімізде болған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке таныстырылды.

Басқарма басшысы сәулет және қала құрылысы жұмыстарына байланысты жоспарланған бірқатар көркейту іс-шараларына да тоқталды. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы “Береке” шағынауданының Досмұхамбетов және Радищев көшелерімен шектесетін Ухабов көшесінің бойындағы желекжол көркейтілді. “Жас өркен” шағынауданын жоспарлау жобасына сәйкес басқарманың бақылауында ДСР-дан Партизан көшесіне дейінгі Жамбыл көшесінің қос қапталында жүргізілетін құрылыс жобасы жасалды. Олардың қатарында өткен жылы қала құрылысы кеңесінде жобасы мақұлданған мұз айдыны мен жеңіл атлетикалық манежі бар Спорт сарайының құрылысы.

Баспасөз конференциясының барысында басқарма басшысы ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді. “Квартал” газетінің тілшісі Елена Кузнецова Петропавлдың “Береке” шағынауданында тұрғызылып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің маңында жол жоқтығының және Қызылжар ауданындағы “Жасыл аймақ” ағаштарының кесілуі себептерін сұрады. Оған берілген жауапта мектеп төңірегін көркейтудің құрылыс жобасында қарастырылғаны, соған сәйкес Ухабов көшесінен мектепке дейін жаяу жүргіншілер аймағы жасалатыны және көлік жүретін жолдардың да түзетілетіні айтылды. Ал ағаш кесуге қатысты жауапта бұл өрескел әрекеттің тоқтатылғаны, қаланың жаңа Бас жоспарында енді мұндай оспадарлыққа жол берілмейтіні сөз болды. Республикалық “Экспресс-К” газетінің тілшісі Елена Чернышова қаланың орталық алаңындағы “сақалды” құрылыс – Мәдени орталықтың жайын сұрады. Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс нысанының иелеріне ескертпе беріліп, олардан оның құрылысын аяқтау немесе орнын тазартып беру талап етілуде. Болмаса мәселені сот арқылы шешуден басқа амал жоқ.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp