Ғарыштық зерттеулер бойынша “Ғылым әлемін ашамыз” атты X халықаралық ғылыми сайысқа қатысқан солтүстікқазақстандық оқушылар 1 алтын, 1күміс, 5 қола медальге ие болды.
Сайысқа 14-17 жас аралығындағы қазақстандық және шетел оқушылары қатысты.
– Сайысқа қатысушылар өңірлік, іріктеу кезеңдерінен өтіп, ақтық сынға түсті. Ғылыми сайыстың қорытынды кезеңіне өткендері 9 секцияға бөлінді. Соның алтауында біздің облыстан барған 16 оқушы бақ сынады. Жалпы, 650-ге жуық сайыскер болды, – дейді робот техникасы үйірмесінің жетекшісі Данияр Уәлиев.
Данияр Серікұлының айтуынша, Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы мен №5 орта мектептің 11-сынып оқушылары Батыржан Нүрпейісов пен Максим Черных бірлесіп қорғаған “Ғарыш аппараттары” 1-орынға лайық деп танылып, олар алтын медаль иеленді.
“Күн жүйесі” тақырыбында зерттеу жүргізген әл-Фараби мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Бақтияр Есентаевтың еңбегі күміс медальға бағаланды.
Қызылжар ауданындағы Озерный орта мектебінің 9-сынып оқушысы Салтанат Құлжанова “Энергетика” тақырыбы бойынша зерттеу жүргізіп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің атынан “Ауылдық үздік оқушы” аталымы бойынша мақтау қағазын алды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген ТалғатТӘНІБАЕВ.